Орталық сайлау комиссиясы 4 желтоқсанда алдағы сайлау процесін бақылайтын – бақылаушыларға қатысты қаулы шығарды.
Мәселен қаулыда: «Азаматтардың саяси ерік-жігерін білдіру және өкілді органдарды құруға қатысу үшін құрылатын саяси партияны қоспағанда, сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі, сайлауды байқау үшін адамдарды жіберуді қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғысында көзделуге тиіс.
Бұл ретте сайлауды байқау үшін адамдарды жіберетін субъектінің қызметі оны құру мақсаттарына сәйкес келуге тиіс, өйткені Азаматтық кодексте (41, 106, 107-баптар) олардың құрылтай құжаттарында нысанасы мен мақсатын көрсетудің міндеттілігі туралы нормалар көзделген.
Осылайша, коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде қоғамдық бірлестіктердің жарғыларында заңмен тыйым салынбаған басқа қызметті көрсету кез келген қызмет түрімен айналысу мүмкіндігін білдірмейді. Мұндай ұйымдар қызметінің мәні олардың қол жеткізуі үшін құрылған мақсаттарымен байланысты. Демек, ұйымдар азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға және қорғауға қатысты жарғылық мақсатына сәйкес келетін жағдайда адамдарды сайлауды байқауға жібере алады.» делінген. Яғни, ұйымның жарғысында сайлауды бақылау және сайлауға бақылаушылар жіберу туралы жазылмаған болса, ондай ұйым сайлауды бақылай алмайды, бақылаушы жібере алмайды.
Сондай-ақ ОСК-ның қаулысында сайлау учаскесінде азаматтарға фото/видеоға түсіруге шектеу қойылған. ОСК Конституцияның бірнеше баптарын және өзгеде заңдардың тармақтарын алға тарта келіп: «Баяндалғандардан фото- және бейнежазбаны жүзеге асыру дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып, адамдарды тиісті хабардар еткен кезде ғана жүргізілуге тиіс екені және азаматтардың бейнесін олардың келісімін алғаннан кейін пайдалануға болатыны туындайды» дейді. Яғни, сайлау процесі барысынан фото/видео түсіру үшін адамның келісім алу шарт және жариялау үшін де түсірілген адамның келісімі болу керек.
Оған қоса ОСК қаулысы фот/видео жоғарыдағы талаптарды сақтамай түсіру «Байқаушы жүргізген фото-, дыбыс- және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін» деп ескертеді.
Және де «Байқаушының функциясы – дауыс беру күні нақты сайлау учаскесінде сайлауды байқау. Сайлау барысын жариялау және тарату бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы болып табылады» делінген қаулыда.
Біз хабарласқан сарапшылар ОСК бұрынғы сайлауларда қолданыста бар заңдарды алға тартып, мұндай қаулы шығармағанын айтады. Журналист, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетованың айтуынша, көптеген сайлау процестерін бақылап келе жатқан кейбір бақылаушы ұйымдарға қараша айында салық мекемелері тарапынан түрлі ескертулер түскен.
Былтыры өткен президент сайлауы кезінде бақылаушылар белсенділігі өте жоғары болды. Олар сайлау барысынан көптеген құқық бұзушылықтарды фото/видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялады. Ол өз кезегінде әлеуметтік желі қолданушылар арасында қызу талқыланды.
ОСК қаулысы биліктің президент сайлауы кезіндегі бақылаушылардың белсенділігін бәсеңдету үшін жасалып отырған қадамы сыңайлы.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024