17-08-22 |
«Шеттету мәселені шешпейді»: Ақтөбеде 350 орамалды оқушы бөлек мектепте оқиды.
«Шеттету мәселені шешпейді»: Ақтөбеде 350 орамалды оқушы бөлек мектепте оқиды

Санаулы күнде жаңа оқу жылы басталады. Орамалды оқушы мәселесі елімізде әлі де өзекті. Оқу-ағарту министрлігі тұмшаланған оқушыларға қатысты нақты шешімді айтқан жоқ. Ал бірнеше рет теракт оқиғасы болған Ақтөбе облысы орамал таққан оқушыларға бөлек мектеп ашып берді. Оқшаулау тығырықтан шығудың жолы ма? Ертең діни лабораторияға айналған мектептерде дін мәселесі ушығып кетпей ме? Ғалымдар дабыл қақты. Шенеуніктер болса жайбырақат.

Қазір Ақтөбеде орамал таққан оқушыларға арналған арнайы Құнан жеке мектеп-лицейі жұмыс істеп тұр. Мұнда 350-ден аса қыз бала оқиды. Еліміздің батыс аймағындағы орамал таққан оқушыларға арналған жалғыз білім ордасына сұраныс жоғары. Мұнда басқа облыстардан келіп, білім алуға ниет білдірушілер саны артқан. Мектеп басшылығы дін жолындағы ата-аналардың өтінішіне сай ұстаздарды да 100 пайызға әйел адамдарға ауыстырғанын айтты.

«Мұндай мектеп батыс аймағында жоқ. Жалғыз. Бізге баласын кіргізгісі келетіндер өте көп. Бәрін қабылдауға мүмкіндік жоқ. Метепке орналасудың басты шарты – Ақтөбе қаласының тұрғыны болу. Кәмелеттік жасқа толмаған оқушы ата-анасының қасында болуы керек. Осы талапқа сай көшіп келгендер аз болмады. Ата-аналардың ұсынысына сай мектептегі ұстаздар жүз пайыз қыз-келіншектерге өзгертілді», – дейді Құнан мектеп-лицейінің директоры Айгүл Молдашева.

Жеке мектепте барлық балаға оқулықтың тегін берілетінін білдік. Мектеп басшылығы білім ордасында діни шаралар өтпейтінін айтып сендірді. Білім министрлігінің талабына сай оқу жүйесіне басымдық берілген. Балаларды жан-жақты дамыту үшін спорт залдың материалдық базасын нығайтып, арнайы пәндердің кабинеттері жабдықталған.

Алғашында ақылы мектеп болып ашылған Құнан жеке мектеп–лицейі республикалық қаржы орталығының қолдауымен өткен жылы ақысыз жұмыс істеді. Қаржы орталығы берген ақша мұғалімдердің жалақысы мен салықтан ауыспайтынын алға тартқан мектеп әкімшілігі биыл жаңа оқу жылынан бастап білім алуды ақылы қылған.
«Біздің ата-аналарымыздың дені көп балалы, аз қамтылған немесе жұмыссыз отбасылар.

Көпшілігінің әлеуметтік жағдайы өте төмен. Сондықтан ата-аналарға жаз бойы ескертіп жатырмыз. Мектепте білім алатын әр оқушы үшін ата-ана айына 30 мың теңге төлеуі тиіс»,- дейді мектеп директоры.

Үйінде бірнеше қызы бар отбасылар қайтпек? Қыркүйекте орамал дауы қайта ушықпай ма?
«Қазақстан зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы мекеме»,- деп осыған дейін пікір білдірген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов орамалды оқушы мәселесінде инклюзивті қоғам болуға шақырумен ғана шектелді. Министр орамалды оқушыға тыйым немесе рұқсат етуге қатысты пікірін нақтыламады.

Ғалымдар орамал таққан оқушы мәселесіне мемлекет араласатын уақыт келгенін айтып, дабыл қақты. Оларды бөлек тәрбиелеу жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін екенін есте ұстауға шақырады.

«Мәселе мемлекеттік деңгейде зерделенуі керек. Бізде қанша оқушы орамал тағады? Қанша бала онлайн оқыды? Нешеуін мектептен шығарып алынған? Министрлік соның барлығына сараптама жасап, мемлекетік деңгейде қарастырылатындай сұраққа айналса, шешімі табылар еді. Белгілі бір азаматтардың бөлектенуі – жақсылыққа апаратын шаруа емес. Оларды ысыра беру, «орамалың бар» деп кеудесінен итеру мәселені шешпейді. Жағдайды ушықтыра беруі мүмкін. Сондықтан мемлекет сенім бостандығы, дін ұстану құқығы деген нәрселерге назар аударса. Қыз бала шариғат талаптарына жетіп, өз еркіммен осы форманы таңдаймын деп айта алатын құқығы болуы керек. Біз құқықтық мемлекетпіз. Ол құқық аяққа тапталмауы тиіс. Мүмкін жаппай болмаса да белгілі бір сыныптарда тәжірибе түрінде қарастыру керек шығар. Бұл сұрақты қалдыра беру мәселені шешпейді. Екінші жағынан радикалды топтар да мұны өздеріне көзір ретінде пайдалануы мүмкін. «Мемлекет тыйым салып жатыр, бостандық бермей жатыр» деп мемлекетті дінсіздікпен кінәлау деген сияқты талпыныстар бар. Мәслені жан-жақты шешу керек. Рұқсат берудің өзі басқа ата-аналарға зиянын тигізбей ме, наразылық туғызбай ма, орамал таққан қыздар мектепте басқа көзқарас танытпай ма? Орамал тақпайтын қыздардың оларға көзқарасы басқа болып кетпей ме? Мектеп діни лабораторияға айналып, айқай-шуға ұласпай ма деген сұрақтар өлшеніп барып, шешім қабылдануы керек», – дейді философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан.

Мектепте 40 жыл ұстаздық етіп, бала тәрбиелеген ардагер ұстаздар да орамалды оқушы мәселесіне бей-жай қарамау керек деген пікірде. Мектеп оқушысының санасын дінмен емес, біліммен, қазақы тәрбиемен толтыру керек деген ойын айтты.

«Мектепте оқу формасы қатаң сақталуы керек. Форма – жәй киім емес. Ол – тәрбие. Мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактор. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Орамалды оқушыны бөлек оқыту бұрыс көзқарасты қалыптастырады. Қазақ қызын тұмшалап қоймаған. Шашын екі жақтан өріп, басына төбетей кигізген. Бөлек оқытуды алып тастау керек деп ойлаймын. Керісінше, қарапайым мектептегі оқушылардың қатарына қосып, санасын басқа салт- дәстүрден тазарту керек. Қазақы тәрбие насихатталуы тиіс. Қазақта тұмшалану болмаған. Келін болғанда орамалын тақсын. Соны түсінуіміз керек. Өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Ұлттығымыз тілімізде, дінімізде емес пе? Біз неге оны ұмытамыз?»,- дейді ардагер ұстаз Қуаныш Ракишева. Оның айтуынша, ең сорақысы орамал таққандарды бөлек оқыту Қазақстанды екіге бөліп, діндарлар мен дінсіздердің арасындағы шиеленіске әкелуі мүмкін.

Ал 2000-ға жуық жат ағым өкілі есепке алынған Ақтөбе өңірінде соңғы кездері көшеде қара жамылған, бетін бүркеп жүретін әйел адамдар көбейіп кетті. Карантиннен кейін бақылауды бәсеңсітіп алған жоқпыз ба? Орамалды оқушыларын бөлек оқытатын Ақтөбедегі діни жағдай қалай? Сауалды облыс басшысына қойдық.

«Менің ойымша, бақылау тұрақты. Жалпы есеп бойынша 2000-ға жуық адам есепте бар. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл жерде сырттан келген ешкім жоқ. Бәрі де өзіміздің балаларымыз. Әрине, әркімнің наным-сенімі бар. Оларды жау ретінде көруге болмайды. Қазақстанда толық құқығы бар азаматтар деп түсінуіміз керек. Кейде әлеуметтік мәселелерден бас тартып, өзімен-өзі ерекшеленіп жүрген тұрғындар жоқ емес. Оларды жұмысқа тартуымыз керек. Оларды жабайы деп көрмей, керісінше қолдау көрсету арқылы мәселе шешу керек. Орамал тағатын оқушылар білім алып жүрген Құнан мектебі бар. Осындай мүмкіндік беріп отырмыз. Егер оқушы орамалын шешкісі келмесе, Құнан мектебіне беруге болады. Көп жағдайда ата-аналардың әсері бар. Жалпы еліміз зайырлы мемлекет», – дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысында 68 мешітте бас имам, наиб имам, молдаларды қосқанда 118 діни қызметкер жұмыс істейді. Олардың 78 пайызының жоғары білімі бар.

Мектеп формасы жәй киім емес, тәрбие құралы. Орамалға қатысты ойды сан-саққа жүгірткен ой шешімін таппай тұр әлі.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk