26-10-20 |
2630 рет қаралған
Жастар, өзгерісті өзгеден емес, өзімізден талап етейік!.
Жастар, өзгерісті өзгеден емес, өзімізден талап етейік!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрсақ да біздің жағдайымыз әлі күнге дейін қоғамдық сананы жаңғыртуға байлаулы боп тұр. Бұл бағытта қаншама Жолдаулар жарияланып, түрлі бағдарламалар мен стратегиялар қабылданса да оның нәтижесін көріп, сезініп отырғандар аз. Сонда біз қай жерден қателестік, неден сабақ алмадық? «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы мен бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның жүзеге асырылуына көңілі толмайтындар неге бұл мәселені жан-жақты талдап, одан тұжырым шығара алмай жүр?

Алаштың ұлы қайраткерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов 1920 жылы «Еңбек туы» газетінің 3 номеріндегі «Жастар кім?» деген мақаласында: «Бұрынғы оқығандарға жастар сын тағатын. Не деп – «ескішілсіңдер, байшылсыңдар, бай құмарсыңдар, пайдакүнемсіңдер; кісінің ажарына қарай іс қыласыңдар; қазақты бойларыңа аса үйір қыламын деп жаман мінездерін бойларыңа сіңіріп алдыңдар; ылғи әдіспен жүремін деп көзге көрінерлік берекелі іс шығара алмадыңдар» деп. Бұрынғы оқығандарды халық іс жүзінде көрді. Жастардың жоғарыдағы сыны өтірік пе, шын ба, өздері байқар… Бұлай болса, бәріне бірдей ақжүрек болмадың, әділ қызмет қылмадың деп кінә қоюға да болмайды. Заман түзеліп, бұлт ашылып, сәуле жайылған сайын адам да ағармақ, ескі күннен жирнбек. Ескіліктің кірін,істеп өткен мінін, жақсылықтың шетін көрген сайын жаңа рух пайда болып, алдыңғы заманның адамы түзеле бермек», – деп жазған екен. Осыдан 100 жыл бұрын айылса да, бұл өз маңызын жойған жоқ. ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылы 2 қыркүйекте жариялаған Жолдауында: «қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру… биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде – «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» дегенді айтты. Бұл өзгерісті өзінен емес, өзгеден іздейтіндерге ой салып жатса, қанеки.

Біздің пайымдауымша, қоғамдық сананы жаңғыртудағы түйткілдің бәрі жеке адамның «менің дауысымды кім естір дейсің» деген өзіне деген ішкі сенімінің төмендігінен туындап отыр. Сондықтан да әңгімесінің бәрі дастархан мен диваннан айналасынан шықпай, іште жатып тұншығып, жарыққа шыға алмай қалғандықтан азаматтық белсенділігіне қозғау сала алмай жүр. Егер осы қоғамда өмір сүре отырып, өзінің одан ешқашан тысқары қала алмайтынын түйсініп, әрекетін сөзбен емес, ісімен дәлелдейтін болса өзгерісті сезіп ғана қоймай, өзі соның бел ортасында жүретіні күмәнсіз. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын кезінде: «мен эволюциялық дамуды қоғамды біртіндеп, жан-жақты дайындап алып барып реформалауды жақтаймын» деп айтқан болатын. Елбасының және оны Мемлекет басшысы ретінде өз қызметін атқару кезінде дәл солай жүзеге асырғаны ешкімге жасырын емес. Алдымен экономика, содан кейін саясат деген тұжырым нарықтың өтпелі кезінде белгілі бір деңгейде өзін-өзі ақтағанмен, жаһандық ықпалдастық дәуірінде ғұмыры шектеулі болып шықты. «Демократиялық еркіндік жоқ жерде экономикалық еркіндіктің болуы де болуы мүмкін емес» екенін Президент те кеш түсінген сияқты. 2018 жылы басталған әлемдік ғаламдық қаржы дағдарысының әсері Қазақстанды да шарпыды. Ұзақ жылдар бойы қордаланып келе жатқан әлеуметтік теңсіздіктен туындаған қайшылық пен билік пен халықтың арасындағы алшақтықты түзеуге бұл өз ықпалын тигізді. Сондықтан 2019 жылы Елбасының биліктен өз еркімен бас тартуы қоғамды кәдімгідей елең еткізгенімен, саяси партиялар арасындағы белсенділікке айтарлықтай қозғау сала алмады. Н.Назарбевтың «Егер қоғам ашық болмаса, онда оны жеке адамның немесе партияның диктатурасы алмастырады» деген сөзі шындыққа айналды. «NurOtan»-ның партияішілік праймеризі мен Парламент Мәжілісі мен Мәслихат сайлауының 2021 жылғы қаңтардың 10-ына белгіленуінен кейінгі әлеуметтік желіде жарияланған пікірлер мен оған қатысты талқылаулардың өзі қоғамдық сананың жаңғыруына белгілі бір деңгейде уақыт керектігін көрсетті. «Сайлау туралы» заңға енгізілетін жаңа өзгерістер мен толықтырулардың жобасы талқыланған кезде белсенділік танытпай, ол қабылданып кеткен соң ғана өзінің конституциялық құқы мен еркіндігін айтып, партиялық тізімге қатысты алашапқын боп жүрген кейбір ағайынның әрекеті кейде еріксіз езуге күлкі үйіреді. Өйткені Елбасы айтқандай «демокоратия мен заңдылық – бөлінбейтін нәрселер. Бірінсіз екіншісі өмір сүре алмайды. Шынайы саяси мәдениет те тап осыған арқа сүйейді». Яғни мақаланың басында айтып өткендей қазақ қоғамының әлі күнге дейін толықтай заң үстемдігі салтанат құрған зайырлы мемлекетке айнала алмай отырғанының басты себебі Президентте ғана байланысты емес. Жаңа толқын жастардың партия аясында бірігіп, өз мақсаты мен арманын жүзеге асыру жолында саяси мәдениетінің жетілмегенінде шығар. Үлкен өзгеріске дайындығы да, тәжірибесі де жоқ оларды сынауға да, ақтауға да болады. Алайда бұл үшін келер ұрпақ ешкімнің басынан сипамасы анық.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.