16-01-20 | 22:55
Шыңғыс хан кім?.
Шыңғыс хан кім?

Думан Рамазан, жазушы:

– Бала кезінде әкесі татарлардың қолынан қаза тауып, қиындықтың көкесін көрсе де еш мойымай, өзінің күш-жігері мен ақыл-парасатының арқасында жарты әлемді жаулап, ұлы империя құрған дара тарихи тұлға.
Жастау кезімде мен де Мұхтар Шаханов ағам сияқты Шыңғыс ханды кең сахараны қанға бөктірген қанішер, зұлым патша деп жек көретінмін. Кейін оның өмір жолы мен мақсат-мұраттарымен кеңірек таныса келе, тереңірек зерттей-зерделей келе, оған деген көзқарасым мүлде өзгерді, яғни Мұхтар Мағауин жағына шықтым
Неге? Себебі Шыңғыс ханның қазіргі моңғолдарға түк қатысы жоқтығына әбден көзім жетті. Өйткені ол кезде моңғол деген халық түгілі, моңғол деген атау да жоқ еді. Ал Шыңғыс ханның арғы аталары түркілер, яғни қият руынан шыққан. Төрткіл дүниеге түркі болып танылған Қорқыт ата да осы қият руынан екенін білесіздер.
Ендеше, Шыңғыс ханның негізгі мақсаты кең сахараны мекендеген түркі тайпаларының басын қосып, ұлы тұркі қағанатын қалпына келтіру болған. Сондықтан Шыңғыс хан біздің де бабамыз. Тіпті бүгінгі моңғолдардың да түркінің бір бұтағы екені ғылымда дәлелденіп келеді.
Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның: “Жетісудың сол кездегі саяси атауы – Моғолстан болса, ал оны мекендеген халықты ресми түрде моғол деп атады. Бұл моғол деп отырған көшпелі тайпалар моғол да емес, өзбек те емес, ұйғыр да емес, түрік тілінде сөйлейтін сол жердің тарихи заманынан келе жатқан тұрғын халқы болатын. Екінші түрде айтқанда моғол деп атаған елдер кейін ұлы жүз құрамына кірген үйсін мен дулаттар, қаңлы мен шанышқылы, жалайырлар” деген сөзінің жаны бар. Бұған Шыңғыс хан империясының бас қолбасшысы болған Мұқали бақадүрдің жалайыр руынан шыққанын айтсақ та жеткілікті шығар. Яғни, моғол деп Жетісудың түріктерін айтқан. Осы моғол сөзін кейін кейбір тарихшылар түркі тарихын бұрмалап, түркі халықтарын шатастыру үшін әдейі, қасақана өзгертіп жіберген. Моғол деген түрік атауын моңғолға ауыстырып жіберген.
Әрине, Шыңғыс ханды қазақ деп жекешелендіріп алуға әсте болмайды. Ол бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға.
Шыңғыс ханның түркі тілінде сөйлегенін айтады ғалымдар. Тіпті керек десеңіз қазіргі моңғолдар жүгініп жүрген “Моңғолдың құпия шежіресі”-де моңғол тілінде жазылмаған. Оны аударған орыс ғалымдары көп қателіктер жіберген, әдейі бұрмалап жібергені анықталып жатыр бүгінгі таңда.
Ал енді атақты тарихшы Рашид ад-Дин моғолдардың – керейлер, наймандар, қоңыраттар, дулаттар, жалайырлар, албандар, суандар секілді рулар екенін айтады.
Шындық түбінде толықтай ашылады. Европа ғалымдары түркілердің тарихын әдейі осылай бұрмалап жіберген.
Олай болса, Шыңғыс ханның қазаққа да еш жаттығы жоқ, өз бабамыз. Біздің пайымымыз осындай Шыңғыс хан мен Жошы туралы жаңа жазылар тарихи драмамызды да осы тұрғыдан жазып, ұлы қағанның тұлғасын бұрынғы жаулаушы емес, түркі халықтырының басын біріктіріп, түркілік ұлы империя құрған ұлы тұлға ретінде сипаттамақпыз. Ал бұған сіздер қалай қарайсыздар, қадірлі ағайын!

Жазба жазушының фейсбук парақшасынан алынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.