08-04-22 |
Сауалнама: Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей пропагандасының жетегіне еріп барады.
Сауалнама: Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей пропагандасының жетегіне еріп барады

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі” тақырыбында сауалнама жүргізіп, нәтижесін жариялады.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сауалнама қатысушылардың басым көпшілігі Ресей пропагандасына еріп бара жатқаны байқалған. Зерттеу қортындысында:

«Зерттеу қорытындысына сәйкес, 36% респондент Украинада қазір “Ресейдің Украинадағы ұлтшылдарға қарсы әскери операциясы” болып жатыр дегенге сенеді. 26% “Украинада НАТО әскерін орналастыруға жол бермеу үшін болып жатқан Ресей-Украин соғысы” болып жатыр дейді. “Украинаны басып алу мақсатында болып жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыс” дегендер – 13%.  Респонденттердің сұрақтарға қай тілде жауап бергені мен қақтығысты қалай атайтыны арасында байланыс бар. Мәселен, “әскери операция” тіркесін сұрақтарға орыс тілінде жауап бергендердің 39%-ы, қазақша жауап бергендердің 27%-ы таңдаған. 

Қазақша жауап берген қатысушылар мен орысша жауап берген қатысушылардың көзқарастары әртүрлі екенін атап өту қажет. Мысалы, “Тараптардың қайсысын жақтайсыз?” деген сұраққа қатысушылардың небәрі 10%-і Украинаны таңдаған. Қазақша жауап берген респонденттердің 20%-і “Украина жағындамын” десе, орыстілді респонденттер ішінде 6% ғана Украинаны қолдайтынын айтқан. Ресей жақтастарының арасында да бұл айырмашылық байқалады, қазақша жауап бергендер 20%, орысша жауап бергендер 45%.

Респонденттердің 39%-і бұл соғыста Ресейді жақтайды. Олардың жартысына жуығы (46%) бейтарап қалуды жөн көреді. Еркектер мен әйелдердің жауаптарын салыстырсақ, еркектер Ресейге қарағанда (46%) Украинаны (58%) жақтайтыны байқалады.

Қатысушыларға “Мұндай жағдайда Қазақстан қалай әрекет етуі керек?” деген сұрақ қойылды. Украинаны қолдау қажет және Батыс елдерімен серіктестік қарым-қатынасты дамыту керек” деген нұсқаны 6% таңдады. “Түркі мемлекеттерінің кеңесін нығайту керек” дегендер – 14%. 12% “Әскери потенциалды жетілдіру керек” дейді. “Ресейді қолдау қажет және ЕАЭС елдерімен серіктестік қарым-қатынасты нығайту керек” деген нұсқаны 36% респондент таңдады. Бұл сұраққа келгенде 39% қатысушы бейтарап қалуды жөн көрген. 

Зерттеу барысында санкция және басқа да факторлардың салдарынан Қазақстанға ресейлік мигранттар қоныс аударатын болса, халықтың қалай қарсы алатынын білмекші болдық.  Жалпы алғанда, респонденттердің көбі (59%) ресейліктердің қоныс аударуын құптайды.  Басына күн туып, отанынан кетуге мәжбүр болған халықты қазақ халқы әркезде де бауырына басқанын айтып, ата-бабамыздың қонақжайлығын жалғастырған дұрыс деген қатысушылар – 34%. 14% олардың саяси көзқарасын жақсылап тексерген соң ғана елге кіргізу керек дейді. 11% Қазақстанға жаңа мамандарды тартуға мүмкіндік туады дегенді айтты.

Сауалнама нәтижелері халықтың ресейлік БАҚ ықпалына өте қатты тәуелді екенін, Қазақстанда бір жақты ақпараттың көп таралып жатқанын көрсетті.  Бұл жағдайда отандық ақпараттық саясаттың тәуелсіздігі туралы сөз қозғап,  ең болмағанда, көпвекторлы тұжырымдамаға сәйкес, медиада бір ғана тараптың даусын естіртіп, екінші тараптың дауысын тұншықтырмау керектігін айту артық. 

Бұл қазақстандық аудиторияға пропаганданың, қазіргі жағдайда басқыншылық соғыстың ықпалын едәуір әлсіретеді. Оған қазақстандық Қылмыстық кодексте тыйым салынған және оны әлемдік қоғамдастық да айыптаған.

Бүгінде  Ақорда мен ресми БАҚ-тың соғыс туралы риторикасы ақпараттық алаңда әлсіз болып тұр. Мұны  БАҚ-тың агрессивті нарративтері ұтымды пайдаланып отыр. Нәтижесінде, халықтың көбі кімнің даусы қаттырақ шықса, соның сөзіне еріп кеткені жасырын емес.  Бұл жағдайда, ең болмағанда, азаматтардың медиасауат деңгейін арттырып, дезинформация мен фейктердің таралуына, пропаганданың сананы улауына жол бермеу керек», – делінген. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.