arasha.kz

Шерзат ісі: «Тергеу құпиясына» кіретін видеолар блогерлердің қолына қалай түскен?Шерзат ісі:

Талғарда әке-шешесінің көзінше аяусыз өлтірілген 16 жастағы Шерзат Болаттың ісіне қатысты әлеуметтік желіде бірнеше видео жарияланып кетті. Бұған дейін «Қамажай» дүкеніндегі бақылау камераларының жазбаларын құқық қорғау органдары тәркілеген еді. Бұл видеолардың блогерлердің қолына қалай түскені қазірше белгісіз. Видеода дыбыс жоқ. Мамандар видеоның монтаждалғанын жоққа шығармайды. Жақында өткен брифингте ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов, ІІМ-нің тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов тергеу жайлы баяндап берген еді. Бүгін 10 адам күдікті ретінде ұсталған. Сондай-ақ, Әленовтың айтуынша, бейнежазбаның әлеуметтік желіде таралып кетуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Қоғам белсенділері «Талғардағы бассыздық» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізбек болған азаматтарды полицияның неліктен ұстап әкеткенін, болмаса полицияның өзі Қонаев қаласында қылмыстық істің видеосын жариялады ғой деп мәселені төтесінен қойып отыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабы «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу» мәселесін қамтиды. Оған сәйкес, «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуі тиіс. Олар егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн». Сондай-ақ, Қылмыстық Кодексiнің 423-бабы «Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария етуге» байланысты. Ал брифингте материалды прокурордың рұқсатымен жария еткен. Олардың қажет жағдайда жария етуге өкілеттіктері бар, – дейді танымал заңгер, адвокат Ләззат Ахатова.  

Адвокаттың айтуынша, бәрі де заң шеңберінде болуы керек.

Әрине, прокурордың рұқсаты болмаса полицияға да жариялауға болмайды. Себебі тергеуде түрлі жағдай өзгеруі мүмкін. Бірінші берген куәлік қалған түсініктерге қарама-қайшы болуы мүмкін. Өзін құтқару үшін өтірік куәлік беруі мүмкін… Түсінік мың өзгереді, тергеу біткенше. Тергеу аяқталғанда, соның бәрін нақтылап, анықтап, прокуратураға жібереді. Тергеу ұзаққа созылуы мүмкін, 2 жылға дейін созылатын істер бар. Нақты сотқа жеткенше өзгерістер болады. Соның бәрі жариялана берсе, хаос болады ғой, – дейді, білікті маман.  

Алматы облысында өткен брифингте полиция өкілдері «Шерзаттың әкесінің қолында белгісіз зат бар, оған сараптама тағайындалғанын» жеткізген еді. Артынша бірқатар блогерлер желіде «Қаржаубай Нұрымовтың әрекетіне құқықтық баға берілсін» деп шулады. Бұдан кейін баласынан айырылған, үйі өртенген Қаржаубай Нұрымов желіде видео жариялап:

Менің қылмысым бар екен… Олар пышақпен келді. Мен ол жерге «ручка» ұстап шықпайтын шығармын, болмаса қағаз алып… Мен жалбарынып, жалынып сұрадым олардан. Қолдарынан алдым. Артынан келіп істеп отырған тірлігі, – деп жауап берді.

Айтқандай-ақ, күдіктілерге қатысты кісі өлтіру, бұзақылық, қоқан-лоққы көрсету, қылмысты құзырлы органдарға хабарламау бойынша қылмыстық іс қозғалып, 3 пышақ пен 1 мылтықтың айғақ ретінде алынғаны жарияланып отыр.

Ләззат Ахатова бұған орай

 Қоғам да, депутаттар да бұл істі жіті бақылап жатыр. Қазір Шерзаттың әкесінің сөзі қоғамға өтеді. Ал оның қолында пышаққа ұқсас заттың болуына келсек, жауаптылық бар. Оны тергеу анықтайды. Мүмкін ол қорғану үшін алып шыққан шығар. Бірақ дәл анау қаныпезерліктің қасында бұл түк те емес. Ештеңемен ақтауға болмайды бұл қатыгез қылмысты… Істің ауырлығына қарай, жаза тағайындалады. Бұл іс үлкен резонанс туғызған соң, күдіктілердің жазасы ауырлайды, – дейді.

          Заңгердің айтуынша, бұл істі күні кешеге дейін Алматы облыстық полиция басшысы болған, ал қазір ІІМ орынбасары қызметін атқарып отырған Әленовке тапсырғаны белгілі. Ал полиция басшылары Талғарда «Хуторлық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың барын жоққа шығарып отыр. Бірақ БАҚ-тарда бұған дейін «Хуторлық» қылмыстық тобының қылмыстарына қатысты біраз материал жарияланған. КазТАГ-тың хабарлауынша, «2012 жылы Алматының ішкі аудандарында «Хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық тобы кеденші Медет Жамашевті өлтіріп кеткен. Бұл іс бойынша тұтқындалған Ержан Қасымбаев атаулы қылмыстық топтың басшысы деп айтылып жүрген Хасан Қасымбаевтың бауыры» екен. Бұған қатысты толық мәлімет «Время» газетінің «Хоргос на глиняных ногах» атты мақаласында (4 қазан 2017 жыл) берілген.

Адвокат Ләззат Ахатова ІІМ-нің «Хуторлық» қылмыстық тобының барын мойындамай отырғанын былай түсіндіреді.

Бізде кейбір сайттар мен блогерлер анық-қанығын білмей жатып, байбалам салып, елді жаңылыстырып жібереді. ІІМ содан да қорықса керек. Бірақ бұл топты тыныш қана құртатын шығар деп үміттенеміз, – дейді.

 Соңғы мәліметтер бойынша, Мемлекет басшысының өкімімен Айдос Рысбаев Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылған. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, аппарат басшылары өз қызметтерінен босатылған еді. Талғар әкімдігінде аппарат басшысы болған Аслан Қасымбаевтың «хуторлық Хасан» деп аталып жүрген адамның туған бауыры екені ашық дерек көздерінде жазылып жүр.

   Кәмшат Айтбайқызы,

Аrasha

Exit mobile version