04-01-22 |
2050 рет қаралған
Елубай: Қаламгерлер қашан да халықпен бірге.
Елубай: Қаламгерлер қашан да халықпен бірге

Смағұл Елубай,жазушы:

– Осыдан аз ғана жыл бұрын Жаңаөзенде төгілген қан, жанымызға түскен жара, мінеки, соңғы күндері қайта сыздай бастады.Тек, сол қанды қасірет қайталанбаса екен дейміз. Бұл бүгінгі халық тілегі. Осынау Маңғыстау жерінде орын алған наразылықтарға орай бірер пікірімізді біз де ортаға салуды жөн көрдік.

1. Жаңаөзенде халықты көшеге алып шыққан бір-ақ нәрсе дер едік. Оның аты – жоқшылық. Егер Жаңаөзен халқы тоқшылықта отырған болса, онда олар газ бағасынвң сәл-кем қымбаттауын көзге де ілмес еді.Ақтауда бір әйел «тапқанымыз тамағымызға жетпейді!» деп айқайлап тұр. Соңғы жылы ауыл тұрғындары арасында азық-түлікті дүкеннен қарызға алу көбейді дегенді естіп едік. Мінеки, сол әңгіме тағы алдымыздан шықты. Наразылықтың түп себебі осы деп білеміз.

2. Сондықтан, жоқшылық айдап көшеге шыққан халыққа қарсы күш қолдануға болмайды.Күш қолдану мәселені шешпейді, тек тереңдетете түседі.

3. Сұрақ туады. Байлықтың үстінде отырған Қазақстанның батысы неге сол байлықтың шапағатын көрмеуге тиіс?! Оның шапағатын неге сол байлықты сорып отырған отандық немесе шетелдік компаниялар көре беруге тиіс?! Олар қашан тояды?! Сол байлықты сорып біткенше тоймайды олар. Бұл әділет пе? Әрине, әділет емес! Оларды жергілікті халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге заң арқылы мәжбүрлеу керек деп білеміз!

4. Естуімізше Қазақстандағы ең төменгі жалақы алатын кедейлер саны миллионнан асады дейді. Бұл деген сөз, кез-келген кезде көшеге шығатын наразы миллион арамызда жүр деген сөз емес пе!?

5. Бұл деген сөз – кедейліктен құтылмай біз ешқашан наразылықтан құтыла алмаймыз деген сөз емес пе!!
Ендеше, елімізде неге «кедейшілікпен күрестің 10 жылдығын» жарияламасқа?!

7. Сөйтіп, алдағы 10 жылда кедейлікті жойып, тәуелсіздіктің 40 шы жылын неге кедейсіз бақуатты Қазақстан болып қарсы алмасқа?!

8. Мұнайлы кішкентай Норвегия осындай бақуатты ел бола білді емес пе?! Осындай кедейсіз бақуатты ел болу жерасты байлыққа бай Қазақстанның неге қолынан келмейді?

Әбден келеді. Батыл да пәрменді саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізілсе Қазақстан да Норвегиядай бақуатты ел болуға әбден лайықты ел. Басқа жол жоқ . Басқа жолдың бәрі ешқайда бастамайтын баспалдақтар болуы мүмкін!

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЕВ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.