Логистика және көлік академиясында мүгедектерге арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасы талқыланды.
Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Таңсәуле Серіков, логистика және көлік академиясының басшылығы мен оқытушылары, сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Серік Есматов пен Әсия Ақанова қатысты.
Тұжырымдаманың тұсаукесері аясында кездесуге қатысушыларға мүгедектерге арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін зерттеу нәтижелері, жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін сипаттау және бағалау, тұжырымдаманың баламалы нұсқаларын салыстырмалы талдау, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған білім беру модельдері, сондай-ақ тұжырымдаманың таңдалған нұсқасын іске асыру жоспары ұсынылды.
– 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша халық саны 19 666 840 адамды құраған Қазақстанда жоғары біліммен қамту 50%-ға жетеді. Сонымен қатар, елде 720 мыңнан астам мүгедек бар, бұл бүкіл халықтың 4% құрайды. Олардың шамамен 45%-ында тіпті жалпы білімі де жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқып жатқан мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны 1%-ға да жетпейді, – деді Таңсәуле Серіков.
Спикер атап өткендей, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің алдында мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек түлектерге қолжетімді орта құруға, оқуға түсуге, оқытуға және жұмысқа орналастыруға байланысты күрделі міндеттер тұр.
Логистика және көлік академиясының президенті-ректоры Салтанат Әмірғалиева ерекше қажеттіліктері бар академия студенттері оқу орнынан ай сайынғы материалдық көмек алатынын, студенттердің үйлерінде тегін тұру мүмкіндігі жасалғанын, оларға оқу ақысына 50% жеңілдік берілгенін, сондай-ақ президент-ректор грантын алуға басым құқығы бар екенін атап өтті.
Кездесуде бұрын ЖОО-дар ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін жағдай жасамағаны атап өтілді, бұл туралы, атап айтқанда, Серік Есматов тоқталып кетті. Инклюзивті білім беруді тек жоғары оқу орындарында ғана емес, сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі басқа да білім беру мекемелерінде енгізу тәжірибесі мен проблемалары туралы Әсия Ақанова айтып берді.
Кездесу барысында қатысушылар тұжырымдама жобасы туралы пікірлерін білдірді, сондай-ақ халықтың аз қозғалатын топтары үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін ұйымдастыру (пандустар, лифттер, тактильді тақталар, санитарлық аймақтар және т. б.), мүгедектігі бар адамдармен, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс жүргізу үшін кадрлық әлеуетті дайындау және жетілдіру және т. б. бойынша преференциялар/қойылатын талаптарға сай мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыру сияқты мәселелерді қозғаған тәжірибелік ұсынымдар берілді.