14-08-20 |
2330 рет қаралған
Шенеуніктердің мансабы өскен балалары. Олар кімдер?.
Шенеуніктердің мансабы өскен балалары. Олар кімдер?

Рас айтамын telegram каналы  президенттік жастар кадрлық резервіне кіргендер жайлы сараптама жасады. Төменда сараптаманы Рас айтамын telegram каналы ның авторлары рұқсатымен жариялап отырмыз.

***

Жақында мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік Tengrinews.kz сайтына президенттік жастар кадрлық резервіне кіргендер қандай жұмысқа орналасқаны жайлы ақпарат берді.

Ras aitamyn жап-жас бола тұра мықты қызметтердің басын шалған бұл жастардың туыстары да мықты екенін анықтады. Әлбетте, бұл жастардың мансабының құйрықты жұлдыздай өрлеуіне лауазымды қызметте жүрген туыс-туғандардың қатысы болмауы да мүмкін. Алайда Қазақстанда табысты және бай-бақуатты адамдардың балаларының да жолы болып, қызметі өрлейді.

32 жастағы Дархан Бейсенбай президент әкімшілігіндегі мемлекеттік басқару бөлімінің кеңесшісі қызметіне барған. Оның әкесінің аты Бауыржан, ал Бекешев Бауыржан Бейсенбайұлы “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары, бұған дейін ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ қаржы есебіндегі қосылмалы тұлғалардың тізімі де олардың әкелі-балалы екенін көрсетеді.

Дархан Бейсенбай 2015 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының «саясаттану» бағытындағы магистратура бөліміне түскен. 2017 жылы ұлттық экономика министрлігіндегі сыртқы сауданы дамыту департаментінде жұмыс істеген.

Дархан Бейсенбаймен Тоқаевтың әкімшілігіндегі мемлекеттік басқару бөліміне Абылайхан Шаймарданов та кеңесші болып барған. Абылайхан бұған дейін «Қазақстан даму банкі» АҚ-да несие анализі мен келісімдерді құрылымдау департаментінің бас менеджері қызметін атқарды. Оның әкесі Шаймарданов Нұрлан Құбайдоллаұлы дәрігер-инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ашық ақпарат көздерінде оның Абылайхан (28 жаста) және Жандос (33 жаста) есімді ұлдары бар екені жазылған.

Айтпақшы, Абылайхан Шаймардановтың ағасы Жандос Шаймарданов та президенттік жастар кадрлық резервіне кірген. Ағалы-інілі Шаймардановтардың президенттік кадрлар резервіне кіргенін «Бәйтерек» холдингі өз сайтында хабарлаған. Жандос Шаймарданов «Бәйтерек» холдингіне кіретін QazTech Ventures АҚ-ның басқарма төрағасы қызметін атқарды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі бұған дейін экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі, «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеп, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингтегі департамент директоры болған. Президенттік жастар кадрлық резервіне кірген соң, Жандос Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаментіне директор болып барған.

«Қазақстан ипоткалық компаниясы» ипотекалық ұйымы АҚ-ның қосалқы тұлғалар тізімі Абылайхан мен Жандостың туыс екенін көрсетеді.

Президенттік кадрлар резервіне кірген Азамат Өмірзақұлы Бейспековтің де әкесі – Өмірзақ Бейспеков қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары. Кадрлық резервке кірген соң Азамат Тоқаевтың әкімшілігіндегі әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал оның інісі Бейспеков Жандос Өмірзақұлы ASTANA FRESH ЖШС-ның басшысы болып шықты.

30 жастағы Сәкен Шаяхметов – Павлодар облысы әкімінің орынбасары. Бұған дейін премьер-министрдің кеңесшісі және премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды. Сәкен Шаяхметов Халық банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың ұлы.

30 жастағы Әнуар Жұмағұлов – «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ның қаржы, салықтық есеп және есептілік департаментінің бас маманы. Президенттік кадрлық резервке кіргенге дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында сатып алуларды үйлестіру және бағалау басқармасының басты маманы қызметін атқарды. Оның әкесі Жұмағұлов Марат Иманғалиұлы президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Кадрлық резервке кірген 34 жастағы Ержан Елекеев сараптама-талдау орталығы жетекшісінің орынбасары. Ержан Елекеев жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Ирак Елекеевтің ұлы.

Айтпақшы, осы кадрлық резервке іріктеле алмай қалған 20 шақты адам іріктеудің нәтижесі бұрмаланғанына шағымданып, сұрақтар тым қиын болды деген уәж келтірген. Соған қарағанда, кейіпкерлеріміз «1995 жылы 6 мың итальяндық лир неше бельгиялық франкке тең еді?» дегендей сұрақтарға еш қиналмастан бір минутта жауап бере алған шығар.

 

Бағдат Асылбек, Елнұр Әлімова, Рас айтамын telegram каналы 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.