Сапарбаев уәдесін орындамады.
Сапарбаев уәдесін орындамады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде Тараз қаласынан Алаш мұражайы ашылады деп уәде берген болатын. Әкім есебінен кейін арада аттай алты ай өтті. Алайда Алаш мұражайы да, әкімнің уәдесі де жұрт есінен ұмыт қалды.
Жыл сайын әр түрлі деңгейдегі әкімдердің әдемі баяндама жасап, уәдені үйіп-төгетіні көпшілікке белгілі. Әйтсе де, халыққа есеп беру кездесуде айтылған уәделердің көпшілігі айтылған жерде қалып қоятыны жасырын емес. Мәселен жыл басында Бердібек Мәшбекұлы облыс орталығынан Алаш мұражайы ашылады деп сүйінші сұраған болатын. Бұл ақжолтай жаңалық өңірден асып, республикалық деңгейде тараған соң зиялы қауым өкілдері «Бәрекелді» деп қуанып қалған еді. Өкінішке қарай әкім өзі берген уәдесін орындауға құлықты емес тәрізді.
Облыс әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, Алаш мұражайы қаражатқа байланысты тоқтап тұр.
«Әу баста Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштерінің артынан екі-үш нысан ашу жоспарда болған. Кейін Үкіметтің отырысында «Қаржыны үнемдеу керек» деп айтылғаннан кейін біраз жобалар тоқтады. Соның ішінде мұражайдың құрылысы да кіреді. Бірақ мұражайдың барлық макеттері мен сызбаларын даярлап қойдық. Жалпы біздің міндет ішкі жабдықтарын реттестіріп қою болатын. «Руханият» орталығы архив, музей арқылы тарихи материалдарды әлі де жинақтап жатыр. Ал құрылыстың құнына келер болсақ, қаржы туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Нысанның қаржысына байланысты сұрақ Құрылыс басқармасының құзырында боғандықтан біз ақшаға жауап бере алмаймыз», – дейді ол.
Қысқасы биылғы жоспарда Алаш мұражайын ашу мүлде қарастырылып отырған жоқ. Ендеше әкім өз есебінде «Алаш мұражайы ашылады» деп неге халыққа уәде берді?
Мұның себебі Бердібек Мәшбекұлының экс-әкімнің идеясын іске асыруға жүрдім-бардым қарағанында болса керек. Өйткені әу баста Алаш мұражайын ашу Асқар Мырзахметовтың идеясы болатын. Экс-әкімнің кезінде «Мамыр саябағынан Алаш мұражайы ашылады екен» деген әңгіме шыққан. Міне осы себептен Бердібек Сапарбаев экс-әкімнің бастамасын жүзеге асыруға құлықты болмаған тәрізді. Әйтпесе «кризис менеджер» деген атағы бар әкім Үкіметтің «Қаржыны үнемдеу керек» деп талабын бұзып-жарар еді ғой. Бұл бір.
Екіншіден, әкім өз есебінде алдағы бір жылда атқаратын жұмыстарына ғана уәде беруі керек. Биыл мұражайдың ашылатынына сенімді болмаса облыс әкімі халыққа есеп беруінде Алаш мұражайы туралы неге айтты? Біздің ойымызша, Бердібек Сапарбаев Асқар Мырзахметов дайындаған баяндаманы оқып бере салған тәрізді болып көрінеді. Себебі 10 ақпан күні Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Ал 19 ақпанда алғаш рет өңір басшысы ретінде халықпен есеп беру кездесуін өткізді. Бұл Қордай ауданындағы дүнген дүрбелеңінен кейін әкімнің есеп беру кездесуге тыңғылықты даяндалмағанын көрсетеді.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің жаңа тәртібін бекітті. Жаңа тәртіп Бердібек Сапарбаев сияқты әкімдердің өзі берген уәдесін орындауға міндеттей ала ма? Өйткені осы уақытқа дейін бірде бір әкімнің «Былтыр берген уәдем мына себептен іске аспады» деп айтқанын кездестірмедік. Демек әкімдердің өзі берген уәдесін орындау тетіктерін арттыру керек секілді. Әйтпесе Алаш мұражайы ашылады деп сүйінші сұрап, арты сиырқұйымшақталып кететін уәделер көбеймесе азаймайын деп тұр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk