Жемқорлықты жеңу үшін алдымен адамдардың санасы өзгеруі керек!.
Жемқорлықты жеңу үшін алдымен адамдардың санасы өзгеруі керек!

Өзінің құқығын сұрап, қайта-қайта сауал қойған адамды жақтыра бермейтіндер көп. Солай бола тұрса да заңдарды жатқа соғып, өз талабын төтесінен қойған өзге ұлт өкілдерінің турашылдығына таңдана қараймыз. Сүйсіне, қуаттаймыз. Олардан біздің қай жеріміз кем? Бәріміз де тілімізге, ұлтымызға, білімімізге қарамастан Қазақстан Республикасының теңдей құқыққа ие азаматтары емеспіз бе?

Дәл осы сауалды біз түсіндіру шараларын ұйымдастырған кезде тұрғындардың бәріне қоямыз. Әрі құқықтық сауаттылыққа үйретеміз. Сауатты адамның сергелдеңге түспейтінін, жолбикелерге желінбейтінін ұқтыруға тырысамыз. Өкініштісі сол, азаматтардың көбі заңдарды оқуға, құқықтық құжаттармен танысуға ынталы емес. «Анау айтып жатыр ғой» деп елдің сөзіне сенуге бейім. Қазіргідей қажетті мәліметті интернеттен лезде тауып алатын мүмкіндік бардың өзінде, басқалардың пікіріне құлақ түргіш. Тіпті, құзырлы орыннан мамандар түсіндіріп, заңды өз көзімен оқығанның өзінде басқа жұрт не дейді екен деп айналасына жалтақтап тұрады. Егер біз құқығымызды таптатқымыз келмесе осындай немқұрайдылықтан жоғары тұруымыз керек. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықтан арылу үшін сауатты көтерудің маңызы зор.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті біз ең алдымен өз арамыздан бастап, оның болуына жағдай туғызбай жұмыс істеуіміз керек. Тұңғыш Президентіміз бағдар еткен жыл сайынғы Жолдаулардан халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күрес жүргізу мәселесі шет қалған емес. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдаудың бір тарауының тұтастай жегіқұртпен күреске бағытталауы сөзіміздің дәлелі.

 Өркениетті елдер көшіне ілесуге серпін беретін бұл құжатта мемлекеттік қызметтерді толықтай электрондық форматқа көшіру, тұтынушылармен арадағы қарым-қатынасты цифрландыру міндеті жүктелген еді. Алғашқы кездері электрондық қызметтерге сенімсіздік танытқан халық қазір ретімен жылжитын кезекке, жүйелі көрсетілетін қызметке көңілі тола бастады. Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталығында ғана емес, азаматтар сұраныс түсіретін мемлекеттік құрылымдардың бәрінде заманауи құрылғылардың көмегіне сүйенген қызметкерлер сапалы, жедел, ашық жұмыс жүргізуде. Қолдан кедергі жасаудың ауылы келмеске кетті. Әсіресе, электрондық сандық қолтаңбаға ие болған азаматтардың үйде, кеңседе отырып-ақ өзіне қажетті ақпараттарға сұрау жолдап, оны басып шығаруға мүмкіндіктің тууы көп түйткілдің жолын кесті. Енді интернеті бар азаматтар мемлекеттік мекемелердің есігін қағып тұрмайды. Мұның өзі үлкен жетістік. Және мұны осы қалпында қалдырмай, электрондық қызметтің мүмкіндігін әрі қарай пайдалана, дамыта берген жөн. Өйткені, электрондық қызмет – жемқорлықтың тамырына балта шабады.

Жалпы, Қазақстан 2025 жылы сыбайлас жемқорлық деректері кеміген 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Соған орай, барлық салада сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, алдын алу жұмыстарын күшейту тұрақты назарда. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қоғамның әрбір мүшесінің, Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында да жегіқұрттың алдын алу жалқының емес, жалпының парызы екені дәйектелген. Себебі, жемқорлықтың зардабы үлкен. Іштен жейтін індет тұтас мемлекеттің дамуын тежеп қана қоймай, елдің қауіпсіздігіне қатер, болашағына қатер туғызатыны белгілі. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес, шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартып, сыбайластық көріністерін барынша азайту мақсатында мемлекеттік қызметтер саласын көтеру бойынша кешенді шаралар көбеюде. Осы мақсатта «Электронды үкімет» тиімді жұмыс жүргізіп, электронды қызмет сыбайластықты азайтуда. Ең бастысы, сыбайластықты заңмен де, қатал жазамен де жоюдың мүмкін еместігін өркениетті елдер тәжірибесі алға шығарып отыр. Жемқорлықты жеңу үшін алдымен адамдардың санасы өзгеруі керек!

Дастан КАЛИБЕКОВ,

Алматы облысы

Ақсу аудандық

Әділет басқармасының басшысы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.