Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам қайраткері:
2019 жыл қазақтың жаңа заман тарихына 11-ші, тәуелсіздік заманындағы үшінші санақ жылы болып кірмек. Бұл, сөзсіз, үлкен саяси және тарихи маңызы бар мемлекеттік шара. Ақпан мен қараша айлары арасында жүргізілетін бұл шара тек есеп-қисаптың, қазан-ошақтың, мал-жанның ғана мәселесі емес. Керісінше, ұлттық санақ ел мен жердің тұтастығын, ұлттық мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын айқындауға болысатын, өзегін ашып, айқындап-айшықтап беретін аса ірі саяси науқан.
Жалпы алғанда, қазақ даласында өткізілген әрбір санақтың өзіндік, әрқайсысы кемі бір кітапқа татитын, айтылған-айтылмаған, жазылған-жазылмаған тарихы бар. Мысалы, Қазақстанда осыған дейін өткізілген 10 санақтың (1897, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары) өткені белгілі. Осы санақтардың сегізін отаршылдар өткізсе, екеуі ғана тәуелсіздік жағдайында өткізілді. Осы 10 санақтың барлығы да даусыз болмады. 1926 жылғы санақ империяның құлап, азамат соғысы, аштық пен халықтың басқа елдерге жапырыла көшуінен кейін өткізілгені белгілі. Оның нәтижелеріне саясат та, санақшылардың дұрыс тәжірибесінің болмауы да теріс әсерін тигізді. Өткен 10 санақтың екеуі – 1937 мен 1939 жж. – «ұрланған» санақтар болып есептеледі.
Аштық, жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде КСРО халқының кемігенін көрген Сталин бұл санақтардың нәтижелерін жариялауға тыйым салады. Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде кейбір деректер бойынша 40 миллионға дейін халқынан айырылған Кеңес өкіметі қорқа-қорқа келесі санақты тек 1959 жылы өткізді. Оның да деректеріне мамандардың айтары көп. Басқаға қарағанда «дұрыс», «таза» өтті деп, 1970, 1979 және 1989 жылдардағы санақтарды атай аламыз.
Тәуелсіздік кезеңінде өткен 1999 жылғы санақты орыстілділер «біздің санымызды әдейі кемітті» деп мойындамаса, 2009 жылғы науқанды осы себепті қазақ көпшілігі мойындамағандай болды. Себебі саяси қойыртпақтардың кесірінен бір жыл ішінде 67 пайызға дейін «көбейіп», бір мезетте 63 пайызға дейін төмендегендей болдық. Оның үстіне санақ кезінде шенді-шекпенділер 1 миллиард теңгенің ақшасын қымқырды деген дау шығып, статистика жөніндегі агенттіктің төрайымы Анар Мешімбаева ханым бастаған үлкен топ темір тордың ар жағындағы халықтың санын толтыруға мәжбүр болды. Мұндай дау-дамай, әрине, орыстілділер мен шетелдік бақылаушылардың арасында талай күңкілдің тарауына себеп болып, санақ нәтижелеріне сенімсіздік тудырғаны анық.
Қалай десек те, ұлттық санақтың аты – ұлттық санақ. Соның деректеріне арқа сүйеп, пайым жасаудан басқа еш амалымыз жоқ. Олай болса, 1999 жылғы халық санағы Қазақстан азаматтарының санын 14 981 281 деп анықтады. Осыдан 10 жыл бұрын өткізілген «жемқор» санақтың өзі де 1999 жылғымен салыстырғанда ел азаматтары санының 6,9 пайызға артып, халық саны 16 009 597 адамға көбейгенін мәлімдеді. Яғни тәуелсіздік жылдарында барша күйзеліске, өзге этнос өкілдерінің үдере көшу үрдістеріне, экономикалық және де басқа қиындықтарға қарамастан, ел халқының өсіп-өркендегенін, көбейгенін әлемге паш етті. Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым «елдің тоз-тозын шығарды», «гүлденіп тұрған республиканы құртты», «орыссыз күн жоқ, ерте ме, кеш пе, Ресейге қайта барып қосыласыңдар» деген жау пікірлердің аузына құм құйды. Келісейік-келіспейік, бірақ бағзы заманнан бері келе жатқан пайымға салсақ, кез келген елдің өсіп-дамығанының айқын белгісі – халық санының артуы. Құдайға шүкір, келесі онжылдықта даму мен өсім жылдары болды.
Статистика комитетінің жаңарған оперативтік дерегіне сенсек, 2018 жылдың соңында халық саны 18 млн 357 мың адамға жеткен көрінеді. Шындап келер болсақ, ұлттық санақ та осы деректің айналасынан қатты аса алмайтыны анық. Жылдық дәстүрлі өсімді, басқа да факторларды есептесек, жыл соңына қарай елдегі халық саны әрі кетсе 18 миллион 800 мыңнан асты деп айқындалатын шығар деп болжаймыз. Егер осының барлығы да айдан анық дүние болса, саяси науқанға 9 миллиард теңгені шығындаудың қандай қажеті бар деген сұрақтардың туындайтыны да жасырын емес. Әрине, санақ атаулыны тек демографиялық есеп-қисап деп түсінсек, бұндай шығынның еш қажеті де жоқ. Бірақ санақ кезінде мыңдаған санақшылар әрбір үйді, әрбір отбасыны аралап, жұртшылыққа көптеген сұрақтар қойып, тиісті анкеталарды толтыратынын ескерсек, олардың ішінде демографиядан тыс, ұлттық, тілдік, мәдени факторлардың сандық дерегі мен дәйегі анықталатынын ескерсек, санақтың сөзсіз қажеттігі көзіқарақты қазақ үшін айтпаса да түсінікті. Олай болса, санақтың тек ұлттық қана емес, қажет десеңіздер, геосаяси маңызы мен өлшемі болады. Осы санақ, шындап келсек, еліміз бен жеріміздің тұтастығы мен бірлігін көре алмай отырған кейбір сыртқы және ішкі жауларымыздың аузына құм құйып, елдің, Қазақстанның өз азаттығы мен тәуелсіздігінің екінші кезеңін бастап, шын мәніндегі ұлттық мемлекет құруға деген векторы мен даңғыл бағытын паш етуі қажет деп санаймыз.
Осы жылы өткізілетін ұлттық санақ тек қана адам санын анықтап беретін қыруар қаржыны қажет ететін шара ғана емес. Ел ішінде жұрт сенетін, айтқанына тоқтайтын ешбір әлеуметтанушылық құрылымның жоқ екенін ескерсек, жұрттың ешбір әлеуметтік сауалнаманың деректеріне сенбейтінін білсек, бұл санақ жұрттың мұң-мұқтажын, қажет десеңіздер, арман-мұратын білуге мүмкіндік беретін дәуірлік зерттеу. Әрине, санақтың белгіленген межесі, ішкі әдістемесі, нақты іс-жоспары әрбір отбасының жағдайын зерттеп білуге, әрбір адамның жүрегін ұстап, жанымен сырласуға мүмкіндік бермейтінін жақсы түсінеміз. Бірақ санақ бланктарына енетін 40-50 сұрақтың өзін 18 миллион адамға көбейтер болсақ, талай ғалым мен зерттеушінің азығына айналатын жаңа және тың ақпараттардың көзі мен қорын жасақтайтын боламыз. Бұл ақпараттар ұлт дамуының негізгі трендтерін көріп, көптеген құбылыстардың күші мен қарқынын, себебі мен салдарын, парқы мен пәрменін көріп, алдағы 10, 20, 30 жылдық саясаттың бағытын жасақтауға сеп болары айтпаса да түсінікті. Осы себепті де алдағы ұлттық санақтың саяси басымдықтары мен ұлт ісіне қатысы бар тұстары туралы әңгімені алдын ала ашып айтып, шынайы әңгіме қозғағанды жөн санап отырмыз.
Ең алдымен, біреуге ұнасын-ұнамасын, бірақ алдағы ұлттық санақ, аты көрсетіп отырғандай, ұлт ісіне қызмет етуі тиіс. Демек, бұл санақ – ең алдымен қазақ санағы. Бұл санақ дүйім қазақтың аш көңіліне демеу болатын, мерейін асыратын, берекесін келтіретін санақ болуы тиіс. Біз белгілі бір деректі бұрмала деуден аулақпыз. Басты мәселе бір: бар деректі бар деп көрсету, ешбір дерек пен дәйекті жасырмау қажет дейміз.
Егер осы кезге дейін өткізілген екі санақ мемлекеттік сананы бекітуге, мемлекеттің бар екенін, оның пәрменділігін көрсетуге бағытталып-негізделсе, алдағы санақ ұлттық сананы негіздеуге, ұлттық саясатты қарқынды өткізуге жұмыс жасап, қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік және ұлттық саясаттың қазақ ұстыны мен ұстанымы бар екенін елге де, әлемге де паш ететін санаққа айналуы керек дейміз.
Осы санақ Қазақстанның күрт өзгерген демографиялық картинасын ең алдымен биліктің өзіне көрсетуі керек. Мәселен, осы санақ Қазақстанның 27 жыл ішінде «стандық» саясат пен мәдениеттің әбден жүдеп, девальвацияланғанын айқындап бермек. 1989 жылғы санақ көрсеткендей, өз елінде, өз жерінде «ұлттық азшылық» атанған, небары елдің 39 пайызын құраған, осы себепті көптеген мәселені көлденеңінен қоя алмай, ішінен тынып, тартынып келген қазақтың 30 жыл ішінде жыл сайын 1-1,5 пайызға артқан «ұлттық көпшілікке», «байыпты, салиқалы көпшілікке», қажет десеңіз, «конституциялық көпшілікке» айналғанын әлемге паш етуі міндет.
Осы күннің өзінде халықтың 70 пайызын құраған, жыл соңына дейін 71 пайызын құрауы тиіс қазақтың ендігі уақытта «ұлт құраушы» статусын, болмысын аша түсуі керек. Ертең осы деректерді қолына алған кезде билік ұйқысынан шошып оянып, қазақтың саны әлі де 70 пайызға жеткен жоқ деп жүрмеуі керек. Осыдан 10 жыл бұрынғы «ойнақ» бүгінгі күні өтпейді. Оған қазақтың өзі жол бермейді.
Бұл санақтың нәтижелері белгілі саяси топтардың қасақана таратып жүрген жалған ақпараттарын біржолата жоққа шығаруға міндетті.
Біз осы санақтан 1999 және 2009 жылдардағы санақтардың деректеріне қатысты жасалатын арандату әрекеттері мен жалған, фейк-ақпараттарға тосқауыл қоятын санақ болғанын күтеміз. Мысалы, осыған дейін өткізілген санақтар елдегі «орыстар мен орыстілділердің санын әдейі төмендеткен», «елдегі шынайы тілдік жағдайды қасақана бұрмалады» деген ақпараттар осы санақтан кейін тыйылғаны абзал. Бұндай дақпырт, айналып келгенде, елдегі ақпараттық саясаттың шүршіттенуіне, «ел ішіндегі орыстілділерге қысым көрсетіліп жатыр», «орыстілді кадрлар мемлекеттік басқару жүйесінен аластатылып жатыр, қуылып жатыр», «Қазақстанда орыс мектептері әдейі жабылып, орыс тілінің аясы кемітіліп жүр» деген сияқты инсинуациялар мен жаланың тарауына себеп болуда. Есесіне онсыз да жалтақ, барша мәселелерді қазақ есесінен шешуге құмар орыстілді билік мұның бәрін шын деп қабылдап, соңынан Қарағандыдағы сияқты жағдайларға ұрынып отырады.
Орыстілділер демекші, алдағы санақ еліміздегі орыстар мен славян, жалпы, еуропатектес этностардың жыл сайын 1-1,5 пайызға кеміп отырғанын, олардың орта жасының 50 жасқа таяғанын, жастарының негізінен Ресейге кетуге бейім екенін ашып көрсеткені дұрыс. Бұл біреуді кекетіп-мұқату үшін емес, ел ішіндегі қазақ факторының өсіп келе жатқанын, орыстілді ақпарат, білім, мәдениет кеңістіктерінің табиғи түрде қысқарып келе жатқанын көрсету үшін керек. Бұған ең алдымен өз ішіміздегі көзін шел басқан белсенділердің көзін жеткізу парыз. Себебі, байқап отырмыз, алдағы уақытта еліміздегі «орыстілділер факторы» қайтадан саяси ойын құралына, Қазақстанға сырттан саяси қысым жасау құрығына қайтадан айналатын сияқты. Ішкі өрісі мен тынысы тарыла бастаған, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктері шегеріліп, азая бастаған имперлік Ресейдің айналасына тарпа бас салуы ғажап емес. Бүгінгі күні Беларусьті қыспаққа алып, «терең одақтастыққа» мәжбүрлеп жатқан Ресей ертеңгі күні біздің іштегі мәселені ту қылып, Қазақстанға қысым жасамасына кім кепіл?
Тағы бір мәселе бар. Осы санақ елімізде қалыптасқан саяси сөздіктер мен тіл қолданысын дұрыстауға себеп болуы керек сияқты. Бізге жөн-жосықсыз, ешбір қисынсыз қолданыла беретін «ұлттық», «ұлтаралық», «этностық», «этносаралық» деген сияқты терминдердің дұрыс, дер кезінде, дұрыс контекстіде қолданылуын қамтамасыз ететін шақ келді. Қазақстан туралы «көпұлтты» мемлекет деген дақпыртты да осы санақ жоққа шығаруы керек. Қазақстанда, тағы да қайталап айтамыз, бір ғана ұлт бар: ол – қазақ ұлты. Қалғаны осы ұлт құрамындағы этностар болмаса ел ішіндегі диаспоралар. Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екендігіне баршаның көзін ашуы тиіс. Мұндай жалған ақпараттардың қазақ мемлекеттік статистикасына деген сенімсіздік тудыртып, мемлекеттік органдар мен қоғамдық пікірге қысым көрсету үшін жасалатыны белгілі. Мемлекет те, мемлекеттік статистика да өзін-өзі қорғай білуі шарт.
Өткізілетін санақ тілдік мәселені түбегейлі түрде бір жағына шығаруы тиіс. Бүгінгі күні мектепке барушылардың, ҰБТ тапсырушылардың, жоғары және техникалық білім алушылардың, бір сөзбен айтқанда, ел болашағы мен болмысын айқындайтын стратегиялық топтың, яғни жастардың басым көпшілігінің қазақ екенін, олардың негізгі тілінің қазақ екендігін барынша анық айтуы тиіс. Демек, алдағы жылдары қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналуы керек, оның қолданылу аясы жыл сайын арта беруі керек деген сөз. Санақ нәтижелері келесі жылдың басында «Мемлекеттік тіл туралы» заңның қабылдануына негіз болғаны жөн. Совет заманынан бері, баяғы Колбиннен мұра болып келе жатқан соңғы кеңес санағымен жастас «Тілдер туралы заңды» мұрағатқа жіберер кез келді.
Өткізілер санақ осы кезге дейін жүргізілген мемлекеттік тілдік саясаттың нақты жемісі мен нәтижесі туралы нақты деректерді көрсетуі керек. Мысалы, еліміздегі орыс мектептеріндегі шәкірттердің арасындағы қазақ тілін жақсы дәрежеде білу, орыстілді жастар санаты арасындағы қазақ тілін меңгеру қомақты түрде артқанын байқамасақ, онда осы кезге дейін жүргізілген тілдік саясаттың мүлдем ақсап, тоқырағанының куәсі боламыз. Мұндай жағдай, шынын айту керек, бүгінгі биліктің алдағы сайлау науқандарындағы мүмкіндіктерін шектеп, болашақтағы мессиандық, тарихи амбицияларын мүлдем жоққа шығарып тастауы ықтимал екендігін де ескерткен артық болмас.
Алдағы санақ жаңа урбанистік және көші-қон саясатының негізін қалауы керек. Соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ауылдан қалаға қарай ығысып келеді. Қазақтың арасында кең таралған «ауылым – алтын бесігім» деген саяси-публицистикалық ұстаным, ұран бар. Қазақтың шын болашағы енді ауылда емес, қалада! Шенді-шекпенділер аңқау қазақты алдарқату үшін «мен де ауылдан шыққанмын» деген жалпақ ұрандарды азайтып, қазақтың қалалық ұлтқа айнала бастағанын аңғаруы тиіс. Алматы, Астана, Шымкент сияқты халқы миллионнан асқан мегаполистердің, елдің 50-ден астам пайызы тұратын оңтүстік қалаларының, елдің үштен бірін құрауға жақын батыс қалаларының қазақ қалалары екенін, ондағы жұртшылықтың, жастардың қазақтілді екенін билік қазір аңғаруы тиіс. Алдағы санақ биліктің көзін осыған ашып берсе құба-құп. Ал ауылға көмектесу тек қазаққа көмектесу ғана емес. Ол – елді тамақпен қамтамасыз етудің, асыраудың бірден-бір жолы. Ауыл факторын қолдан саясиландырып, оған этностық немесе ұлттық реңк берудің қажеті жоқ. Бір ғана дерек келтірейін: соңғы үш жылда «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге тек 56 жас маман аттанған. Осыдан артық ауылдық саясаттың профанациясы мен масқарасының болуы мүмкін бе?
Қазақ тарихында болмаған урбанизациялық үдерістерді соңғы 50 жыл ішінде өткізіп жатыр. Дәл бүгінгідей жағдай ешқашан қазақ тарихында болмаған. Бұны зерттей түсу керек, қажет болса, арнайы қазақ урбанистикасы және қалалық қазақ мәдениеті институтын құру да міндет шығар. Қазақтың жарқын болашақ пен арман қуып қалаларға ағылуы тек қана мүмкіндік емес, әлеуметтік және саяси қауіп-қатер. Себебі қалаға келген қазақтың әлеуметтік мүмкіндіктері шектеулі. Оларды уақытша болса да, оқу орындарына тұрғызу, сол арқылы әлеуметтік мәселелердің ауыртпалығын азайту, сол арқылы әлеуметтендіру «қазақ мәселесін» түбегейлі шешіп отырған жоқ. Оны шегеріп отыр. Дипломсыз қазақтан гөрі дипломы бар қазақтың амбициясы артық болары хақ. Олай болса, алдағы уақытта қалалардың қазақылануы, қазаққа бет бұруы борыш. Бұл елдегі тыныштық пен татулықтың кепілі болмақ.
Соңғы кезде, бұны жұрттың бәрі біледі, әрбір әлеуметтік жанжалдың, әрбір саяси қозғалыстың, әрбір экономикалық кикілжіңнің ортасында қазақ, қазақ жастары тұр. Бұның себебі мен сиқыры да белгілі. Біздің қоғамның орташа жасы 40 жасқа жақын болса да, қоғамның ең белсенді бөлігінің орта жасы 30-ға да жетпеген. Қазақстан қоғамының «қартаюы» негізінен еуропалық және славян этностарының үлесі. Елде не болса да наразылық танытатын, көшеге шығатын кім? Елдегі қалт-құлт еткен орыс па, әлде отыздағы қылшылдаған, қылыш ұстай алатын қазақ па? Көшеге қазақстандықтар шыға алмайды, қазақтар шығады. Осыдан-ақ үкімет талай дүниені аңғарып, түсініп, қалалардағы қазақ жастарына арналған шаралар мен мүмкіндіктерді арттыра түсуі керек. Бұл қазақ тыныштығының ғана кепілі емес, бұл – осы биліктің елде қалып, дәулет құруының да кепілі.
Өткізілер санақ еліміздің әлеуметтік, демографиялық саясатын, аймақтық және территориялық саясатын қайта қарауға негіз болса дейміз. Санақ деректері негізінде осы бағыттардағы ұзақ мерзімді стратегиялар мен тұжырымдамалар қайта қаралып, қажет болса, жаңадан жазылуы қажет. Елдегі отбасы тұжырымдамасы күрт өзгеріп келеді. Елімізде тек жалғызбасты аналардың саны 500 мыңнан асса, жалғызбасты әкелердің саны 70 мыңнан артып отыр. Елдегі әрбір екінші құрылған отау мен неке бұзылып жатыр. Мұның өзі болашаққа қандай әсер етіп, қандай ұрпақтың дүниеге келетінін болжап айтуға мүмкіндік бермей отыр.
Қазақстан халқының орта жасының 40-қа жақындауы ел проблематикасын, жұртты алаңдататын мәселелердің иерархиясын өзгертіп тастады. Мысалы, дәл бүгінгідей балажандылық қазақтың тарихында болмаған. «Бала – белде, қатын – жолда» деген маскулиндік ерлер психологиясы баяғыда құрып біткен. Қоғам жыл сайын эмансипацияға ұшырап, феминизацияланып барады. Әйел жұртының саны да басым болып келеді. Ал әйел жұрты ең алдымен нені ойлап, неге басын қатырады? Бұл шындап келсе ел ішінде, әсіресе орыстілді қоғам ішінде әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, экология мәселелерін бірінші орынға шығарады. Осы мәселелердің қоғамдық және саяси күн тәртібінде қызу талқыланып жатқаны да осы себепті.
Қазақстан халқы, ел аймақтары да сан алуан бағытта дамып келеді. Елді отарлау қыс сияқты – солтүстіктен оңтүстікке қарай өрбіген болса, елдің отарсыздануы да көктем іспеттес – оңтүстіктен солтүстікке қарай өрбіп келеді. Келер көктемді, орнар көктемді уақытынан бұрын келтіру қиын шығар, бірақ тағдырға да, тарихқа да көмектесу міндет. Қазақ қоғамы жас қоғам десек те, есейіп, отбасын құрып, жан-жағына қарап, ой тоқтата бастаған қоғам. Оның талап-тілегі де, арман-мұраты да есейіп келе жатыр. Сондықтан да алдағы уақыттағы қазақ қоғамының билікке тағар міні де, оған артар жүгі де, айтар мұң-мұқтажы да күрделене түспек. Келер заман қазағы тек көше атымен, дүркіреген тоймен, теледидардағы айтыспен, шендінің сөзін қазақша бастап, қазақша аяқтағанымен тоқтап, шектеліп қалмасы қазірден-ақ көрініп отыр. Олай болса, мемлекет жүргізген саясаттың әлеуметтік жүгі де арта түспек. Әлеуметтік саясаттың адами, мейірбан, мерейлі тұстары қазақ деп тұрғаны керек бізге. Себебі тағы да қайталайық: шетелде ақша аударар туысы, елде екі-үш пәтері, жалақылы жұмысы немесе басталған бизнесі бар этностардан мәселе шықпайды. Мәселе көңілі аш, қарны аш, басқа барар жері мен басар тауы жоқ, өз елінде өзін жетім сезінген қазақтан шығады. Бірақ осы қалың қазақтың көңілін тапса, дәл осы қазақтан асқан мәрт, осы қазақтан асқан қорған, қалқан болар ешқандай күш жоқ, болуы да мүмкін емес.
Алдағы ұлттық санақ қазақтың ұлт ретінде ұйып, ұлт құраушы этнос ретінде есеюіне себеп пен шарт болғаны керек. Ұлттық көпшілікке айналу ешбір мәселені шешпек емес. Артық амбицияны тудыруы ықтимал, бірақ өздігінен қордаланған мәселені шеше қоймайды. Елінің тұтастығына, бірлігіне, тілінің болашағы мен болмысына көзін жеткізген қазақ ендігі уақытта жаңа сапаға ұмтыла түссе дұрыс болар еді. Себебі ұлт құраушы деген сөз ең алдымен асқан жауапкершілік дегенді білдірсе керек. Елдегі жақсылыққа да, жамандыққа да жауап беретін бір ғана күш болады. Ол күштің аты – қазақ. Осы жауапкершілікті түсінер, ұғынар парасат пен сана, осыны өзгеге жеткізіп, ұғындырар білім мен жігер керек қазаққа.
Қазақ өзінің тарихи ұлт екенін дәлелдеп келеді. Тарихтың суығы мен ыстығына, тағдырдың қиянаты мен тауқыметіне төзген, содан аман шыққан, жойылып кете жаздап барып арасы отыз жылда санын толықтырған, енді рухы мен сапасын ойлай бастаған ұлттың жойылмасы анық. Тек осы жолда қазаққа керегі – бірлік пен ірілік. Осыны түсіне білсек екен.
Осы себепті алдағы санақ қазаққа психотерапевтік тұрғыдан ауадай қажет. Әлихан атамыз кезінде «Әлхамдулла, алты миллион болдық!» деп ұрандаса, біз «Әлхамдулла, он алты миллионбыз!» деп бір қуанып, он алтының емес, алты миллионның еңбегін қайта бастауымыз, жандандыруымыз керек. Бұл да бір саяси және рухани мәре. Бірақ бұл мәре тоқтап-тұралап қалатын, мақтанып-марқаятын мәре емес. Бұл өзімізді-өзіміз қамшылайтын, қамшылай түсетін мәре. Осы кезге дейін жортып келсек, ендігі уақытта шабатын кезге келдік. Тоқтап қалу, тоқмейілсу өлтірмес, бірақ тұралап қалған өмірдің рухани өлімнен қай жері артық?
Алдағы ұлттық санақ ашық, анық, жақсы ұйымдасқан түрде, жақсы технологиялық және әдістемелік сапада өтсе екен деп тілейміз. Осы санақтың дерегі мен дәйегі ешкімнің күмәні мен күдігін тудырмаса екен. Жемқорлыққа салынбай, сырттағы жауға таба болмай, мазаққа айналмай, дұрыс өтсе екен деп тілейміз. Себебі санақтың бергенінен берері көп. Оның саяси астары мен шынайы нәтижесі ұлт жұмысын жүргізуге сеп пен себеп болмақ. Солай болсын! Әумин!
Дереккөз: zhasalash.kz
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Биылғы санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екенін дәлелдеуі керек
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024