«Жаңа Қазақстанның» басым бағытты еліміздегі үш мегополисті жан-жақты дамыту. Және бұрынғы басшылық кезінде ірі қалаларды дамытуға арналған экономикалық-әлеуметтік жобалар сөз жүзінде қалғандығын Алматыда туындаған «Барахолка» дауы дәлелдеп отыр.
Миллиондар қаласында мыңдаған отбасыны жұмыспен қамтып отырған Алматының базарлары екендігі еш дау тудырмайды. Өкінішке қарай, «Борохолка» дауы күннен-күнге өрши түсуде. Алматы әкімдігінің «айттым бітті, кестім үзілдіге» салып, сауда кәсіпкерлерінің жанайқайларына құлақ түрмеуі, тіпті сот шешімдерін орындауға келгенде белден басушылық саясат ұстануы мәселені даусыз шешуге емес, шоқ-шоқ дауды қыздыра түсуге бейілділігін аңғартады дейді кәсіпкерлер.
Кеше Алматыда «Алматы қаласы әкімдігінің мақсаты не? «Барахолканы» жаңғырту ма, жабу ма?» атты баспасөз жиыны өтті. Халық арасында «Барахолка» атанып кеткен бірнеше базардың өкілдері 2015 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан модернизациялау ісінің кем-кетіктерін һәм Алматы әкімдігінің белден басушылық саясатын ашынып айтты. Президенттен араша сұрап, үндеу жариялады.
Әуелде экс-әкім Бауыржан Байбектің көзі түскен «Рахат» базары мен «ТКМ» ЖШС өкілдері енді Досаев әкімдігінің қолдан жасаған кедергілерімен күресіп жатқандығын айтты.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ СОТ БИЛІГІНЕ ТОЛЫҚ СЕНІМ АРТА АЛМАЙМЫЗ!
ЖАМИЛЯ ТӨЛЕНОВА, заңгер, «ТКМ» ЖШС-нің өкілі:
– Қараңыздар, 2011 жылғы 11 сәуірдегі сол кездегі әкім Есімов қол қойған қаулы. Алматы қаласындағы кейбір зираттарды жабу туралы қаулы. Мұнда Жетісу ауданында орналасқан 5 зират бар, соның ішінде «барахолканың» айналасында орналасқан 2 зират 2011 жылы жабылған.
Жабылған зиратпенен құрылыс туралы заң талаптарына сай арақашықтықта параметр өзгереді. Ол жерде 300 метрді сақтаудың қажеті жоқ. Жабық зираттардың тізімінде осы екі зират бар – Рысқұлов бойында орналасқан «Бродский 132» зираты. Аумағы – 43 гектар 608 сотық. Екіншісі – «Дублер» зираты, аумағы 12 гектар. Осы екі зират маңында 2021 жылғы 18 қарашада қала әкімінің қаулысымен абатандыруға берілген 55 гектардан астам жер бар. Сауда объектілерінің кейбірі осы зираттың аумағына кіріп кеткен. Осының ортасына сквер кімге керек?
56-57 гектарға жуық жерге мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінді? 2021 жылы бұл зиратқа абаттандыруға деп берген кезде, мемлекеттен қаржы бөлінгені белгілі.
3 мамырда скверге берілген жерге қаулы шықты. Бас жоспардың бекітілгенін күткені көрініп тұр. Аудан әкімінің орынбасары Әбдіқадыров жер комиссиясы кезінде айтты: «Бюджеттен ақша бөлінді. Сквер салынады», – деді.
ҚАШАННАН БЕРІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ЖӘНЕ СОТ ЖҮЙЕСІ ӘКІМДІКТІҢ ҚҰРЫЛЫМЫНА ЕНІП КЕТКЕН?
Бюджет ақшасынан құйтұрқы түрде сквер салуға ақша бөліп отырған аудан әкімдігін жауапқа тартатын билік бар ма? «Рахат» базары бойынша өтіп жатқан соттардың нәтижесі бойынша мен Алматы қаласының сот билігіне толық сенім арта алмаймын. Олардың әрекетінің бәрі күмән тудырады.
Қаладағы полиция департаментінің бастығы, генерал, кездеулерде әкімнің алдында жас балаша орнынан атып тұрып, сұраққа жауап береді, өз кестесіне түзету енгізеді. Қаланың прокуроры да солай. Әкімнің шашбауын көтеріп жүреді. Прокурор мен полиция басшысы бүкіл елдің алдында әкімнің айтқанынан шыға алмайтынын дәлелдеп отырған кезде, әділетсіздік көрген халық кімге бару керек? Қашаннан бері құқық қорғау органдары және сот жүйесі әкімдіктің құрылымына еніп кеткен?
ДАУДЫҢ АРАСЫНДА НАЗАРБАЕВТЫҢ «БАЖАСЫНЫҢ» АТЫ АТЫ ШЫҒЫП ОТЫР…
Бұның бәрінің зардабын шегіп отырған бір «Рахат» қана емес, «Евразия» базары да бар. «Евразия» базары әупірімдеп жүріп, қылмыстық іс қозғалтты. Овсянников Мәскеуде, дым болмағандай бизнесін жүргізіп отыр.
Осы істің артын қазып келгенде, Жантелеев Дастан деген адам шығады. Қалалық мәслихатқа кандидат, бұрынғы президент Назарбаевтың «бажасы», Ақтоты Исабекованың жұбайы – сол кісінің аты шығып отыр.
Қазір материалдармен танысып, адамдармен кездескен кездегі біздің түйгеніміз – «Евразия» сауда үйі Овсянниковтың меншігіне берілген жерде тұр ма, әлде Жантелеев сияқты билікке жақын адамдардың меншігіне өтіп кетті ме? Бұның бәрін қазбалап, тексеретін құқық қорғау органы дәрменсіз. Бір ғана фамилия, «семьяның туысы» деген сөз құлаққа тисе, бәрі бірден «паралич» күйге түседі. Заң кім үшін қабылданып жатыр, сонда?
Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, заңгер ретінде және бізге сенім артып отырған «Рахат» және «Евразия» сауда үйі кәсіпкерлері атынан заң үстемдігін талап етеміз! Заң үстемдігі болмай, біздің елде қанша жарнамаласақ та әділдік орнамайды!
Біз өткеннің сарқыншағынан құтыла алмай отырмыз. Себебі ол фамиялияның бәрі біздің санамызға жатталып қалған.
Сот билігінен қатаң жауаптылықты сұраймыз! Сот Конституцияны басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының атынан шешім шығарады. Олар өздерінің жеке басын күйттеп, әкімдікке жалтақтап, өздерінің жағдайларын жасау үшін, пәтері үшін солардың айтқанына көнуге мәжбүр болатын болса, бұл елдің ертеңіне күмән бар.
Құқық қорғау органдарына қатысты да солай. Заңның алдында бәрі бірдей. Депутаттардың сауалына мемлекеттік органдардың қалай жауап беріп отырғанын көріп отырмыз. Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек, Ерлан Арыстанбеков, Ермұрат Бапидың берген сұрауларына мемлекеттік органдардың жай ғана қағазды аударып, салғырт жауап беріп отырғандарын куәландыратын құжаттар бар. Депутатты көзге ілмеген мемлекеттік орган халыққа пысқырып та қарамайды!
Сондықтан біз ҚР Конституциясының кепілі – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұраймыз! Сот билігі, атқару және заң шығарушы биліктердің арасындағы шырғалаңды шешуге, әділеттілікті орнатуға ықпал етуін сұраймыз! Бізге Президенттен басқа сенетін ешкім қалған жоқ!
ӘКІМДІК БІЗДІҢ ТЫНЫШ ЖҰМЫС ЖАСАУЫМЫЗҒА МҮМКІНДІК БЕРСІН!
ЛӘЗЗАТ КӨПЕРБАЕВА, «Рахат» базарының кәсіпкері:
– Біз 2018 жылдан бастап әкімдікпен соттасып келеміз. Сол жылы біздің тұрған жеріміздің жалға алу мерзімін ұзартқысы келмеді. Біздің тұрған территориямыз «зират тұрған жерде, қызыл зонада тұр» деген желеумен бас тартты. Ол кездегі әкім Бауыржан Байбек болатын. Бір аптадан кейін ол бұл жерге құрылыс жұмысын жүгізуге болатынын айтып, жиһаз фабрикасын салуға «СПС» ЖШС-ға берді. Сонда «СПС-ке» құрылыс салуға болады екен де, бізге сауда жасап тұруға болмайды екен?!
Біздің кәсіпкерлер жолды жапқысы келді, көтерілгісі келді. Бірақ біз жиналып, ақылдасып, заң аясында өз құқығымызды қорғаймыз деп шештік. Содан бері сот жалғасып келеді.
Байбекті сотта жеңдік. Біздің жеріміз өзімізде қалды. Енді, қазір Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева 4 жыл бойы сот жүріп жатқанда бұғып жатып, аяқ астынан пайда болып, базардың электр жарығын қиып тастады. Біз өз ақшамызға генератор сатып алып, жұмыс істей бердік.
Соңғы әкімшілік сот та біздің пайдамызға шешті. Сот бұл жерге сквер салуға болмайтынын айтты. Біз тағы қуандық. Бірақ әкімдік тарапынан бізге қатты қысым жасау жалғасып жатыр. Біз салықты төлеп тұрмыз, мемлекеттен ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Тек біздің жерді жалдау уақытын ұзартса деп сұраймыз.
Қазір базарды модернизациялау туралы айтып жатыр. Бірақ, «Евразия» базарында әр кәсіпкер 100 мың доллардан жинап берді. Қазір сол ақша қайда? Овсянников қайда? Сонда біздің әкімдікке заң жүрмей ма?
Біз осы базарда 20 жылдан бері еңбек етіп келеміз. Билік халықтың жағында болуы керек! Әкімдіктен тек қана қысым көріп келеміз. Біз әкімдіктің бізге тыныштық беруін, жерді жалға алу мерзімін ұзартқанын сұраймыз. Біз соңына дейін барамыз. Президентке де үндеу жасаймыз.
«ЕВРАЗИЯ» БАЗАРЫ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ АҚШАСЫН АЛЫП, ҚАШЫП КЕТКЕНДЕР РЕСЕЙДЕ ТҮК БОЛМАҒАНДАЙ ЖҮР!
СӘУЛЕ АБДУЛЛИНА, «Евразия» базарының кәсіпкері:
– Біз «Евразия» базарында 30 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 1998 жылдан бастап «Евразияда» Овсянников Игорь Николаевич, Ташімбетом Алмабек Қалмырзаұлы деген екі директормен жұмыс істеп келдік.
2014 жылы: «Модернизация жасамасақ болмайды, базарды өзгертуіміз керек, сіздер құрылысқа ақша саласыздар. Бізден – жер, сіздерден – ақша», – деді. Өздерінің 40 сотық жерін көрсетті. Жоспар, проектін көрсетті. Бәріміді шақырып, жиналыс жасап, шаршы метрі 2 мың доллардан сатты. 20 шаршы метр жер алғандар 40-50 мың доллар, 30 шаршы метр жер алғандар 60-70 мың доллардан ақша төледі. 67 кәсіпкер 4,5 млн доллар ақша салдық. Ал Овсянников ақшаны қалтаға басып, Қазақстаннан қашып кетті. Біз сотқа шағым бердік. Овсянниковтың үстінен іс ашылды. Қазір ол Ресейде жатыр.
Сосын 2022 жылы Ташімбетовтен жөн сұрадық. Ол: «Сіздерден негізі 5 жарым млн доллар ақша жиналды, «Евразия» базары 3,3 млн долларға салынды, қалған 2,2 млн долларды Овсянников Мәскеуге әкетіп, ресторан салып алды»,- деді.
Ташімбетов қазір тергеуден қашып жүр. 2 мың доллардан ақша алған адам қолымызға карта беріп кетті. Бізге ешкім тиіспейтініне сендіріп кеткен. 7 жылдан кейін Овсянников қашып кетіп отыр. Сыртымыздан ғимаратты сатып кеткен. Жаңа басшылық 2023 жылы 15 қаңтарда ғимаратты босатып беріңдер деп отыр. Тағы да біз, жеке кәсіпкерлер далада қалайын деп отырмыз!
ПРЕЗИДЕНТЕН ҮНДЕУ ЖАСАЙМЫЗ. СОТҚА СЕНІМ ЖОҚ!
ЖӘНІБЕК БАШАНОВ, заңгер:
– Бұл баспасөз конференциясының мақсаты – Президентке жолдау жасау. Өйткені Алматы қаласының әкімдігі заңды да, сот шешімін де орындамай отыр. «ТКМ» компаниясының бұл жерді жалға алуының артықшылық құқығы бар. Сот солай шешім шығарған. Бірақ «ТКМ-нің» артықшылық құқығын ескермей, үшінші тұлғаларға жерді беріп отыр.
Біз бүкіл сотта жеңіп отырмыз. Жетісу ауданының әкімдігі апелляциялық шағымды берді және экономикалық сотқа осы жерді босату туралы талап-арызды беріп отыр.
Алматы қаласының соты қандай шешім қабылдағанын білмейміз, сотқа сенім жоқ. Әкімдіктен халықты шулатпай, заңды орындауын талап етеміз.
«Евразия» базары бойынша тергеу жүріп жатыр, бірақ көңіл толмайды. Әрең жүріп жатыр. Тергеудің әлсіз жүруіне Дастан Жантелеевтің қатысы болуы мүмкін деп ойлаймын.
Түйін: «Барахолка» базарының кәсіпкерлері, «Рахат» базары саудагерлері туралы порталымызда осыған дейін ондаған материал жарық көрді. Бұл жолы «Барахолкадағы» бірнеше базардың кәсіпкерлері Президенттен араша сұрауда.
«Барахолка» дауы Елбасизм кезіндегі «бармақ басты, көз қыстылықың» бір ұштығы ғана. Әрбір меншік дауының ар жағына тек ақша ғана емес, адам тағдыры жатыр. Ал «Барахолка» дауында бір емес, мыңдаған адамның тағдыры таласқа түсуде. Жергілікті атқарушы билік әцелі осыны бір сәт ойға алса дейсің…