08-01-19 |
4010 рет қаралған
Уа, қайда барамыз?!.
Уа, қайда барамыз?!

Қаладағы адамның өмірі қызық қой. Жұмыссыз қалсаңыз, сауып отырған сиырыңыз, бағып отырған қойыңыз жоқ, үйрек-тауығыңыз да болмайды, бір-ақ күнде бұл дүниедегі ең мүсәпір адамға айналасыз. Қаланың мінезі әлдеқайда қатыгез, тауары қалса «өзін де сатып жіберетін» саудагер мен шенеунікке қолдан жем беріп үйреткен пысықайға шексіз жомарт. Бірақ алда-жалда тұрақты табыстан (жалақыдан делік) қағылсаңыз, шегінерге жер қалмайтыны сұмдық. Қаладағы адам – жанын жалдап жүрген бір жанкешті. Жерге талас, орынға талас, клиентке талас, жолға талас, қайыршылар арасында қоқысқа талас… құрғақшылық жайлаған джунгли! Құрғақшылық кезінде ішерге су, жерге тамақ табылмай кенезесі кепкен шибөрінің жығылғанын күтіп, басқа ағайындары сүмеңдеп жүріп бақылайды екен. Құлаған тұста таласа-тармаса бөліп әкетеді. Қалада да солай. Бөліп әкетпесе де, адам жұмыссыз қалған сәтте қалғандары үдере жалт береді де, былайырақ шығып бақылауға көшеді. Ең қызық бақылау объектісі сіз боласыз (басыңызға бермесін, әрине). Сыртыңыздан қарап жүреді. Қаптаған адамның ішінде жападан-жалғыз қаласыз. Қаладағы әр адам – жалғыз.

Қалада жұмыссыз қалған адамның күнін елестетіп көрсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Алғашқыда жақын туыстар қарыз беретін шығар. Бірақ олардың да жағдайы белгілі ғой. Міне, бір күні мен де жұмыссыз қалдым. Азамат шығар деп бірқанша адамның алдына бардық (жұмыс іздемегенде, енді не істейсіз?), бәрі де қалтырап отырған пенделер ме, артымыздан «ойбай, ол бақсы-құшынаш емес пе еді, бәлесінен аулақ» дегендерін талай естідік.

Сайтанның қалжыңы сияқты бірдеңе. Бақсы-құшынаш, шайқы-бұрқыларға, арысы – әулие, берісі құмалақшыға ешқандай қатысымыз жоқ екенін салтанатты түрде жариялауға рұқсат етіңіздер! (О! Не деген керемет мәлімдеме! Кешіріңіз, осыған жеткізді). Қатысым жоқ делік, бірақ, ең қызығы, қазіргі қазақстандық азаматтардың өркениетті жұрттарда әлдеқашан құндылыққа айналған сенім, діни бостандық деген дүниелерді әлі де түсінбейтіндерге таңқаламын. Сенім, дін, діл деген дүниелер адамның жеке (интимді), аяулы мәселесі екенін түсіндіріп, менің жеке мәселелерімнің жұмысқа ешқандай қатысы жоқ (мүмкін мен йогамен айналысатын шығармын), сізге керегі менің мамандығым мен білімім деп ұқтырып көріңіз. 70 жыл адамды қорлап, жеке тұлғаның ой-пікірін, тіпті сезімі мен жүрегін уысында ұстаған тоталитарлық дүлей дәстүрдің екпіні әлі сол қалпы тұр екен. О, тоба! Кеңес үкіметінің «аруағы» әлі тірі екен! Енді қанша ғасыр жасайды екен, ә? Осындай қоғамды ары-бері зерттеп, мынадай қорытындыға келдім: қазір ешкім дін туралы ойламақ түгілі, өзінің жеке пікірін ұстанғысы келмейді, ешкім шынын айтпайды, оған десе дүние төңкеріліп кетсін, Қазақстан жайрап қалсын, мекеме шіріп кетсін. Тыныш жүру керек, тыныш. Жұмыстан шығып қалса қайтеді?! Қарап отырсаңыз, қаладағы қоғам – құдды құлдар қоғамы.

Сөйтіп, бір данышпан ойға құладым. «Осы ешкімге жалынбай-ақ, өз әңгімем өзімде болады, дүкенші, яғни кәсіпкер болып кетсем қайтеді?» Алақандай дүкен ашу үшін 40-50 ұсақ шенеуніктің алдынан өтеді екенсің. Шынымен керегі бар, өтірік талап етіп басыңды қатыратыны бар (пара сұрап отырған түрі деп ұғыңыз), 50-60 құжатты жасап болғанша, төрт-бес мың доллар ақшаңды осылар алады. Бермесең, саусағын қыбырлатпайды, сөзіңді тыңдамайды. Сіз Қазақстан Республикасының азаматысыз ба, бала-шаға бағып жатқан әкесіз бе, жұмыссыз адамсыз ба, әке-шешесі үмітін шүберекке түйіп отырған біреудің жалғыз ұлысыз ба, оған бәрібір. Түрлері ме? Түрлері бір-бірінен аусашы. Бәрі сәл семіздеу келеді, көздерінде жан болмайды, жем тілеп кілегейленіп тұрады, жүздерінде сәл-пәл жылылық бар-ау деп үміттенбеңіз. Дауыстары көбінекей жағымсыз. Жемін бергенде ғана біртүрлі жұмсарады, бірақ бәрібір коррупциялық тембр жоғалмайды. Тәбеттері – «түпсіз». Шырқырап кетіп, «көп қой мынауыңыз» десең, «жалғыз мен емес, маған қалатыны пәлен ғана» деп ақталады. Көбінің саусағы жоғарыны сілтейді. Билікке жапқан өтірік жаламыз емес, көргенімізді қаз қалпында айтып отырмыз. Заң бойынша пара бергенді де соттайды, соттаймыз десеңіздер – еріктеріңіз. Сөйтіп жүргенде, бір күні өзімнің «пысықтықты» өнер көре бастағанымды аңғардым. Басқаларға бір шекемнен қарап, қуақылана сөйлеймін бе, қалай? Бес-алты шенеунікке өз қолымнан «жемтігін» беріп шыққан соң байқасам, даусым өзімдікі емес, біреудікі сияқты. Жылмиып кіріп бара жатам, жымиып, айналама ұрлана қарап шығып келе жатам. Бір күні біреуімен дәлізде жолығып қалдым. «Берем» деп айтып қойғам. Кеңкілдеп өтірік күліп келіп амандастым. Ол да зорлана жымиған сұмдық бір кейіпте. Менімен бірер мезет әңгімелесіп тұруды өзіне парыз көрді ғой деймін, бір жағынан, өзінің кәнігі «жұмысы», мен оны мақтап тұрғанымды сездім. Бір кезде, омайт (!), дәліздегі айнаға көзім түсіп кетті. Аузым қисайып кеткен бе? Жо-жоқ, орнында сияқты. Әйтеуір, екеуміздің де аузымыз қорқынышты қимылдар жасап, жыбыр-жыбыр ете ме? Оның аузына бүкіл әлем ұбап-шұбап кіріп жатқандай бірдеңе жалт етті. Өзімнің түрім де әлемтапырық. Бірақ мен жалпоштанып, күліп-ақ тұр екем. Күліп тұрғаным жылап тұрғанға бергісіз бір аянышты хал. Селк ете қалдым. Қапелімде ол байқап қалды ма деп, тұрған жерімде ырғатылып, ебедейсіз қозғалақтап қоямын. Сайтан алғыр, осы кезде танитын біреулер сыртымнан қарап тұрған сияқты бір қолайсыз сезім сап ете қалғаны. Екі көзім ойнақшып кетті. Әлгі шегіртке шенеунік секем алды ма, менімен шалт қоштасты да, жалп етіп бір кабинетке кіріп кетті. Сөйтсем, қаладағы өмірге, ысқырып тұрған заманға күйлеймін деп, адамгершіліктен бастап, ар-ұятты, бала жастан келе жатқан намыс сияқты нәзік қасиеттерді жүректің түбіне қарай тықсыра беріппін, тықсыра беріппін, қамап, тұншықтыра беріппін. Сол күні ол байғұстар өлген-тірілгеніне қарамай атой сала бері ұмтылған екен. Дәл сол мезетте мен әлгі шенеунікпен дәлізде кезігіп қалыппын. Көңілдің көзі айнаға түсіп кетіп, мені түртіп оятқан. Содан кейін, ары қарай да дүкенге керек құжаттарды жөндей беруге өзімді-өзім көндіре алмай әлекке түстім. Ұсақ шенеуніктің алдына бармақ түгілі, аяқ басқан дыбысын естігің келмейтін күйге түседі екенсің. Дүкенге керек құжаттардың үштен екісін жасап болған кезде «жұмысты» тоқтаттым. Сол-ақ екен, жүрегімнің төрінде бір той басталды. Барлық «коррупциялық міндеттерімнен» бас тартып, құтылғаным үшін өзіме-өзім риза сияқтымын. Алты жастағы жалғыз ұлымды жолдағы туысымның үйінен алдым да, сол күні кештетіп үйге қайттым. Жаман машинамның айнасынан артта отырған балама қарап қоямын. Сол кезде сумаң етіп бір ит жолдың ортасына шыға келді. Мен тежегішті басып үлгірдім. Аман-есен өтіп кетті-ау, әйтеуір. Балам: «Әке, итті басуға болмай ма, оның да өмір сүргісі келе ме?» – демесі бар ма! «Оның да» дейді, «өмір» дейді. Сұрағының ішінде өзі де бар сияқты. Ішім қылп ете қалды. О, тоба! Ертең өскенде, бұл бала да, қазір өсіп жатқан барлық балалар да осы қоғаммен, «қазақстандық шенеунікпен» беттесе ме? Осыны ойлауым мұң екен, мемлекеттік жүйеміздің жұмысы қасиетті міндеттер арқалаған ел болудың қамы емес, бақсының биі, жынның ойыны сияқты көрініп кеткені… Сол өмір ме екен?! Өмір емес, әрине. Шындыққа тіке қарайық, жалтармаңыз! Көшеге шыққанда бір-біріңізге де қараңыздар.

Содан тұнжырап ұзақ ойға берілдім. Осылай кете береміз бе? Жапондар қазіргі мемлекетін қалай құрып шықты екен? Франция мен Германияда қоғам қалай тазарған? Бізге не жетті? «Жерұйық» деген түсінік, халықтық арман қазақта да бар еді ғой. Бір заманда есімді жисам, «Кеңес одағының аруағындай» созылып жатқан Фурманов көшесіндегі кітап дүкенінің тұсы. Көптен қаперде жүрген жаңағы мемлекеттердің тарихы туралы кітаптар ойға оралды. «Тоқтауға болмайды» деген жол белгілері қаптап тұр. Мен тоқтадым. Маған қазір ереже бұзғаным қайғы емес, қайғым басқа еді. Пәтерақы төлеймін деп (төлемесеңіз, қиып тастайды) сақтап жүрген ақшамды судай шашып, оншақты кітап алып шықтым.

Бұрын да шоқып-шоқып біраз кітап оқып едік. Жаңағы кітаптарды да үтір-нүктесін қалдырмай қалдырмай мұқият оқып шықтым. Түсінген дүнием – әуелі дені дұрыс саяси жүйе құрып шықпай, шенеуніктер диктатурасы жойылмайды. Авторитарлы мемлекеттің саяси жүйесі тағдыр сыйға тартқан ерекше сәтті оқиғалар қатар-қатар тоқайласпаса, бір ғасырдың өзінде де, бәлки, мәңгілік мешеу күйінде қала беруі мүмкін дейді. Ал саяси жүйе дегеніңіз екі-ақ түрлі болатын көрінеді. Бірі – жемқор жүйе, екіншісі – меритократиялық, яғни адам сіңірген еңбегіне, тәжірибесіне, тазалығына қарай өсетін, әділ қоғам. Сондықтан мәселе мемлекеттік жүйенің демократиялы немесе авторитарлы болуында емес сияқты. Осы ретте Қытай мен Жапонияға қарасақ та жеткілікті болар еді. Екі түрлі жүйе, бірақ екеуі де ұлттың буынан жемқорлықты түсірген жоқ. Түйгенім – бар мәселе саяси элита қалай іріктелетінінде. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, ұры-қары (жемқорлар) мемлекет басына шығып кетпеуі керек. Бір барды ма, ортасына әділет атаулыны кіргізбейтін жабық «гильдияға» айналады. Бұл құбылыстың табиғаты сондай екен.

Бірақ осы дүниелерді біздің қазақ түсіне ме? Бірде «Алаш қозғалысы» деген кітапты ақтарыстырып отырып, ХХ ғасыр басындағы қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың: «Біздің қазақ теорияларды түсінбейді, оған көз алдында көрініп тұрған қойы, киізі, арбасы туралы айтсаң ғана ұғады», – деп жазғанын көзім шалып қалды. Осы сөз рас па? Сөзі тасқа түсіп, артына қалған қазақтың көбін ақтарып, қазақ туралы жазғандарын теріп шықтым. Бұрындары Абайға онша сеніңкіремейтін едім.

Қасымыздағы Ресей кейінгі жылдары етек-жеңін жинап, үлкен өзгеріске бет алғандай көрінеді. Ресей билігіне держава мүддесін өзінің жеке мүддесінен жоғары қоятын мемлекетшіл саясаткерлер келген сыңайлы. Егер дәл осылай болса, бұл толқын орыстың адал саясаткерлерінің тұтас буынын қалыптастыруы мүмкін. Д.Медведев осы мәселені мемлекеттік істердің алдыңғы қатарына шығарып отыр. Президент болып келе салған бетте Ресейде «президент квотасы» пайда болатынын айтты. Іскер, қабілетті, қолы таза әрі мемлекетшіл әкімшілік кадрларының қоры жасалуға тиіс. Бұл квота, Д.Медведевтің айтуынша, шенеуніктерді біліктілік тұрғысынан іріктейді, лас элементтерден тазалайды. Орыстың мемлекетшілдігі онда қытайдың уытты менталитетінен кем соқпайтын болады. Бұл квотаның есігін таза ұстауға Ресейдің жоғарғы билігінің моральдық қуаты жетіп қалуы да мүмкін. Өзімізбен тетелес, күні кеше Кеңес одағының шекпенінен шыққан елдердің де түзеле бастағаны ғой. Украина үш-төрт жыл бұрын әділ сайлауға көшіп алды.

Ал біздің қоғам қайда бет алды? Бізде мемлекет басқарудың әкімшілік мектебі қалыптасып жатыр ма? Қалыптасса, бизнес пен билік неге тұтасып кетті? Қоғам қисапсыз байлар мен жаппай кедейлер болып неге екіге жарылды? Ал қалған қара халық мемлекеттің сапалы қызметін көріп жатыр деп айта аласыз ба? Конституцияны да қарап шықтық, мемлекет халықтікі екен (рас айтам, қарап шықсаңыз болады). Қазақстанды әу баста солай деп құрыппыз. Мәселен, орыс халқының ғажап дарынды ұлдары көп, тарихында да, бүгінде де. Сол тұлғалары туралы деректі фильмдері де көп. Қапысыз туған дарындарына біздің халқымыз да өз мемлекетін басқарта ала ма, әлде бүгінгі байшыкештердің балаларына бұл мемлекет мирасқа қала ма? Ең басты сұрақ – ұлттың буынына түсіп бара жатқан ұрлықты (жемқорлықты) тоқтата аламыз ба?

Қалыптасқан ұлттар екі түрлі жол тауыпты. Бірі – Батыстың демократиясы. Мұнда билікті халық жасақтап отырады. Бұл да дәлдігі асып тұрған жүйе емес. Бірақ қоғамдық сана берілген еркіндікті дұрыс пайдалана алса, бұл жүйе нәтижесін береді, жердегі жұмақты көруіңіз ғажап емес. Негізгі қағидасы – халық 4-5 жылға белгілі бір адамдарға мандат береді. Ешқандай жаманшылығы білінбесе, тағы 4-5 жылға созады. Бірақ бұл жүйе жеміс беру үшін бір ғана шарт орындалуы керек. Сайлау әділ өтуге тиіс. Бұл шарт орындалмаса, ешқандай пайда жоқ. Жемқорлыққа белшеден батқан күйі іріп-шіріп жата бересің.

Екінші жол – өз бойын өте таза ұстайтын, ерекше мұраттар мен ауыр парызды төбесіне тұтқан киелі билік. Бұл – көбінесе Шығыста (Қытай, Жапония, Ресей, Иран, т.б.) іске асқан тәжірибе. Тіпті Қытай, Жапония сияқты елдерде билеуші топ мемлекетшілдік қағидасының шырқау биігіне көтерілген кездері жиі. Кейбір Шығыс елдері өздерінің осы терең дәстүрімен қоса, Батыстың жолын да аралас қолдануы мүмкін (Оңтүстік Корея, Жапония). Бұл Шығыс елдерінің билігі алған беттерінен бұрылмайды, шайқалмайды, тәртіп пен тұтастыққа үйренген, көктен түскен, мәңгілік бір бағдарламаның орындаушылары сияқты. Жақсы мағынасындағы зомби! Элитаға кіретін адамға қылаудай кір жұқпауға тиіс. Киелі бойын кір шалса, өлімнен кем тимейді. Алыпқашпа өсектің өзі үкіметтің тарауына әкеп соғатын кездері болып жатады.

Истеблишмент деп нені айтамыз? Бұл – мемлекет билігінің ұшар басындағы адамдар. Яғни үкімет, парламент, т.б. биліктің республикалық деңгейі. Біздің осы истеблишментіміз төменгі шенеуніктерден тамырын үзіп, ұлт айдынына шарықтай көтерілді ме? Біздіңше, төменнен «ресурс» жинап, ай сайын «әлденіп» отыратын әдеттерінен әлі де болса арыла алмай жатқандай. Бұған үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға кіріскен соңғы жарты жылда көрген жоғарыдағы хикаяларымыз кепіл.

Біздің осы шенеуніктерді енді «А» және «Б» деген екі корпусқа бөлетін болыпты. «А» корпусына «Б» корпусынан көзге түскендерін іріктеп өткізеді екен. «А» корпусына өткендер өседі. Меніңше, бұдан ештеңе өзгермейді. «Б» корпусы мен «А» корпусының арасындағы дәлізге кімді отырғызса, соның шылқа майға бататыны белгілі. Керісінше, бұдан биліктің қазіргі жабық гильдия қалпы беки түседі. Өйткені, бізде қытайдағыдай немесе жапондағыдай әкімшілік мектебі, мемлекеттік тәртіп дәстүрі қалыптаспаған.

Қазақ баласының ондай мемлекетшіл қатаң принципке қалыптасуы ең қиын шаруа. Смағұл Сәдуақасовтың жаңағы сөзінде жан бар. Мәшһүр Жүсіптен бастап Жүсіпбек Аймауытовқа дейін қазақты (халықты) осылай суреттегенін оқып, еріксіз ойға қаласыз. Өлім үстінде, той үстінде дүние бөлісе алмай таласатын қазақтың образы М.Әуезовтен бастап, Ш.Мұртазаның шығармаларына дейін бар, тегін емес, өмірден туған жиынтық бейне. Сондықтан мемлекетті нығайтудың Ресей, Қытай, Жапония, Сингапур ұстанып отырған шығыстық тәсілі қазаққа тән емес, қолынан келмейтін шаруа.

Қазақтың тәртіпсіз мінезін, жүйелі дүниетанымға бағына алмайтынын сол қазақтың өзіне көмек берем деп жүріп сотқа түскен Ж.Аймауытовтың жауабынан аңдайсыз. Жүсіпбек 1926 жылдың көктемінде аштыққа ұшырағандарға жылу жиып, жол жылу үлестіру кезінде малға таласқан қазақтың жаласына қалады. Сотта сөйлеген сөзінде қазақтың әуелгі дағдысын, жапқан жаласының мал таласынан шығып жатқанын айтады. «Қазақ елінің өтірік, өсекке шеберлігі бар, сондықтан бұл адамдардың бұдан да ауыр іс істеулері, әрине, ғажап емес еді.Мәселен, қазақ бәлен жерде большевик бар десе, большевик болады. Алаш бар десе, Алаш болады. Міне, бұдан қазақшылық шығады.

Қазақ – шенқұмар халық. Осы шенқұмарлық арқасында өтірік шағым қазақ арасында көп болады. Сондықтан қазақ арасында біреуге біреу шын сөйлесе алмайды, себебі, шын сөйлейік десең, ол адам біртүрлі қастық ойлап отырады. Бұл – қазақ арасында ең жаман әдеттің бірі. Сондықтан әркім өз басын сақтау үшін сөйлесіп отырғанда біреуін біреуі өте аңдып отырады. Сонымен бастарын сақтайды.

Қазақ арасында және пікір үшін талас болмайды. Бұл қазақтың өзімшілдігін көрсетеді». Өзімшілдік дегені – жетілмей жатқан жабайы индивидуализм, сірә.

Пікір үшін талас болмайтыны қазіргі тәуелсіз заманымыздың да шындығы болып отыр. Мемлекетті басқару формасы, конституциялық және әкімшілік реформа, сайлау туралы заң, билікті бақылау және оған ықпал ету тетіктері, саясаттағы әділет принциптері мен оны іске асырудың механизмдері жөнінде әлі күнге дейін ұлттық көзқарас, бұқара арасында қандай да бір талап туындаған емес. Қаладағы халық та, ауылдағы халық та көзіне көрініп тұрған өз шаруасымен, билік те өз «жұмысымен» әуре болып жүр-ау, шамасы.

Қытайдағы мемлекетшіл қағида, қатал тәртіп ұрлықты, жемқорлықты жеңді, жапондар да коррупцияға қарсы өз бойларынан иммунитет тапты. Ал біз өзіміздің шаруашылығы алқам-салқам, жағасы жайлауда жатқан, жалпақшешей халық екенімізді ежелден білеміз. Оның үстіне, біздің топшылдық дертіміз және бар. Ақтабан шұбырындыға неден ұшырадық, орысқа қалай жем болдық, Алашорданың да Батыс Алашорда, шығыс Алашорда, Түркістандықтар, одан кейінгілердің де Қожановшылар, Сәдуақасовшылар, Рысқұловшылар, Меңдешевшілер болып бөлінгенін білеміз. Мынау С.Қожановтың өз сөзі: «Біздегі топшылдық шенқұмарлықтан шығады, ал саяси айтыс-тартыс пен рушылдық мұны қоздыра түседі.

Мен де кезінде топшылдықтан шет қалмадым, оны мойындаймын, бірақ осы топшылдықтың Қазақстан мүддесіне зиян әкеліп жатқанын айтып, ең бірінші болып шырылдаған мен едім. Билікте тұрғанымда топшылдықты тыя алмағаным – менің ең үлкен күйінішім…» Кеңестік кезеңде де билікте, қыл аяғы әдебиетте болған алдыңғы ағалардың екіге, үшке жарылған кезін де білеміз. Бірақ бұл топшылдық үлкен категориялық немесе теориялық қайшылықтар үшін болса, біз әлдеқайда бақытты болар едік. Өкінішке қарай, олай емес қой. Қазір де қазақ атқамінерлерінің топ-топ болып жүргені рас. Төменгі жағының өзі ұсақ, түкке жарамайтын топтарға толып тұр. Ал жай қазақтың күнделікті мемлекеттік қызметтің шекесін қыздырмайтыны және белгілі. Тамыры бар, туысы бар, ағайын, жекжат, құдасы бар, одан қалса, өзінің жеке принциптерін қайда жібересіз? Сондықтан Қытай, Жапония, Сингапур немесе Малайзия сияқты мемлекеттік қағидасы терең дәстүрге сүйенген қоғам құрамыз деп өзеуреудің реті бар ма? «Пәлен жерде большевик бар десе, большевик болатын, Алаш бар десе, Алаш болатын» қазақтың табиғи даму жолы басқа тарапта жатыр.

Қазақтан Шығыстың діл беріктігі, дін беріктігі, мемлекеттік қағидаға адалдық табылмаса, онда адамгершіліктен аттап кете береді деп өзіміз сөге беретін Батыстың тақ-тұқ еткен, көбінше арифметикаға сүйенетін (дауыс санау) құрғақ технологиясына айналып келіп біз де түсуіміз керек. Қазақ мұқым адамзаттан ерен шығып, ғажайып жол тауып жатса, керемет болар еді. Дегенмен готтардың, кельттер мен галлдардың қазақтар сияқты әу бастан авторитарлы һәм діни-философиялық ділге, ұжымдық тас-түйін тәртіпке бейім болмағаны тарихтан белгілі. Олардың ғасырлар бойы іздеп, ақыры келген ақылы – барлық индивидтер мен саяси топтардың (партиялардың) арасындағы теңдік жүйесін құрып, соған сүйеніп даму. Бара-бара, халықтың дауысын санайтын неше түрлі формулалар дүниеге келді. Батыс осы жүйенің өзіне қаншама құрбандықтарға барып отырып әрең жетті. Дүниетанымы мен болмысы жағынан қазаққа да түбі осы жүйе қолайлы, соның өзінде де оған жету үшін, манағы айтқандай, тарих бізге сәтті оқиғаларды, ғажайып өзгерістерді сыйға тартуға тиіс. Үлкен арманның көзден мәңгілікке бұл-бұл ұшуы да ықтимал екенін ұмытпаңыз.

Қарыштап дамып барамыз, дұрыс қоғамның негізін қалап жатырмыз деп өзімізді алдарқата берудің аса қажеті жоқ. Енді мемлекеттік құрылысқа, қоғамды дамытушы институттарға жан беретін баянды жүйенің негізін қалауға кіріспей кете беретін болсақ, Қытаймен, Ресеймен саяси одақ (басында конфедерация болсақ, одан арғысы белгілі дүние) құруымыз да мүмкін. Олай болса, бүгінгі мемлекет құру жұмысынан не мағына қалады? Сондықтан ұлтымыз үшін төменгі шенеуніктен бұрын жоғарғы истеблишментті іріктеп, қайта жасақтау маңызды мәселеге айналып келеді. Әуелі сайлау реформасы қажет. Осы 17 жыл ішінде биліктің халықтан алыстап, өгей алпауытқа айналу қаупінің шындық екеніне, жоғарғы жақтағы топтардың арасындағы аяусыз соғыстың кез келген сәтте тұтатып кететініне, төменгі шенеуніктің ұрлығы мен қызметін сатуын тоқтата алмайтынына көз жетті. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясының басшылығы құрамына елімізде ресми тіркелген барлық партиялардың бір-бір мүшесі енуге тиіс. Ал ОСК-ның төрағасы атқарушы бастық қана болып белгіленуі шарт. Әсіресе, халықтың берген дауысы қандай жағдайда болсын ашық түрде саналуы қажет. Өйткені, біздің саяси жүйеміздің дамуы, ұлттық байлықтың тең бөлінуі, яғни тұрмысымыздың жақсаруы, басқа да игіліктердің қолға тиюі сайлау комиссияларының демократиялық қағидалар арқылы жасақталуымен, олардың берген дауысты сол қалпы шынайы көрсетуімен тікелей байланысты. Оңшыл-либерализмді таңдап алған қоғамда (біз де осы жүйені таңдап алғанбыз) сайлау реформасынан аттап өтіп, басқа реформаларды іске асырамын, мемлекетшіл тәртіп, ары таза элита қалыптастырамын деу бекер әурешілікке салады. Бұл – күні кеше пайда болған, біздің шығарған ереже емес, Еуропа тарихы дәлелдеген аксиома.

Екінші мәселе – жоғарғы билікті жасақтау ережесін түбегейлі өзгерту қажет. Әзірге үкіметті қауіпті талас-тартыс туғызбай Республика президенті Н.Ә.Назарбаев тағайындап отыр. Қазіргі мемлекеттік жүйе жағдайында бұл пайдалы да. Бірақ «ұзақ мерзімді болашақта» (бұл кейіннен шыққан саяси термин) «пост» немесе «нео»-кезеңде (мұны біз шығардық) топшылдық дертіміз қозып, ешқандай ережесіз, белгілі бір тәртіпке сүйенбейтін талас, шексіз билікке деген талас басталса қайтеміз? Осы кезде ұлттық, діни ұрандардың өзін пайдалана беретін, әскери ресурстарды да іске қосудан тайынбайтын өлермендер пайда болса ше? Тәуелсіздік алған кейінгі жылдары ондай ұмтылыстар болмады деп айта аласыз ба? Сондықтан жоғарғы билікті жасақтау ережесін түбегейлі өзгерту қажеттігі – пісіп-жетілген мәселе. Жоғарғы билік (парламент пен үкіметті жасақтау, басқа да республикалық дәрежедегі билік органдарының басшыларын сайлау немесе тағайындау, әкімдерді сайлау немесе тағайындау ережелерін өзгерту) қалыптасатындай жағдайға алдағы 5 жылда жетіп үлгерген жөн. Себебі, Қазақстан өзінің ең күрделі, жауапты тарихи кезеңіне жақындап келеді. Мұны да ойлауымыз керек. Алысты болжамайтын, стратегиялық тұрғыда әрекет жасамайтын ұлт болмайды (қазақ та солай өмір сүретін шығар). Жетіп үлгермесек, бұл мәселенің шешілуі тағы бір 20-30 жылға шегеріледі. Сол уақыт ішінде келесі ұрпақтың өзі шімірікпес сезімсіз болып кетері анық. Қазірдің өзінде қоғам ішінде коррупцияны, сыбайластықты, «мәке-сәкені» қимайтындар, онсыз қалай өмір сүруге болады деп ойлайтындар көп.

Бірақ, біздің ойымызша, Қазақстандағы қазіргі қоғамды ешкім әдейі құрған жоқ. Бастапқыда, 90 жылдардың басында қандай жолмен болса да мемлекетті сақтап қалу керек еді. Ол үшін мықты президенттік билік қажет болғаны рас. Және президент өзіне сенімді адамдармен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл – аса ауыр тарихи жауапкершілікті мойнына алған ірі тұлғаның, ұлы саясаткердің лажсыз қадамы шығар. Енді осы ұлы адам ұлы күйінде қалуы керек. Ұрпаққа үлгі боларлық жаңа тарихты жасауға міндетті. Әмбе, ірі тарихи, саяси тұлға үшін ең маңызды, тағдырлы және ең қымбат дүние – артында қалатын репутациясы (беделі). Репутация – мәңгілік ескерткіш. Бірақ ол бір бұзылса, қайта құралмайтын нәзік дүние. Әлі де болса уақыт бар екені анық. Ең бастысы – Президент мемлекеттік жүйені демократияның негізгі қалыбына ыңғайлай бастады. Қазақстан атты үлкен кеменің тарих теңізіндегі баяу құрылысы саясаткерлерге, қоғам мен мәдениет қайраткерлеріне сезіліп отырған шығар.

Қазақстанда осы жылдар ішінде демократияның инфрақұрылымы дайындалды. Парламенттің үйі, депутаттардың пәтерлері бар. Парламентіміз бір партиялы болса да, соңғы конституциялық өзгерістерден кейін пропорционалды сайлау жүйесі дүниеге келді (ОСК-ның қалай жасақталатыны бөлек әңгіме). Президент соңғы сөзінде (сайлау нәтижесін күтпестен) келесі парламент екі партиядан құралуы тиіс дегенді айтты. Бұл тарихи қадам болмақ. Біз «Нұр Отанның» бөліп-жармай билеп-төстеуінен бір табан болса да алыстаймыз деген сөз. Яғни саяси дискурстың, балама ұсыныстың, саяси бәсекенің ең алғашқы бүршігі пайда болады. Бұл – Қазақстанның саяси тарихындағы ең елеулі оқиға. Бірақ болашақта бізді бұдан да үлкен өзгерістер күтіп тұрғанына сенімдіміз. Өйткені, пропорционалды сайлау жүйесі партиялық парламентті дүниеге әкелу үшін, сөйтіп, үкіметті парламенттегі партиялар жасақтау үшін, яғни халық ең көп дауыс берген бағдарлама орындалу үшін пайда болған жүйе. Біздіңше, пропорционалды сайлау жүйесін президент тегін енгізген жоқ. Сіз, мәселен, теңізден жүзіп өту үшін  мотоцикл мініп шықпайсыз. Ең қызығы, мұндай жүйеде президент лауазымына орын жоқ. Өйткені, үкімет халық дауыс берген бағдарламаны орындауға «тікелей» кірісуі керек. Егер Германиядағыдай президенттік лауазым бола қалса, ол лауазымдағы адам сыртқы саясатпен ғана айналысуы мүмкін немесе үкімет пен парламент арасындағы саяси дағдарысты шешу кезінде бір рет қана қолданылатын өкілеттілік иесі болып қала береді. Біздіңше, президент өзінің ұлылығын жоғалтпай, Қазақстан тарихындағы саяси қайраткерліктің эталоны ретінде қалуды көздейді. Осы ретте бізді келесі бесжылдықта үлкен өзгерістер күтіп тұрғаны күмәнсіз. Ал егер пропорционалды сайлау жүйесі тек ЕҚЫҰ-ны алдау үшін енгізілсе, онда болашақты ойлаудың өзі қорқынышты. Мемлекеттік істерде белгілі бір логика, стратегия болуы керек қой. Онда манағы айтқан репутацияның жағдайы не болар екен? Репутацияның орнына тек саяси анекдоттар қалуы мүмкін.

Егер пропорционалды сайлау жүйесі бекерден-бекер енгізілмеген болса, онда біздің мемлекеттік жүйе демократияның негізгі қалыбына түсуге кәдімгідей жақындап келді. Ондай болса, жаңағы айтылған төменгі шенеуніктердің «А» және «Б» корпусы шынымен іріктеудің құралына айналуы мүмкін. Өйткені, билікке жету сайлау нәтижесіне тәуелді болса, оның үстіне, төменгі шенеуніктер қызметі саяси қызмет емес, әкімшілік қызмет болып анықталып, олар саясаттан аластатылса (олар партияға мүше болмайды. Егер партияға кіріп, саясатпен айналысатын болса, онда ол шенеунік әкімшілік қызметтен кетуі керек), онда сайлау сайын ауысып отратын билік өзіне кір келмес үшін оларды шынымен іріктеуге тырысар еді. Бұл арманның бір ғана өткелі бар. Ол – шынайы сайлау реформасы. Сайлау реформасы дегенде, пропорционалды сайлау жүйесін ауыстыру емес (бұл жүйеден айырылмағанымыз жақсы), Орталық сайлау комиссиясы басшылығының жасақталу ережесін өзгертудің өзі бүкіл саяси жүйеміздегі ең маңызды реформа болмақ.

Рахат МАМЫРБЕК

Мақала туралы анықтама:

Саясаттанушы, белгілі журналист Рахат Мамырбектің «Уа, қайда барамыз?!» сараптамалық мақаласы  алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінің 2008 жылғы 26 қыркүйектегі санында жарияланды. Р.Мамырбек мұнда өзінің жұмыссыз қалған кезіндегі жеке шаруа бастау ұмтылысын қоғам мерездерімен шебер байланыстырады, шенеуніктердің образын сипаттайды. Мақалада тарихи кезеңде мемлекеттілікті сақтап қалуға тырысқан тұлғаның болашақ ұрпақ алдындағы беделі қазіргі қазақ қоғамы үшін аса қымбат екенін меңзейді. Сараптама мақала «Ұлт туралы арман» кітабынан алынып, жарияланып отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.