Алматыда үш азаматтың – Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчуктің үстінен елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының қызметіне қатысты деген айыппен іс қозғалды, деп жазады Азаттық.
Бұл туралы Демеуованың адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлады. Үш азаматқа 405-баптың 2-тармағы (Экстремизм мен терроризмге байланысты елде сот шешімімен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу – ред.) бойынша күдікті статусы берілген.
Демеуова, Шевчук және Жәукерова 1 мамырда Алматыда өткен наразылық кезінде ұсталған. Полиция оларды 9 мамырда да ұстаған.
Жуаспаеваның сөзінше, 1 мамырдағы наразылықтан соң «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деп танылып, 50 500 теңге айыппұлға кесілген екі азаматтың – Демеуова мен Жәукерованың үстінен тап сол факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жазира Демеуова 9 мамыр күнгі парадқа қатысуға барғанын, бірақ полицейлер алаңда жүрген 26 жастағы қызын ұстап әкеткен соң өзі де Алматы қалалық полиция департаментіне баруға мәжбүр болғанын айтады.
– 1 мамырда айыппұл салған соң мені аңдып, қудалай бастады. 9 мамырда отбасыммен парадқа шықтық. Қызымнан «Сенің анаң Демеуова ма?» деп сұрады. Ол «иә» деген соң, полицейлер қызымды ұстап әкетті. Ештеңе істемесем де, қызымды әкету үшін полиция департаментіне бардым. Сондағылар жеке куәлігімді көре сала, қолыма кісен салып, үстімнен экстремизм бабы бойынша іс қозғалғанын айтты. Артынша үйіме апарып, тінту жүргізді. Бүкіл гаджетті, компьютерді, флешкамды алып қойды. Мұнан соң қайта департаменке келіп, мені 48 сағат жертөледе тергеді, – деді Демеуова.
Күдікті статусы берілген үш азаматтың бірі Жәукерованың адвокаты Гүлайым Сыздықова қорғауындағы азаматты полиция 9 мамырда үйінен алып кеткенін айтады. Адвокаттың сөзінше, полиция Жәукерованың да үйін тінтіген.
– Оның ноутбук, телефондарының бәрін полиция қылмыстық іс бойынша алып кетті. Ал 50 500 теңге айыппұл салынған әкімшілік іс бойынша қаулыны қолымызға 13 мамырда ғана алдық. Сот шешімін міндетті түрде апелляцияға береміз, – деді ол.
Үшінші күдікті Оксана Шевчук туралы Азаттық бұған дейін жазған. Оларды Алматы қалалық полиция департаментінің тергеушісі Толғанай Ержанова тергеген. Азаттық полиция департаменімен хабарласуға тырысқанымен, байланысудың сәті түспеді. Ержанова Шевчук ісіне қатысты да пікір білдіруден бас тартқан.
Дереккөз: Азаттық