27-05-21 |
1460 рет қаралған
Америкадан Назарбаевқа қоңырау соғылды.
Америкадан Назарбаевқа қоңырау соғылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының бұрынғы вице-президенті Альберт Гормен телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар 1994-1999 жылдардағы Қазақстан-Америка саяси және экономикалық салалардағы екіжақты қатынасын тереңдету жөніндегі Н.Назарбаев-А.Гор бірлескен комиссиясының жемісті қызметін жоғары бағалады. 

«Нұрсұлтан Назарбаев пен Альберт Гор Қазақстан мен АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларында күш-жігер біріктіру мүмкіндіктерін талқылады», – деп жазды Elbasy.kz.

Елбасы мен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар төңірегінде, соның ішінде COVID-19 пандемиясын еңсеру, дүние жүзінде және Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша пікір алысты.

Сенім дағдарысына, санкциялық текетірестерге және әлемдік державалар арасындағы бәсекелестіктің жаңа деңгейіне байланысты алаңдаушылық білдірді.

Осы орайда Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті планетадағы өзекті мәселелерге қатысты Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропалық Одақ арасында ауқымды стратегиялық диалог бастау жөніндегі өзінің бастамасына назар аударды.

Телефон арқылы сөйлесуге Америка тарапы бастамашы болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.