arasha.kz

«AMANAT»-тың кезектен тыс Съезіне 700 делегат сайланды

«AMANAT»-тың өңірлік филиалдарындағы 20 конференцияның қорытындысы бойынша партияның кезектен тыс XXIV Съезіне 700 делегат сайланды. Сондай-ақ, аманаттықтар партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылады. Жалпы, үш күн ішінде барлық деңгейдегі конференциялар жұмысына 20 мыңнан астам адам қатысты.

Ақмола облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаты Сайра Матайбаева атап өткендей, жаңа Саяси тұғырнама биыл наурызда іске қосылған кең ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі болып саналады.

«Біздің басты байлығымыз – халық, басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Тұғырнамада қоғамның шоғырландырушы күшіне айналуы тиіс жасампаз еңбектің маңыздылығы туралы айтылады. Бизнес-қоғамдастықтың өкілі ретінде, бұл мәселені шешуге кәсіпкерлікті жан-жақты жәрдемдесу амалы көмектеседі деп айта аламын», – деді ол.

Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, партиялықтар денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

«Білім мен ғылымға құйылған инвестиция – бұл болашаққа құйылған инвестиция. Балабақшалардың, жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешу, үш ауысымды мектептерді жою, медициналық нысандардың жабдықталуын жақсарту қажет. Партиялықтар осы мәселелермен тұрақты түрде айналысады әрі бұл бағыттар басты идеологиялық құжатта көрініс тапқан. Жүйелі жұмыстың бір көрінісі – осы», – деді ол.

Айта кету керек, партиялықтарға әлеуметтік сауалнама арқылы Саяси тұғырнама жобасына қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді. Батыс Қазақстандағы партиялықтар да бұл жұмыстан шет қалған жоқ.

«Өңірімізде 217 бастауыш партия ұйымы бар. Жаңа құжат соның әрбірінде белсенді талқыланды. Облысымыздағы партиялықтардың көптеген ұсынысы тұғырнаманы әзірлеу кезінде ескерілгені қуантады», – деді партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев.

Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаты Аят Сүгірбайдың айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдық татулық пен келісімді сақтау аса маңызды мәселе болып отыр.

«Бірлік – мемлекетіміздің негізі. Жалпыұлттық бірегейлікті нығайта отырып, біз ешқашан еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімге күмән келтіруге жол бермейміз. Өйткені дамудың басты шарты – тұрақтылық пен тыныштық екені сөзсіз», – деді ол.

Партияның жаңа Саяси тұғырнамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытын жүзеге асыру үшін жасалған, дейді Қостанай облысындағы партия мүшелері.

«Тұғырнамада көрсетілгендей, қазіргі таңда қоғамның басты талабы әділдік пен заң үстемдігін орнату, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы аяусыз күрес болып отыр. «АМАNАТ» партиясы әлеуметтік әділеттілік жағында болып келді, солай болып қала береді. Біз заңдарда және өмірде әлеуметтік әділеттілік орнатуға шақырамыз», – деді партияның Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожина.

Түркістан облысында аманаттықтар ауыл шаруашылығын қолдаудың маңыздылығына назар аударды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Сәлімов партияның жаңа Саяси тұғырнамасы жобасында бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Аграрлық сектор – Қазақстан экономикасының маңызды құрамдас бөлігі, ауылдың әл-ауқатын көтеру – әрбір партиялықтың міндеті. «АМАNАТ» партиясы ауылдың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдау мемлекет алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екеніне сенімді», – деді ол.

Еске сала кетейік, 6 қазанда Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтеді. Партияның Орталық аппараты дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Exit mobile version