27-04-23 |
1170 рет қаралған
Алматыда Робототехника және программалық инженерия орталығы ашылды.
Алматыда Робототехника және программалық инженерия орталығы ашылды

2023 жылғы 27 сәуірде Халықаралық инженерлік-технологиялық университет қабырғасында Қазақстандағы жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы – академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтымен бірлескен «Робототехника және бағдарламалық инженерия» ғылыми-зерттеу және білім беру орталығының ашылуы өтті.

Орталық жұмысының негізгі бағыты – робототехника және жасанды интеллект саласындағы білім беру, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметте бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.

Іс-шараға Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің ректоры, профессор Г.А. Сәрсенбекова, жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, шетелдік жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары: профессор, Стамбул техникалық университетінің Халықаралық бағдарламаларының үйлестірушісі Э.И. Велиев, профессор, Стамбул техникалық университетінің МВА техникалық IT-орталығының директоры М. Хельвачи, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас директоры А.Қ. Тулешов, М. Адышев атындағы Ош технологиялық университетінің оқу-ісі жөніндегі проректоры У.Ж. Мамытов, Ж.Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин институты ҚазҒЗИ Басқарма төрағасы Б.Ә. Дүйсембеков, Алтай геологиялық-экологиялық институтының директоры Ш.А. Муздыбаева, Генетика және физиология институты бас директорының орынбасары Э.А. Шаденова, Экономика институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Г.Ж. Әлібекова, Зоология институтының Бас директоры Р.В. Ященко, сондай-ақ жұмыс берушілер, университеттің ғалымдары, профессорлық-оқытушылық құрамы және білім алушылары қатысты.

Ғылыми-зерттеу және білім беру орталығын ресми ашылу салтанатында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің Ректоры Г.Ә. Сәрсенбекова және Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының Бас директоры А.Қ. Тулешов, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге және ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесуді көздейтін бірлескен қызмет туралы ұзақ мерзімді шартқа қол қойды. Алдағы уақытта орталықта білім, ғылым және өндірісті интеграциялау шеңберінде бакалаврлар, магистрлер, PhD докторанттар даярлау бойынша нақты мақсаттар айқындалды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.