02-02-19 |
5110 рет қаралған
Оқушылар арасындағы әлімжеттікке тоқтау бола ма?.
Оқушылар арасындағы әлімжеттікке тоқтау бола ма?

Еліміздің бір өңірінде орын алған өкінішті жайт іле-шала өзге аймақтарда қайталатынын қайтерсіз. Әңгіме тағы да оқушылар арасындағы әлімжеттік хақысында. Түркістандағы ахуалдан соң Ақтөбеде мектеп оқушыларының төбелесі бірінің өлімімен аяқталды.

Мәселенің жоғары мінберлерге дейін жеткені де содан шығар. Бұрыннан бар келеңсіздікті кісі мерт болғанда ғана барып көре қалатынымыз бар емес пе. Мектеп партасы жасындағылардың арасындағы жүгенсіздікке министрлер мен вице-министрлер, партия өкілдері де пікір білдіруі соның тағы бір көрінісіндей.

Алайда, Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаевтікі пікірден гөрі, кінәліні іздеуге келіңкіреді. «Балалардың арасында мұндай қатыгездік қайдан пайда болғанын менен емес, ата-аналар мен педагогтардан сұрау керек. Балалардың тәрбиесімен, профилактикамен айналысу қажет деп ойлаймын. Бұлар оқушылар және бәрі мектепте болып жатыр ғой», – деген болатын ол журналистерге. Бірақ, бала тәрбиесі енді ойланатын нәрсе емес. Оның үстіне тәрбиені погондылардың араласуымен жүргізу қисынға келе бермейді. Оқу ошағының әрбірінен арнайы штат ашып енгізген мектеп инспекторларының жұмысы жеміс берсе, бұлай демеген болар едік.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев та бұл мәселеге бейжай қарай алмайтынын аңғартты. «Бұл сұрақтың жауабы тым тереңде жатыр. Алдымен, біз қазіргі таңда қоғамдағы кейбір құндылықтардың құлдырап кеткенін және бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы үйлесімнің үзілгенін мойындауымыз керек. Осы түйткілдердің алдын алу үшін мәселенің салдарымен ғана емес, себебімен де күресуді қолға алған абзал. Яғни, жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер мен орталықтар ашып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Әсіресе, осы үрдіс ауылдық жерлерде жүйелі жолға қойылып, баланың мектептен тыс уақытын пайдалы нәрсеге жұмсауына жағдай жасалуы тиіс», – деді партия өкілі. Иә, мәселенің түпкі себебіне үңілуге шақыруы орынды-ақ.

Іле-шала үн қатқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мәулен Әшімбаев айтқан оқушылар үйірмелеріне барлық жерде бәрінің қолы жете бермейтінін жоққа шығармады. Дегенмен, министр кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс азайып келе жатқанын айтты. Оның сөзіне сенсек, соңғы 5 жылда мұндай қылмыс 36 пайызға қысқарған. Егер, 2013 жылы 45 мың болса, 2018 жылы – 29 мың қылмыс.

Әлбетте, балалар арасындағы қылмыстың азайғанына қуанамыз. Бірақ, Білім және ғылым министрі мысал еткен Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметі басқаша сөйлейді. «2017 жылмен салыстырғанда аймақтарда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсімі байқалады. Ол Атырау облысында 39,6 пайыз, Алматыда 33,5, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Астанада 18, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 11, Түркістан облысында 7,8 пайызға көбейген», – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі аталмыш комитетке сілтеме жасай отырып. Алдыңғысына сенгің-ақ келеді, бірақ соңғысының дерегімен санаспасқа да лаж жоқ.

Сондықтан боласа керек, Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларының тәртібі мен тәрбиесі мәселесін май шаммен қарауға кіріскендей. Осыған орай, жақында министр Ерлан Сағадиев мектепке алып кіруге болмайтын заттардың тізімін жасауға және ата-аналардың жауапкершілігін қарастыруға тапсырма берді.

Бір аңғарғанымыз, мысалға келтірген төрт пікір иесі де ата-ананы айналып өтпеген. Кәмелетке толмаған баласы үшін ең әуелі әке-шешесі жауапты екеніне дауымыз жоқ. Алайда, қайсы ата-ана болсын, баласын мектепке «ұр да жық» деп емес, Хакім Абай секілді «біл» деп беретіні тағы даусыз. Әйтсек те, тек алғашы махаббат қана емес, алғашқы төбелес те партадан басталатыны ащы шындық.

Амалбек Тшанов

Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткері, Республикалық спорт колледжінің директоры:

– Бәрімізге мәлім, кешегі кеңес заманында мектептегі оқушы ұлдарға және қыздарға арналған бірыңғай киім үлгісі болды. Осы тәртіп қазір де қажет және мектеп формасы барлығына бірдей қатысты болуы тиіс.

Содан соң, сабақ кезінде баланың сыныпқа телефон алып кіруі деген нәрсені тоқтату керек. Тіпті, мектепке кезекшілік телефонын орнатсын да, балалар қатты қажетті жағдайда ата-анасына сол арқылы хабарлассын.

Бұл мәселеде барлық жауапкершілікті ата-анаға жүктеп, тек қана солар кінәлі деу кішкене көңілге қонымсыз. Қай ата-ана баласының жаман болғанын қалайды дейсіз?!

Ал, мектепке алып кіруге болмайтын заттардың тізімін жасағандары дұрыс. Өйткені, бала орта білім ұясына қымбат телефон, сағат немесе қыздар қымбат әшекей деген секілді дүниелерді алып келмеуі керек. Бұлардың қандай қажеттілігі, сабаққа қандай қатысы бар?! Сондықтан, мен мектеп оқушылары алып келетін заттарды шектеу бастамасына толық қосыламын.

Тағы бір айта кететін нәрсе, жағдайы төмен отбасылардың балаларында біз біле бермейтін іштей қызғаныш бар. Осындай кішкене ішкі қызғаныш түптеп келгенде балалар арасындағы жаулыққа айналады. Байдың баласының мектепке барын көрсетіп келуі оларға кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, мектеп формасын киіп, киім жағынан да, жаңағыдай заттар жағынан да бәрі бірдей, тең болғаны дұрыс.

Мұның бәрі мектептегі бала тәрбиесіне қосалқы себептер. Ал, ең негізгісі онда тәрбие жұмыстары, сабақтары ұлттық идеологиямызға негізделіп жүргізілуі керек. Өкінішке қарай, қазір бізде ондай ештеңе жоқ. Ұлттық болмысымызға негізделген тәрбиені жүйелі, дәйекті түрде қолға алу қажет. Ол жерде ең әуелі қоғам, ата-ана, ұстаздың өзі сөзбен емес, жүріс-тұрысымен, ісімен өнеге болуы тиіс. Қазіргі балаларды күшпен емес, осындай іспен ғана тәрбиелей аламыз.

Айбар САҚ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.