12-11-20 | 09:52
Семей кәсіпкерлері карантинді жеңілдетуді талап етті.
Семей кәсіпкерлері карантинді жеңілдетуді талап етті

Семейлік кәсіпкер жергілікті биліктен карантинді жеңілдетіп, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік беруін сұрап отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Шаш-етектен шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдері орталық алаңға жиналып наразылықтарын білдірді. «Бізде табыс көзі жоқ. Төлейтін коммуналдық шығындарымыз бар. Несиеміз бар. Соны жабу үшін бір ай бұрын қайтадан несие алдық. Енді міне коммуналдық төлем қайтадан келді. Бізге оны төлеу үшін ары қарай қайтуіміз керек? – дейді кәсіпкер Қымбат Мұхаметжанова.
Қаланың 50-ге жуық кәсіпкері осымен екінші мәрте наразылық білдіріп отыр. Олардың барлығы өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген шектеулерге қарсы. Өйткені қауылда сауда орындары және моншаларға жұмыс күндері кешкі сағат 10-ға дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Ал демалыс күндері тіпті жабық тұруы керек. Соның кесірінен кәсіпкерлер шығындарын жаба алмай жүр екен. Алайда жергілікті билік бұл қатаң тәртіп әлі де сақталатынын жеткізді. Себебі, індет ошағына айналған өңір қызыл аймақтан шыққанша карантинді жеңілдетуге болмайды. «Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, мейрамхана, бар, кафелер жұмыс істей алады. Бірақ сыйымдылығы 50 пайыздан аспауы керек. Ал түнде және демалыс күндері жұмыс істеулеріңізге мүлдем рұқсат берілмейді. Індет жайлап жатқанда дүркіреген той ұйымдастыруларыңызға болмайды», – деді кәсіпкерлерге Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk