Шыңғыс Мұхан мен Сәкен Майғазиев жемқор ма?.
Шыңғыс Мұхан мен Сәкен Майғазиев жемқор ма?

Шымкент қаласы әкімдігінің 595 млн теңгеге наурыз мейрамын тойлағаны қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Күні кеше «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директоры Сәкен Майғазиев «Азаттық» радиосына сұхбат беріп, бухгалтерді айыптады. Белгілі әншінің бұл сөзі ЭКСПО-2017 аумағында декоративтік конструкция құлағанда дәнекерлеушіні айыпты етіп шығарған оқиғаны еске түсірді.

Қоғамда қазір «Шымкент әкімдігі наурызға қанша қаржы жұмсады?» деген сұрақ өзекті болып тұр.

Осы тақырып туралы жазып жүрген журналист Мият Кәшібайдың айтуынша, бұл мәселе әлі де маңызын жойған жоқ.

«Шыңғыс Мұханның «Әлі ешқандай компанияға бір тиын аудармадық, сәуірде бәрінің есебін береміз» дегенін көзі қарақты, естияр фейсбукшінің бәрі білетін шығар. Сол кезде Шыңғыс мырза «Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 572 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылған» деп мәлімдеген. Оның бұл сөзінің негізсіз, дәлелсіз екенін сол кезде-ақ айтқанбыз. Өйткені біз басынан-ақ сөзге емес, ресми дерекке, қол қойылған құжаттарға, жасалған келісімшарттарға сүйенгенбіз. Сүйене де береміз.

Шымкент қалалық мәдениет үйі мемлекеттік сатып алу порталында наурызға орай түрлі компаниямен 7 келісімшарт жасасқан болатын. Олардың жалпы құны – 595 млн теңге. Осы уақытқа дейін Сәкен Майғазиев басқаратын мекеме жоғарыдағы соманың 509 622 000 теңгесін тендерді «ұтқан» компанияларға төлеп қойды. Бұл мәліметті кез келген адам порталға кіріп көре алады.

Сәкен мырза бүгін Азаттыққа берген сұқбатында «Наурызға 180 млн теңдей жұмсалды» деп отыр. Өткенде Шыңғыс мырза 213 млн дегенді айтқан. Бірақ қазірдің өзінде 510 млн теңгеге жуық ақша наурыздағы іс-шаралар үшін жеке компаниялардың шотына аударылғанын порталдан көріп отырмыз. Бұл не болды сонда? Кім жауап береді?», – дейді ол.

Сәкен Майғазиевтың айтуынша, «МузАрт» тобының концертіне 30 млн теңге емес, 13 млн теңге аударылған. Өйткені ол мемлекеттік сатып алу порталына бухгалтер 30 млн деп қате жазып жібергенін ескертті. Әнші осы қателікті жібергені үшін бас есепшіге қатаң сөгіс берген көрінеді. Бас есепшіні айыптап, өзін ақтап алғысы келген әншінің бұл сөзі жауапкершіліктен қашу секілді. Бұл жерде бухгалтер емес, басшы ретінде ең біріншіден Сәкен Майғазиев айыпты емес пе?

Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұхан «Наурыз мейрамын тойлауға бюджеттен 1 тиын жұмсалған жоқ» деп мәлімдеген болатын. «Азаттыққа» берген сұхбатында әнші «Наурызға 180 млн теңдей жұмсалды» деп отыр. Ал қоғам белсенділері мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйеніп наурыз мейрамын тойлауға 595 млн теңге жұмсалғанын дәлелдеген еді. Бұл арада Шыңғыс Мұханға сенеміз бе, жоқ әлде белгілі әншінің сөзіне тоқтаймыз ма? Шын мәнісінде қос азаматтың сөзінен қарағанда қоғам белсенділерінің дәлелдері нақты болып тұр.
Шымкент қаласындағы наурыз тойына бөлінген қаржы туралы көп нәрсе жазуға болады. Алайда елге сыйлы азаматтардың билікке келіп, былыққа батпасы үшін ең әуелі терең ойланып алғаны жөн-ау. Мәселен бұған дейін Шыңғыс Мұхан ашық қоғамды қалыптастырушы тұлға, ал Сәкен Майғазиев керемет әнші ретінде елге танылды. Бірақ қазіргі жемқорлық жайлаған жүйеде «Судан ақ, сүттен таза» болып жүру мүмкін емес. Осыны біле тұра елге сыйлы азаматтардың басшылық қызметке ұмтылаты қалай? Әншінің өзі «Менің міндетім қаржы емес, шығармашылық жұмыспен айналысу болатын» дейді. Сондай-ақ ол қызметке келгеніне өкініп жүргенін айтып қалды.

«Өкініш жоқ деп айта алмаймын. Неге десеңіздер жазықсыз жала жабылуға екінің бірі шыдай бермейді. Бірақ «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып» дегендей боп жүрмін. Шынымды айтайын кейде ішім қайнап, кейбір адамдардың бір ауыз пікіріне түнімен ұйықтай алмай шығамын. Маған да оңай емес. Бірақ тағы қайталап айтамын ақша тауып, ебін тауып екі асау үшін немесе кресло үшін келген жоқпын. Кез келген жерден жүзім жарық болып кетуді армандаймын. Өйткені былыққа кіргім келмейді. Маған ұсынылып жатқан жұмыстар өте көп. Өкінемін деп айта алмаймын. Өйткені Алла тағаланың құдыреті күшті. Мүмкін Алла Тағала осылай сынағысы келген шығар», – деді әнші.

Атақты әншінің арманы орындала ма, жоқ па оны бір Алла біледі. Бірақ бір анығы жемқорлық жайлаған елде жемқор болмай жүру мүмкін емес. Бір қызығы Сәкен Майғазиевтің өзі де, тіпті кейбір танымал азаматтар «Жазықсыз жала жабылды» деп деп әншіні ақтап алғысы келеді. Ал шын мәнісінде мемлкеттік сатып алу порталында тайға таңба басқандай барлық дерек жазылып тұр емес пе? Ендеше неге танымал адамдар Сәкен Майғазиевты «керемет адам» деп ақтап алғысы келеді? Иә, әншінің адамгершілігі шынымен керемет, тамаша жан шығар. Бірақ халықтың қаржысын мақсатсыз жұмсаған басшы мың жерден жақсы адам болса да, айыпты болып шықпай ма? Егер елге танымал адамдар «Бармақ басты көз қысты» әрекетті ақтап алатын болса, онда елімізде жемқорлық ешқашан жойылмайды.

Иә, Шыңғыс Мұхан мен Сәкен Майғазиевті біз жемқор деп айыптай алмаймыз. Қос азамат Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасын орындауы мүмкін. Бірақ құжатқа қол қойғаны үшін жауапкершілікті Сәкен Майғазиев арқалайды емес пе? Сондықтан да елге сыйлы әнші өзі айтқандай «жүзі жарық болғысы» келсе мұндай күмәнді құжаттарға қол қоймауы керек. Әйтсе де ол жоғарыдан келген тапсырманы орындамаса басшылық қызметте бір күнде тұра алмайды. Сондықтан да осы даудан кейін өз еркімен басшылық қызметтен кетіп, таза шығармашылықпен айналысқаны жөн-ау. Өйткені жемқорлық жайлаған елде ақ адал болып өмір сүру мүмкін емес.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk