26-07-23 |
7840 рет қаралған
Желідегі үгіт-насихат та жауапкершілік жүктейді.
Желідегі үгіт-насихат та жауапкершілік жүктейді

Бүгінде әлеуметтік желінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Оны көпшілік бұрынғыдай уақыт өткізу үшін ғана қолданбайды. Қазір әлеуметтік желілер қоғамдық пікірдің мінбері, тауарлар мен қызметтердің жарнама алаңына, тіпті саяси текетірестің де «құралына» айналып кеткен. Әсіресе соңғы жылдардағы сайлауларда тетігін тапқандар әлеуметтік желілерде белсенді үгіт-насихат жүргізе бастады. Көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатқан «Онлайн платформалар және онлайн жарнама» Заңы да жаңа медианы сайлау кезінде қолданудың құқықтық негіздерін қарастырады.

Өткен жылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттар мен партиялардың онлайн белсенділігіне назар аударып, желіде өзін-өзі немесе әлдекімдерді жарнамалайтындардың әрекеті заңмен реттелмегенін тілге тиек еткен. Президент ескертпесінен соң салалық ведомство «Онлайн платформалар және онлайн жарнама» Заңының жобасын Парламентке ұсынған.

 Расында соңғы жылдары саяси науқан алдындағы үгіт-насихат жұмыстарында әлеуметтік желінің арнайы платформа ретінде қолданыла бастағаны жасырын емес.

Виртуалды кеңістікте сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәжірибесі әлемнің озық елдеріне аса таңсық емес. Сол себептен де АҚШ пен Еуропаның кейбір елдерінде танымал әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің құқықтық нормативтері мен арнайы регламенті түзілген.  Ал біздің виртуалы кеңістік 2021 жылғы Парламент Мәжіліс мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы қарсаңында саяси белсенді бола бастады. Саясаттанушылар осы тұста жеңіске жету үшін кандидаттар тарапынан танымал блогерлердің парақшаларына үгіт-насихат материалдарын орнластырумен бірге жаңа пабликтер, каналдар ашу арқылы да іске кіріскендер болғанын айтады.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты шығарған «Президент сайлауы – 2022: алғышарты, хроникасы және қорытындылары»: ұжымдық монографиясында кандидаттардың сайлау алдында интернет-технологияларды қолдану тәжірибесіне зерттеу жүргізілген екен. Бұл орайда кандидаттар мен бірге олардың сайлауалды штабтарының, штаб жетекшілері мен мүшелерінің желідегі белсенділігі тым жоғары болғанға ұқсайды. Сонымен бірге әлеуметтік желілердің аудиториясын кеңірек зерттеп соған сай үгіт-насихат мазмұнындағы контенттерді жүктеп көзге түсіп, ондағы тікелей эфирге шығу мүмкіндігін халықпен кері байланыстың құралы ретінде пайдаланғандар болған.

Штаб басшылары да өздерінің жеке парақшаларында кандидаттың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қоймай қарсыластарына сес көрсетуге тырысып баққан.  

Жинақта Президент сайлауы алдында интернет арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің жаңалығы ретіне  жеке сайттар мен Telegram арналары сияқты платформалардың пайдаланылуын атап өткен. Бұл қатарға кей кандидаттарға арналған  фан-парақшалардың көптеп ашылуын қосуға болады.  

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Әлия Мұсабекова әлеуметтік желілерде саяси тақырыптарға қызығушылық жыл санап артып келе жатқанын айтады. Бұл – әлеуметтік желілер арқылы сайлауалды үгіт-насихат жүргізетіндер үшін таптырмас мүмкіндік.

«Азаматтар әлеуметтік желілерді жай ғана уақыт өткізу үшін емес, ақпарат көзі ретінде пайдаланады.   Оның үстіне желі қолданушыларының негізгі аудиториясы  ақпаратты қазақ тілінде алуға құштарлық таныта бастады. Сәйкесінше қазақ тіліде жазылған саяси тақырыптардағы контенттерге сұраныс артпаса, кеміген жоқ. 

Сондықтан да сайлауға дайындық кезінде жалпы сайлау процесінде аудиториялар мен коммуникация арналарына талдау жүргізу қажет. Халықтың жартысы – 35 жастан кіші жастар екенін ескерсек, әлеуметтік желілер саяси қайраткерлер мен азаматтардың «кездесу орны» және саяси коммуникациялардың негізгі құралына айналғанын аңғаруға болады», дейді спикер.

 Қалай десек те, қоғам цифрлы тәуелділікпен бетпе-бет келді. Күн сайын, тіпті сағат сайын әлеуметтік желідегі жаңалықтар таспасын бір жаңартып қою қалыпты әдетке айналып бара жатыр. Мұндай жағдайда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының да онлайн режимге көшуінен қашып құтыла алмаймыз. Әрі бұл тенденцияның тиімділігінің жоғары екенін де естен шығаруға болмайды.

Демек «Онлайн платформалар және онлайн жарнама», «Қазақстан Республикасы сайлау туралы» заңдарының аясында әлеуметтік желіні сайлауалды үгіт-насихат кезінде қолдану тәртібін реттеу құптарлық қадам. Бұл интернет кеңістікке «тәртіп» орнатып қана қоймай, елдің ішкі шаруасы саналатын саяи додағы сыртқы күштердің белсенді араласуын шектеу үшін де керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.