11-11-24 |
16840 рет қаралған
«Орыс әлемінің» қаупі: Ресей Қазақстанға тісін қайрай бастады ма?.
«Орыс әлемінің» қаупі: Ресей Қазақстанға тісін қайрай бастады ма?

Таяуда Мәскеуде шетелде тұратын Отандастардың VIII дүниежүзілік конгресі өтті. «Біз Ресеймен біргеміз» ұранымен өткен жиынға орысша сөйлейтін әрі шетелде тұрса да, өздерін «ресейлік қоғамның» мүшесі санайтын белсенділер қатысты. Жиындағы бас тақырып Жеңістің 80 жылдығын тойлау болды, бұдан бөлек сыртта тұратын отандастардың құқын қорғау мен мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Кездейсоқтық па, әлде әдейі ұйымдастырылған шара ма екен, дәл сол тұста «Орыс әлемі – Қарағандыда» деп желеулетіп, ресейлік бір топ белсенді жергілікті тұрғындарға орыстың ұлттық киімдерін таратқан. Телеграмм арнасында «Орыс мәдениетін оның тарихи позициясына қайтарамыз. Орыс болу сәнді» делінген.

Қазақстанға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары арнайы сапармен келген әлемге әйгілі саясаттанушы Збигнев Бзежинский өз еңбектерінде «Ресей не империя болады, не демократия болады, бірақ бірден екеуі бола алмайды. Украинасыз Ресей империя болудан қалады, егер Украинаны сатып алса, ал одан кейін бағындырса, Ресей автоматты түрде империяға айналып шыға келеді» деген еді. Айтқандай-ақ, 2014 жылы Украина мен Ресей арасы күрт суып, ашық текетірес басталғанда, Владимир Путин «Орыс әлемі» туралы концепциясын алғаш рет жария етті. Әрине еуропалық, америкалық сарапшылар бұның арты жақсылықпен бітпейтінін болжады. Бұл концепцияның өзі Ресейде ерекше ұлықталатын Александр Солженицынның «20-ғасырдың соңындағы Орыс мәселесі» еңбегінен бастау алғаны жасырын емес. Автордың айтуынша, «Ресей империялық экспансионизмнің белгісі ретінде Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия өңірлерінен бас тартып, Беларусь, Украина және тәуелсіз Қазақстанның басын біріктіріп, ортақ шығыс славян мемлекетін құруы тиіс-тін».  

Шындап келгенде, 2000 жылдардан бастап Ресей демографиялық дағдарысқа түскенін сезген Путин «отандастар» идеясын жандандыру арқылы «Орыс әлемінің» ресми тұсауын кескен болатын. Кедендік одақ, ЕуразЭқ-тің құрылуы «орыс әлемімен» жанаса дамып келе жатқан «еуразиялық идеяның» басқа арнаға кетіп, Ресей мен посткеңестік елдердің интеграциясы негізінде «ірі державаға» айналуына сеп болды. Естеріңізде болса, тіпті Ресейдің мемлекеттік думасында «орыс картасы» туралы заң жобасы талқыланды. «Орыс картасы» Ресейден тыс өмір сүріп жатқан орыстардың статусын айқындап, оларға Ресей азаматтарымен тең деңгейде құқық беретін құжат болуы тиіс еді. Ең қызығы, заң жобасын Украинадағы орыс-славян ұйымдарының шашбауын көтеріп жүрген саяси күштердің ұсынып, Ресей думасының талқысына дейін жеткізгені сарапшыларды дүр сілкіндірді. Яки, бұл жәйт те шеттегі орыс-славян ұйымдарының үшінші күштер арқылы үлкен саясатқа араласуға мүдделігін көрсеткен болатын. Әрі кейбір ұйымдардың сепаратистік пиғылын да анық көрсетті. Әрине бұл қос азаматтыққа тыйым салған тәуелсіз елдердің заңына томпақ келетін «суррогат құжат» еді. «Бір әлем, бір мемлекет құру» жолында Ресейде осы тектес нешетүрлі ойға қонымсыз әрі посткеңестік елдердің дербестігіне нұқсан келтіретін ұсыныстар болған. Бірақ Украинадағы соғыс бауырлас саналатын славян халықтарының бірлігіне сызат түсірді. Сарапшылар Ресей Украинаны ондаған жылдарға жоғалтты деген пікірде.            

Қазір Ресей пропагандасының басым бөлігі Украинадағы соғысқа арналса да, Қазақстанда да теріс идеологиялық жұмыстар тоқтаған емес. Саясаттанушы Дос Көшім ресейшіл ұйымдардың өз жұмыстарын белсенді жүргізуінің 3 мәселеге қатысы барын айтады.

Біріншіден, Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің ашық-шашық жатқандығы. Ақпараттық кеңістігімізде әсіресе Ресей идеологиясын шектей алмай келеміз. Қанша жыл оның қаупін айтып жүрміз, бірақ үкіметтің іс-әрекетке көшетін түрі жоқ. Сондықтан олардың бәрі ақпараттық кеңістікті пайдалана отырып, «орыс әлемін» де, басқасын да ашық айтып, бұл жұмыстарды белсенді жүргізе береді. Бұл саясат жылдан жылға ұлғая түседі. Екінші мәселе, орыстілді ұйым демей-ақ қояйық, ондай ұйымдар көп қой, ресейшіл бағыттағы ұйымдар, идеологтар мен блогерлердің жұмысына Ресей тарапы өте қатты көмектеседі. Қомақты қаржы бөледі, сый-құрметін көрсетеді. Бұл жердегі арнайы барлау органдарының да жұмысы бар. Жалпы Ресейдің сыртқы істер идеологиясының бәрі осыған құрылған. Олардың орыстілді әлем деген сөзінің ішіне Қазақстан да толық кіріп отыр. Біздің мемлекет Америкадан немесе Англиядан келген қаржыға өте қатаң қарап, оларға тоқтау салады да, ал Ресей тарапынан қаржылай  көмек келсе, оған көңіл бөлмейді. Сондықтан Ресейден келетін қаржылай көмек мұндай ұйымдардың жұмысын жандандыра түседі.  

Саясаттанушының ойынша,

Үшіншіден, Ресей аймақта өз ықпалын сақтап қала ма дегенге келсек, Орталық Азия елдері басшыларының өздері Ресейдің етегінен қос қолдап ұстап отыр. Оның ішінде біздің де басшылығымыз бар. Тоқаев билікке келгелі бері, шыны керек, ресейлік және орысшыл бағыт дамып кетті. Көптеген ірі мемлекеттік құрылымдарға мемлекеттік тіл қазақ тілін білмейтін орыстарды қою басталды. Соңғы тағайындаулардың бірі – Головкиннің қызметі. Қысқасы, бұл біздің мойнымызды басқа жаққа бұрмай, Ресей ықпалында қалғанымыздың белгісі. Оны да түсінуге болады. Себебі біздің басшыларымыздың, элитаның бәрі орыс мәдениетінде тәрбиеленген, тілдері де орысша шыққан. Қысқасы, олардың өздері орыс әлеміне жақын.

Танымал қоғам белсендісі, құқықтанушы, тарихшы Руслан Түсіпбеков Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қабырғасында «Орыс әлемі» кабинеті ашылғанда бұған қарсылық білдірген азамат. Ол президентке дейін Ашық хат жазып, кабинет атауының өзгеруіне қол жеткізген.

Әрине, бұлардың мақсаты «орыс әлемі» идеологиясын тарату, қазақтың құлағын соған үйрету, иландыру, – деп бастайды Руслан Түсіпбеков. «Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар Қарағандыда көп болады. Ол жерде облыс және қала әкімшілігі бар. Оларда ішкі саясат департаменттері жұмыс істейді. Бірақ мұны қадағаламайды деген сөз ғой бұл. Бұлардың мақсаты орыс әлемінің идеологиясын тарату, ал бұл біз үшін өте қауіпті. Сондықтан бұл жерде сыртқы идеологиядан сақтану үшін екіжақты жұмыс керек. Яғни, мемлекет пен азаматтық қоғам мұны бірдей қадағалауы керек еді. Бұл жерде фуфайканы тарату қылмыстық құрамы болмаған соң полицияның ісі емес шығар, бірақ жергілікті әкімшілік мұндай идеологиялық нәрсеге неге жол беріп отыр? Екіншіден, азаматтық қоғам мұндайда үнсіз қалмауы керек. Мәселен, өткен айда Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Орыс әлемінің» дөңгелек үстелі өтті. Оған ешкім назар аударған жоқ. Өкінішке қарай, мұны мен де кеш білдім. Белсенді азаматтар мессенджерге жазды. Бірақ жазбам кеш шықты да, бұл шараны тоқтата алмадық. Болмаса мемлекет пен азаматтық қоғам мұндайға тойтарыс беріп, бәріміз бірдей белсенді болуымыз керек – дейді.

Саясаттанушы Дос Көшім еліміздегі ресейлік ұйымдардың белсенділігіне алаңдаушылығын білдіреді.

Ең қызығы, Украинада дәл осындай жағдай болған. Мен Украинадағы жолдастармен байланысып тұрамын, біздегі территориялық мәселелердің Ресей тарапынан айтылуы, Петропавлдағыдай аты да, заты да қызық ұйымдардың құрылуы дәл осылай Украинада да болған екен. 2014 жылдан кейін мұндай ұйымдар қаптап кеткен. Әртүрлі салада орыстілділерді біріктіретін ұйымдардың көбейгені алаңдатарлық жәйт. Біз одан сабақ алуды, сақтануды білмейміз, – дейді.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей тарихшыларының бірлесе «дөңгелек үстелдер» өткізіп, ортақ тарихты жазуға білек сыбана кірісіп жатқаны да қоғамды алаңдатады. Бір ғана мысал, Украинада 1932-1933 жылғы ашаршылық украин халқына қарсы геноцид деп танылды. Артынша Еуропарламент, сондай-ақ, әлемнің 30-дан астам елі Украинадағы ашаршылықты айыптап, геноцид болғанын мойындады. Әрине, бұл Ресейдің шымбайына батты. Өткен ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов «Әлхамдулиллах, халқымыздың саны 6 миллионға жетті» деп сүйіншілейді. Өкінішке қарай, көп ұзамай халықтың тең жартысы қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып қалды. Қазақстанда да Украинадағыдай қасіретті жағдай, геноцид болғанын халықаралық деңгейде мойындатуға биліктің саяси ерік-жігері әлі де жетпей отыр.  

Керісінше, Ресей пропагандистері Украинадағы соғысты «арнайы операция» деп, Екінші дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп, репрессия мен ашаршылықтың атасы Сталинді «ұлы тұлға» деп, тарихи бұрмалаушылық жасап, бұл идеологияны Қазақстанға да таңып жатыр. Тіпті, отандық БАҚ-тарға қыруар қаржы төлеп, әрбір тарихи мәселені ресейлік идеологияға сәйкес жазғызып жатқанға ұқсайды. Мәселен, соғысты «арнайы операция» деп жазып жүрген отандық ақпарат құралдары да бар. Бір қызығы, ресейлік пропаганда «қазақ-орыс бір туған» дегендей идеяны да біртіндеп сіңдіріп жатыр.

Тарихшы Руслан Түсіпбеков:

Олар ортақ тарихтан ортақ генетикаға дейін насихат жүргізіп жатыр. Ресей пропагандасы қатты жұмыс істейді. Тарихшы ретінде айтайын, қазақ пен орыстың генетикалық ұқсастығы өте аз. Неге екенін айтайын, қазақ этносы қалыптасқан XIV-XV ғасырларда орыс этносы әлі толық қалыптасып бітпеген еді. Әрине, оларда ол кезде тіпті ортақ мемлекет де болмаған. Қазақ хандығының құрылуы 1465 жылға тұспа-тұс келеді. Ал бірыңғай орыс елінің құрылуы 1721 жыл. Яғни 3 жыл бұрын 300 жылдығы болды, бірақ Ресей бұл дата жайлы «ұмытып кетіпті». Неге? Себебі бізге бала күнімізден империялық, советтік үгіт-насихат «Көне ұлы Русь» елі туралы ойды сіңдірді ғой. Шындап келгенде, нағыз «көне Русь» ол қазіргі Украина ғой, – дейді.

Қоғам белсенділері бабаларымыз айтып кеткендей, «орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын» деген өсиеттің өзектілігі артып барады деген ойда. 

Соғыстың жағдайында қалай айтарымызды да білмейміз, бірақ қазір Ресейдің барлық күші Украинаға кетіп жатыр. Бұл жерде тек әскери күштері ғана емес, идеологиялық әлеуеті де Украина бағытында жұмыс істеп жатыр ғой. Қазір олардың қолдары бізге тимей жатыр. Біз неге «Слава Украине» деп қолдап отырмыз, себебі егер олар Украинаны жеңсе, «орыс әлемі» бізге келеді, – дейді сарапшы.

Саяси болжамдары дәл келген қайраткер Збигнев Бзежинский қазақ ұлтының колониалды тарихын терең білген еді. Бұл орайда ол «Шын тәуелсіздік тілдік идентификацияға барып тірелетінін, ал қазақтар үшін бұл латын әліпбиіне қайта оралу екенін» баса айтқан еді. Өкінішке қарай, Қазақстан Ресейдің ақпараттық-идеологиялық құрсауында болғандықтан, «орыс әлемінің» басты қаруы – орыс тілі қазақ тілінің елдегі заңды орындары – билік органдары мен бизнесте дамуына тұсау боп тұрғаны жасырын емес. Бұдан тыс солтүстік өңірлерде қазақ мектептерінен гөрі орыс мектептерінің саны басым боп тұрғаны ауыр тақырып. Солтүстікте Ресей БАҚ-тарын қарап, орыс мектептерінде білім алған орыс жастарының Украинадағы соғыстан кейін көрші елге көші саябырсығандай болса да, олардың ресейшіл идеологияны қолдап отырғаны тағы бар.

Ресейдің маргиналды сарапшылары «Қазақстанның ірі мегаполистері мен солтүстігі онсыз да орыстілді, енді оңтүстікті орыстандыру керек» деп бастама көтергені белгілі. Мұның артынша Ресейдің қаражатына қазақ көп шоғырланған Түркістан, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында орыс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер ашылатыны белгілі болды. Көрші елдің премьер-министрі Михаил Мишустин “Біз Қазақстанға тек орыс тілі мұғалімдерін ғана емес, басқа пән мұғалімдерін де жіберуге дайынбыз” деп мәлімдеген. Осылайша «орыс әлеміне» қатысты заманауи отарлық саясат елімізде түрлі концепциялар мен идеялар негізінде гибдридті түрде жүзеге асып жатыр. Неге биліктің қазақ мүддесін оқу-ағарту ісінде жығып бергені белгісіз. Бірақ ресейшіл пропаганда тарих, оқу-ағарту ісі, БАҚ, медиа, интертейнмент салаларын жаулап барады. Бзежинский ескерткен тілдік идентификациямыздың өзіне қауіп төніп тұр.  

Руслан Түсіпбеков Германияда неміс баласы немісше, Ресейде орыс баласы орысша оқиды, ал Қазақстанда неге біз өзімізді кем сезінеміз деп мәселені төтесінен қояды.

Қазір елімізде орыс балаларының саны аз. Биыл туған сәбилердің ішінде орыс балаларының саны 7-ақ пайыз, ал қазақ балаларының саны 82  пайыз. Яғни, 12 есе көп. Егер ұлты қазақ балалар жалпы білім беретін мектептерде тегін оқығысы келсе, тек қазақ мектептерінде оқитындай ету керек. Ал орысша, ағылшынша оқығысы келсе, мемлекетке ақы төлесін немесе жекеменшік мектептерде оқысын. Бұған қатысты заң қабылдау керек. Тіпті, Шымкентті қазақы жер десек те, орыс мектептеріне балаларын беріп жатқандар бар. Былтыр жазған статистиканы келтірсем, Астанада 30 пайызға жуық бала орысша оқиды. Шымкентте 10-15 пайыз шығар, бірақ ресми айта алмаймын мұны… Тиісті заң қабылдасақ, қазақтың балалары тек қазақша оқып, орыс мектептерінің мәселесі жабылады. Ал орыстар орысша оқи берсін. Олар бізге әсер етпейді. Бар мәселе орысша оқып жүрген қазақ балаларында боп тұр, – деп сөзін түйіндейді.

Кәмшат Тасболат, arasha

фото: kremlin.ru

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.