23-01-19 |
7090 рет қаралған
Қазақтан қалыңдық іздеген шетелдіктерге қалың мал төлету керек пе?.
Қазақтан қалыңдық іздеген шетелдіктерге қалың мал төлету керек пе?

Қазақта «қыз – жат жұрттық» деген бар. Алайда, ата-бабамыз бұл сөзді айтқанда шет мемлекеттік дегенді меңземеген болар. Сонау тоқсаныншы жылдары Қазақстанның өзге аймағына тұрмысқа шыққан қыз Қиыр Шығысқа кеткендей көрініп тұратын. Ал, қазір ше, қаракөздеріміздің шетелдікке күйеуге шығуы таңсық болмай қалды. Махаббат жасқа ғана емес, ұлтқа, мемлекетке де қарамайды екен. Егер, себепші расымен тек қана махаббат болса. Оның үстіне, бәрін құқықтық қалыпқа салатын бүгінгі қоғамда нәзік жандыларымыз кімнің етегінен ұстаймын десе де өз еркі. Яғни, бұл қазір қалыпты жағдай.

Алайда, заңгер Абзал Құспанов мұның қауіпті құбылыс екенін еске салады. Оның сөзіне сүйенсек, қойға тиген қасқырдай шетелдіктер шетінен шертіп алып кете беретіндей қыздарымыз сұраусыз емес. Сол үшін Қазақстаннан қалыңдық алуға ниетті өзге елдің азаматтары мемлекетіміздің қазынасына салық төлеуі тиіс. Төтесінен айтқанда, мемлекетке «қалың мал» беруі керек. Осы арқылы адвокат қазақта «қалың малсыз қыз болмайтынын» шетелдік болашақ «күйеулердің» қаперіне салайық дегісі келген шығар. Бірақ, негізгі мәселе мұнда да емес. Абзал Құспанның пікірінше, қазір заман басқа екенін, өзге ұлттың сезіміне тұсау салуға болмайтынын, адамның ішкі сезімі кімді қаласа, сонымен бола алатынын алға тартып қыздарымыздың шетел азаматтарына тұрмысқа шығуы – ұлттың болашағына бейжай қарау. Тіпті, ұлттық бірегейлікке де төнген қатер.   

Сондай-ақ, мұның салдары бір бұл ғана емес. Заңгердің сөзінше, қыздарымыз жоғары білімге ие. Ал, оларды шекара асырып әкету демографиямызды әлсіретіп қана қоймай, елдің экономикасына да кері әсер етеді. Себебі, қаракөздеріміз бала тууға қабілетті һәм экономикалық белсенді, яғни қызмет етіп, қоғамға, мемлекетке пайда келтіруге қабілетті жасында кете барады. Сөйтеді де өзге мемлекеттің халық санын көбейтуге және экономикасын дамытуға атсалысады. Сондықтан, қазақ қыздарын аламын деген шетелдік азаматқа заңды негізде «қалың мал» төлету – мемлекетімізге берген өтемақысы болып саналар еді.

Белгілі заңгердің бұл ұсынысы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде. Қоштаушы да бар, қарсылар да аз емес. Деректерге сенсек, 2017 жылдың өзінде мыңнан астам қаракөзіміз Ресей, Қытай, Түркия азаматтарына тұрмысқа шыққан. Әркімнің өз еркі десек те, бақытын шетел асып іздегендердің бәрі бірдей дегеніне жетіп жатқан жоқтығын да ұмытпауымыз керек. Сол жақта қыздарымыз «отағасынан» таяқ жеп, өмірімен қош айтысқан оқиғалар әлі есімізде. Сондықтан, тұтас ұлттың қамы үшін кейде жекелеген құқықтарды шектеу де қажет деген әңгіме бұл. Оның үстіне бұл әлемде жоқ жағдай емес. Түркіменстан түркімен қызына үйленгісі келетін шетелдіктер 50 мың доллар мемлекеттік қалың мал төлеуі тиістігін заңмен бекітіп қойғаны соның бір дәлелі.    

Жалпы, қыздарымыздың шетелдіктермен тұрмыс құру, құрмау мәселесінің көтеріліп тұрғаны бір бұл емес. 2012 жылы сол кездегі сенатор Жабал Ерғалиев еуропалық мәдениет ұлттық генофондымызды құртып келе жатқанын, қыздарымыз шетелге білім іздеп кетіп, кейде сол жақта қайғылы жағдайларға тап болатынын, тіпті кім көрінгенге күйеуге шығатынын айта келе, ұлтымыздың басты байлығы, болашағы саналатын қаракөздеріміздің шетелге шығуын шектеу қажеттігін мәселе ретінде көтерген-ді. Ол үшін олардың қажетті білімді елімізде алуына жағдай жасау керектігін де қоса тілге тиек еткен болатын. 2013 жылы да бұл мәселе БАҚ беттерінде қозғалды. 

Айтпақшы, заңгер Абзал Құспановтың ұсынысына қатысты Депутат Нұртай Сабильянов ондай салық туралы заң қабылдамас бұрын, үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігі жөнінде пікір білдіріпті. Мәжілісменге салсақ, демографияны сақтауды балаларымызды тәрбиелеуден бастаған дұрыс. Өйткені, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» түсінікті.

Басы ашық нәрсе, қазақ қыздарына қатысты (басқа ұлттың қыздары емес) заңгердің ұсынысы заманынан қолдау тауып, заңға айналуы екіталай. Алайда, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуды» ұл балаларға айтқан кезде, қыз балаларымыз да тыңдай отырғаны абзал екені даусыз.  

Серік БЕЙСЕМБАЕВ, әлеуметтанушы:

 – Бұл адамның азаматтық құқығына қарсы деп есептеймін. Өйткені, ең алдымен бұл адамның өз таңдауы. Әркім өзі шешуі керек. Бұған қатысты мемлекеттің қандай да бір шектеу қоюы біздің прогресс жолынан артқа қарай кетуіміз деп білемін. Кейде осы мәселеде Түркіменстанды мысал етеміз. Алайда, Түркіменстан қай жағынан да үлгі алатын мемелекет емес. Сондықтан, оны мысалға келтіру бізге мүлдем келмейді деп ойлаймын.

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ қоғамы көп сипатты, көп мәдениетті және либералды ұстанымға бой ұрған қоғамға айналды. Әлеуметтанушы ретінде айта аламын, әсіресе біздің жастар ұлтаралық некеге әлдеқайда либералдық көзбен қарайды. Сол себепті, оған қандай да бір шектеу қою, салық салу деген секілді мәселелер қоғам тұрғысынан да, мемлекет тұрғысынан да ешқандай қолдау таппайды.

Әрине, мұндай идеялардың айтылуына ешкім кедергі келтіре алмайды. Әркімнің де белгілі бір ұстанымға ие болу құқығы бар. Бірақ, өз басым қарсымын.

Бұл мәселенің дәл қазір біздің мемлекет үшін талқыға шығаратындай өзектілігі жоқ. Біріншіден, шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қыздарымыз соншалықты көп демес едім. Екіншіден, демографиямыз бен экономикамызға төніп тұрған бұдан да басқа қауіптер әлдеқайда көп. Жастар арасындағы бедеулік, түсік тастату, жыныстық мәдениет деген мәселелер әлдеқайда өзекті. Осыларды шешсек демографиялық, экономикалық қауқарымыз әлдеқайда жақсарар еді.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.