Шолақайдағы қылмысқа ұлтаралық мәселенің еш қатысы жоқ.
Шолақайдағы қылмысқа ұлтаралық мәселенің еш қатысы жоқ

Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылындағы қылмысқа қатысты Жетісу облысы полиция департаменті мәлімдеме таратты. Бұл Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағат жазды.

«Панфилов ауданының Шолақай ауылында кәмелетке толмаған баланы зорлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.

Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті анықталып, қамауға алынды. Тергеу барысында күдікке ілініп, ұсталған жергілікті тұрғынның 1984 жылы туғаны және бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сондай-ақ, оның айуандықпен жасаған қылмысының іздерін жасыру мақсатында мәйітті өртеуге тырысқаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 10-тармағы (басқа қылмысты жасыру мақсатында) және 14-тармағы (көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру), сондай-ақ ҚР ҚК 120-бабы 3-бөлігі 1-тармағы (кәмелетке толмаған адамды зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес күдіктінің аса ауыр қылмысы үшін ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аталған қылмысты облыстық департаменттің қызметкерлері мен Панфилов ауданының полицейлері бірлесіп әшкереледі. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу іс-шаралары толыққанды жүргізілуде. Дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Жәбірленушінің тараптың жасөспірім қыздың өліміне басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжамдары ескеріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында күмән тудырған жайттар жан-жақты тексерілетін болады. Тергеу жұмыстарына облыстық полицияның тергеу басқармасындағы ең тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылды.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде осы дерекке қатысты жалған ақпарат тоқтаусыз таратылуда. Бұл үрдіс қоғамдық көңіл-күйді бұзып, құқық қорғау органдарына сенімсіздік тудыруда. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрнеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қаралатынын ескертеміз және азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенім білдіруін сұраймыз.

Сондай-ақ, туыстарының кәмелетке толмаған қызды өз бетінше іздеу жұмыстарының нәтижесі болмағаннан кейін полицияның көмегіне жүгінгені және тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың із-түссіз жоғалғаны туралы деректі дереу тіркеп, іздеу амалдарына кіріскенін атап өтеміз.

Сондай-ақ, туындаған қоғамдық резонансқа байланысты Панфилов ауданында полиция жасақтары күшейтілгенін хабарлаймыз. Елдімекендердегі құқықтық тәртіп бақылауға алынды» делінген ақпаратта.

Бұған дейін Жетісу облысы әкімінің баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Думан Алтынбекұлы қылмыстық оқиғада «Бұл жерде ұлтаралық мәселенің де еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Облыс әкімшілігінің, құқық қорғау органдарының бақылауында» деген еді.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk