arasha.kz

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ 6,6 млн долларды шетелге заңсыз шығарған

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жалған шот-фактуралар жазып келген ұйымдасқан қылмыстық топты анықтады. Топ мүшелері екі жылда 135 млрд теңгеге жуық сомаға жалған шот-фактуралар жазған.

Агенттіктің telegram арнасының жазуынша, сот үкімімен бес айыпталушының барлығы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.

«Тәркіленген 65 мың АҚШ доллары мен 20 млн теңгеден астам қаржы мемлекет кірісіне айналдырылды», – делінген хабарламада.

Топ мүшелері 2018-2020 жылдар аралығында өз бақылауындағы 25 компания арқылы 135 млрд теңгеге жуық сомаға жалған шот-фактуралар жазып, контрагенттер-сатып алушылардың бюджетке төленбеген салықтар түрінде мемлекетке 39 млрд теңгеге жуық шығын келтіргені анықталды.

«Тергеу барысында контрагент-сатып алушылардың бақылаудағы компаниялардың банктік шоттарына түскен қаражаттары шетел компанияларымен жалған шарттар жасасу арқылы республикадан тыс жерлерге шығарылғаны, онда шетел валютасындағы қайтарылмаған қаражаттың сомасы 6,6 млн АҚШ доллары болғаны анықталды», – делінген хабарламада.

Exit mobile version