09-08-22 |
Әскери бөлімде жұмыс істеген қыз басшысынан қысым көрген.
Әскери бөлімде жұмыс істеген қыз басшысынан қысым көрген

Алматы облысы Шенгелді ауылында орналасқан 54179 әскери бөлімінде жұмыс істеген қыз басшысы тарапынан азғындық көрген деп хабарлады «НеМолчиKz» қоғамдық қоры. Әскерге келісімшартпен жұмыс істеуге барған қыз ақыры жұмыстан қашып құтылған.

Аzattyq-ruhy сайтының мәліметінше, А.Елшібаева 2019 жылдың желтоқсан айында әскери бөлімге келісімшартпен 3 жылдық жұмысқа тұрған. Алайда, бұл мерзімді ол толық атқара алмай, әскер қатарынан уақытынан бұрын кетіпті. Бұған себеп – батальон командирі жиі қырындап, тіпті азғындық көрсетуді әдетке айналдырыпты. Ал, жоғары басшылар бұған көз жұма қараған.

«Мен әскери бөлімнің басшыларына бірнеше рет шағымдандым. Бірақ, олар: «сен сұлусың, біз сенің жеке өміріңе араласа алмаймыз, ағаң емеспіз, командирді таңдай алмайсың, әскерге сені ешкім мәжбүрлеп әкелген жоқ», деп жауап берді», – дейді А.Елшібаева.

Қорғаныс министрлігі осы мәлімдемеден кейін шұғыл түрде комиссия құрылғанын мәлімдеді. Жағдайды Қорғаныс министрі өз бақылауына алған.

«Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел түрде комиссия құрылып, әскери бөлімде тексеріске кірісіп кетті. Қатардағы жауынгер А.Б. Елшібаеваның әлеуметтік желілерге жариялаған фактілері анықталған жағдайда кінәлілер қатаң түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тіпті қызметтен шығарудан бастап қылмыстық іс қозғауға дейін жауап беретін болады. Тексеру барысы Қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk