12-12-19 | 17:13
Сенат Байқоңыр жерінің бір бөлігін Қазақстанға қайтару туралы заң қабылдады.
Сенат Байқоңыр жерінің бір бөлігін Қазақстанға қайтару туралы заң қабылдады

Қазақстанның парламент cенаты бейсенбідегі пленарлы отырыста “1994 жылдың 10 желтоқсанынан бастап күшіне енген Қазақстан мен Ресей арасындағы  “Байқоғыр” комплексін жалға беру келісімшартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау  туралы” заң қабылдады. Мұны “Интерфакс-Қазақстан” агенттігі жазады.

Осылайша, заң тұтастай алғанда Парламент қабылдаған деп есептеледі және Қазақстан Президентіне қол қоюға жіберіледі.

Хаттамаға 9 қараша 2017 жылы Челябинск қаласында қол қойылды.

Атап айтқанда, хаттамамен “Байқоңыр” кешенін жалға беру шартына №2 қосымшаға өзгеріс енгізіледі, ол РФ жалға беруден шығарылатын 11,6 мың га жер учаскелерін қайтаруды көздейді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, барлығы 4 жер учаскесін жалға беруден шығарылады.

“Қайтарылатын жер учаскелері Республикалық маңызы бар нысандар құрылысы үшін (“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізін, Алматы – Мәскеу темір жолын салу үшін және “Бейнеу – Шымкент” газ құбырының желілік бөлігі үшін) және Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам ауылын дамыту үшін қайта бөлінеді”, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, аталған учаскелерді қайтару Ресей тарапының жыл сайынғы жалдау ақысын қысқартуды көздемейді, деп қосты Сапаров.

Сондай-ақ, оның айтуынша, құжат Әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

“Байқоңыр” кешенін Ресей Қазақстаннан жалға алып отыр. Кешен Байқоңыр қаласынан және “Байқоңыр” ғарыш айлағынан тұрады. Қалада 76,5 мыңнан астам адам тұрады, оның 60% – ы – Қазақстан азаматтары, 37% – ы Ресей азаматтары. Байқоңыр әкімшілігінің басшысы Ресей мен Қазақстан Президенттерінің Жарлықтарымен тағайындалады.

Қалада ресейлік билік органдары, соның ішінде қалалық әкімшілік, муниципалдық кәсіпорындар мен мекемелер және құқық тәртібін қамтамасыз ететін құрылымдар жұмыс істейді.

Қазақстаннан Байқоңырда Президенттің арнайы өкілі және өздерінің күш құрылымдарының өкілдігі бар, олар арқылы Ресей және қазақстандық мемлекеттік органдар мен министрліктер арасындағы үйлестіру және өзара іс-қимыл жүргізіледі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.