Қазақстанда 6 қазан күні АЭС бойынша республикалық референдум өтеді. Референдум қарсаңында Мәжіліс депутаттары бұл жобаға Ресейдің қатысы болмайтынына халықты сендіріп отыр. Атап айтсақ, депутат Мақсат Толықбай әлеуметтік желідегі парақшасында: «АЭС-ті Ресей салмайды. Оған ешкім мүмкіндік бермейді. Олар реакторларын сыртқа шығара алмайды. Онсыз да санкцияның астында» деп, мәлімдеді. Arasha сайты энергетика саласының мамандарымен сөйлескенде, іс жүзінде бұл жобаны Ресей мен Қытай салады деген ақпарат айтылды. Әу бастан Ресейден бастау алған жоба Қазақстанды экономикалық тұрғыдан тақырға отырғыза ма? Адам өмірі үшін аса қауіпті радиактивті қалдықтарды қайда сақтайды? «Росатом» компаниясы Түркияда салып жатқан атом станциясының қандай шикіліктері бар?
Энергетика сарапшысы, экономист Әсет НаурызбаевҚазақстанда АЭС салынуына қарсысарапшылардың бірі де бірегейі.
Атом станциясын ресейлік компания салмайды деу сенімсіздеу сценарий. Себебі бұл жобаны Қазақстанға ресейлік «Росатом» компаниясы әкелді. Бұдан кейінгі әбігер 2019 жылы Тоқаев Мәскеуге барған соң басталды. Сондықтан түрлі шекарааралық кездесулерде бұл мәселе ылғи күн тәртібіне шығып тұрады. Әрине бұл Ресейдің бастамасы болған соң, ол бұл жобадан бас тартпайды. Бірақ екінші мәселе санкциялардың пайда болуы. Бұл тұрғыдан ядролық реактор Ресейде жасалып, ал энергетикалық бөлігі, автоматика мен басқа да құрылғылары Қытайда құрастырылуы мүмкін. Осындай симбиоз ретінде жүзеге асуы ықтимал. Сондықтан дәл қазір «Kazatomprom» компаниясында осындай нұсқа туралы әңгімелер айтылып жатқан болуы мүмкін. Яғни, мұндай жобаны санкциялар енгізілген күннің өзінде «Росатом» жүзеге асыруы ықтимал, – дейді маман. Сарапшының ойынша, мұндай жағдайда екінші деңгейлі санкциялар «Росатоммен» жұмыс істейтін барлық компанияларға салынуы мүмкін.
«Ал бұл дегеніңіз жоба жабылады деген сөз. Себебі бұл жобада байытылған уран да, реактор да Ресейден әкеленеді деп жоспарланып отыр. Мұндай жағдайда біз жобаға жұмсаған қаржының бәрін жоғалтамыз. Яғни, санкцияның аяқталуына дейін бұл қаржы бұғатталады. Ал санкцияның ондаған жылдарға созылатынын ескерсек, құйылған инвестиция жоғалады. Мұндай қатердің барын біздің үкімет мүлдем айтпайды. Сол себептен мен атом станциясына қарсымын» дейді экономист.
Сарапшыларды толғандырып отырған үлкен мәселе АЭС-ті салуға жұмсалатын қаржы мен оған төленетін жыл сайынғы төлемнің шектен тыс көптігі. Ашық дерек көздеріне сенсек, атом станциясының құрылысына шамамен 10-15 млрд долларға дейін жұмсалуы мүмкін. Ал мұндай қыруар қаржыны қайдан аламыз? Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жаңадан құрылған кәсіпкерлер альянсы атом станциясына кететін қаржыны БЖЗҚ-ның ұзақмерімді үнемдеу есебінен қамтамасыз етуді ұсынған еді. Десе де құзырлы органдар сырттан инвестиция тартылатынын жоққа шығармайды.
Әсет Наурызбаев бұл жобаның еліміз үшін тым қымбатқа түсетінін алға тартады.
Тіпті, Қазақстанның жағдайында АЭС энергиясының құны қайта қалпына келтірілетін энергиядан 6 есеге көп! Бізде қайта қалпына келтірілетін энергия бойынша аукциондар өтеді, соңғы аукционда энергия бағасы 1 кВт/сағ 9 теңгеге дейін құлады. Бұл нақты бағасы. Ал қазақтың АЭС-не келсек, сандардың көбі ойдан құрастырылған сияқты. Екінші нақты санды да білеміз ғой. Мәселен, «Аққұю» АЭС-нің келісімшартында (Түркияның алғашқы АЭС-i) бекітілген құны баршаға мәлім. Оған біздің блогерлерді ресейлік жобаны мақтау үшін апарып жүр ғой. Ол жақтағы баға небары 12,35 цент, бұл дегеніңіз 1 кВт/сағ 60 теңге деген сөз. Яғни, салыстырсаңыз, бұл жерде төлем алты есеге көп» дейді. Сарапшының айтуынша, бұдан бөлек АЭС іске қосылса, елімізде жылына 750 млрд теңгеге дейін артық шығын болады.
Түркияда тұратын журналист Әсел Қайролла Мерсин аймағында «Росатом» компаниясы салып жатқан Аққұю атом электр станциясына халықтың пікірі екіұдай дейді.
Құрылыс біткен соң станцияны Ресей басқарады, ал өндірілетін энергияның бір бөлігін Түркия сатып алуға міндеттелген. Яғни, келісімге сәйкес станция иесі Ресей болып қалады. Ал 2040 жылдардан бастап Түркия станцияның 49%-ын сатып алу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарланған. Яғни, жобаның жер иесінің меншігіне өтуі тек шартты түрде жүзеге асуы мүмкін, – дейді, журналист.
Оның айтуынша, Түркияда ядролық ғылым мен экология саласының маманы, ғалым Хайреддин Қылыштың өзі бұл жобаға қарсы екен.
Профессордың пікірінше, жаңа буын станцияларда ядролық реакция қағидаттарында ешқандай өзгеріс жоқ, яғни «жаңа буын ядролық тізбекті реакциясы» ойлап табылған жоқ. Сонымен қатар, ядролық станциялардың барлық механизмдерінің тек 10%-ы ғана ядролық физикамен байланысты. Қазір реакторлардың жаңа буын деп саналуының себебі басқа инженерлік салаларда (электр, машина жасау, құрылыс, металлургия, химия және т.б.) болған өзгерістерге байланысты. Мысалы, соңғы ғасырда болған жетістіктерден кейін экологиялық талаптар да ескеріле бастады. Станциялардың жұмыс істеуі мен басқарылуына қатысты көптеген процесстер цифрландырылды. Көптеген жаңа авариялық салқындату жүйелері әзірленді. Алайда бұл жүйелердің көбі әлі де симуляция кезеңінде. Бір станцияның екіншісіне қарағанда жүз есе қауіпсіз екенін айту компьютерде оңай, бірақ бұл болжамдар практикалық қолдануға өтпей тұрып жасалмайды. Ресейдің Аққұюға орнатқысы келетін станциясы да әлі де симуляция кезеңінде, – дейді.
Сарапшылар Қазақстанда ешқандай да электр энергиясының дефициті болмайды деген пікірде, керісінше, еліміздің оңтүстігінде салынып жатқан 4 ГРЭС-тің арқасында профицит болуы ықтимал. Экономист, энергетика маманы Әсет Наурызбаев түйткілді мәселені шешу үшін, біріншіден, Энергетика министрлігі нарықтық баға қалыптастырып, баға қалыптастырушы ашық бұқаралық әдістер мен бәсекелестікке жол ашуы керек дейді. Екіншіден, қазір жарықтың бір кВт сағатына жақсы баға берілсе, Жамбыл ГРЭСі іске қосылатынын еске салады.
Бұл біздің оңтүстіктегі ең ірі станциялардың бірі. Ескі болса да, бұл станция өз уақытын күтіп тұр. Ол жақта газды экспорттық бағамен алған соң, бағасы да жоғары болады. Бірақ оған жақсы баға берілсе, Ресейге ешқандай тәуелділік болмас еді. Егер мәселе осыған тірелсе, Жамбыл ГРЭС-ін неге қоспасқа? Ал нарық жағынан алсақ, әрине Жамбыл ГРЭС-ін қымбат бағамен көтерудің қажеті жоқ. Бірақ ауа-райына байланысты, қыста температура тым төмен түсіп кеткенде, оның жоғары бағамен талай іске қосылғаны ел есінде ғой, – дейді.
Мамандар Балқаш көлі Арал тағдырын қайталай ма деп қорқады. Оның үстіне радиактивті қалдықтарды сақтау мәселесі де аса өзекті.
Ядролық отын туралы қауесет көп. Табиғатта мәңгілік жұмыс істейтін отын жоқ. Ал олардың айтып жүрген «тұйықталған цикл» дегеніміз шынайы реакциялар кезінде өртенбеген уранды қайта өңдеу, ал бұл тағы да радиактивті қалдықтарды қалдырады. Бұлар да радиактивті элемент, олармен де бірдеңе істеу керек. Ешбір мемлекет радиактивті қалдықтардың мәселесін шеше алмай отыр. Олар қатты қорғалған жерлерде сақталады, себебі адам өміріне аса қауіпті. Ал қайта қалпына келетін энергиямен жұмыс экономикалық мәселе, олардан қалған қалдық адам өміріне қауіп төндірмейді. Олар ашық аспан астында жата береді. Ядролық қалдықтармен салыстыруға да келмейді. Бұлар ұқсас қалдықтар деу үлкен өтірік. Ядролық қалдықтар адамның өліміне себепші болады деп түйіндейді Әсет Наурызбаев.
Еліміздің бас экологы Мэлс Елеусізов те АЭС-тің салынуына қарсы. «Мен 20 жылдан бері бұл мәселені көтеріп келемін. АЭС-ті таза энергия көзі деп жүр ғой, ол ешқандай да таза емес! Уранды өндіруден бастап ауаға шаң көтеріледі. Оны байыту тағы бар. АЭС дегеніміз үлкен қазандық, оны ылғи суытып отыру керек. Өйткені оның ішінде сұмдық температура бар. Энергияны шығарғаннан кейін қайнаған суды суыту керек. Бұрын Чернобыльде Припять деген қала болған. Онда жылы суды пайдаланған. Ал Үлкен ауылында ондай әдіс жоқ, Балқашқа апарады да құяды. Оны Балқаштың суымен суытамыз. Ал Балқаш көлінің өзі құрып барады. Балқашты сақтауды бұрыннан көтеріп жүрмін ғой. Егер суға бір градусты қосса, бітті, судағы жәндіктердің бәрі қырылып қалады» дейді эколог.
Маманның айтуынша, радиактивті қалдықтар мыңдаған жыл сақталады. Оларды әртүрлі темірге салып жерге көмеді. Аздан кейін ол жердің өзі жарамсыз боп қалады.
Атом станциясының өзі өте қауіпті. Чернобыль, Фукусимадан бөлек, Америкада ірі апат болған. Ең қызығы, 20 жыл бұрын АЭС-ті 1 млрд долларға үш-төрт жылда саламыз деген, ал қазір 15 млрд долларға 15 жылда саламыз дейді. Ал бұл уақыт аралығында не болады, оны ешкім білмейді. Бұл кезде оның ақшасы ұрланып кетпей ме? Коррупциялық тәуекелі жоғары жоба сияқты. Референдумды өткізсе де, бұл мәселені көтеруді тоқтатпауымыз керек. Сондықтан референдумға барып, өз ұстанымымызды білдіруіміз керек, – деп аяқтайды Мэлс Елеусізов.
Кәмшат Тасболат, arasha