17-02-21 |
680 рет қаралған
Ақорда Кремльден қорқады – саясаткер Досым Сәтпаев.
Ақорда Кремльден қорқады – саясаткер Досым Сәтпаев

Ашаршылықты ашық айтса, Кремльдің көңіліне кірбің түсіреді. Билік содан қорқады. Ал қазір Қазақстандағы ашаршылықты өзіміздің емес, батыстың тарихшылары зерттеп жүр. Бұл парадокс. Саясаттанушы Досым Сәтпаев Arasha.kz тілшісіне Мәулен Әшімбаевтың «ашаршылықты саясиландырмау керек» деген сөзіне қатысты түсінік берді.

Ашаршылық тақырыбы ұзақ жылдар бойы ашық күйінде қалып келеді. Тақырып мүлде зерттелмеді, зерделенбеді. Тіпті ғалымдар тырнақ батырып, тұщымды пікір айта алмай отыр. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл тақырыптың тұмшалануына билік кінәлі деп ашық айтты.

«Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаймыз деп отыр. Менің ойынша саяси бизнес элитаның бір бөлігі әлі де тәуелді. Олар деколонизация кезеңінен өтпеді. Бұл дегеніміз – саяси элитаның бір бөлігі күні бүгінге дейін Ресейге қарап, жалтақтап отыр деген сөз.

Бәрі тұңғыш президент кезінде басталды. Есіңізде болса, тұңғыш президент үнемі Қазақстанның стратегиялық серіктесі Ресей деп қайталап, санаға сіңірді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құрған кезде ол Ресейден қолдау күтті. Әу баста бұл жобаны «Қазақстан үшін геосаяси қақпан» деп айтқан едік. Себебі осы арқылы Ресейге тәуелді болып қала беретін едік. Айтқанымыз айнымай келді. Еуразиялық экономикалық одақ жобасын іске асырғанда пайда көрмедік», -деп әңгімені әріден бастады Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, ашаршылық тақырыбы үлкен мінберлерде талқыланып, зерттелуі тиіс еді. Алайда бұл тақырып билік ауысқан тұста да жабулы қалды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 20-шы жылдардағы ашаршылықты зерттеуге пәрмен берді. Бірақ 30-шы жылдар туралы айтпады. Ол қорықты. Кремль үшін ең ауыр тақырып осы екенін біледі. Сол жылдары 4 миллионнан астам қазақ қырылып қалған деген дерек айтылады. Бұл дерек бар. Ұлттың жоғалып кету қаупі төнген.

Мен үнемі ашаршылықты геноцид деп жазу керек деп айтамын. Геноцидтің тамыры тереңде. Яғни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, алдындағы бар малын тартып алу арқылы қазақты өмір сүру құқығынан айыру дегеннің өзі геноцид емес пе? Ресейлік, кейбір қазақстандық тарихшылар, беймәлім зерттеушілер «барлық жерде ашаршылық болды» деп айтқысы келеді. Бірақ біздің елдегі жағдай туралы Кремль, Сталин білді. Қазақтың алдындағы малын тартып алып, «егін шаруашылығымен айналыс» деп ғасырлық өмір сүру дағдысын өзгертуі ұлттың тамырына балта шабумен бірдей. Ашаршылық деп жүргеніміз – геноцид. Сонымен бірге мәдениет, тіліміз де құрыды. 4 миллионнан астам қазақ қырылып қалған кезде тілімізден, зиялыларымыздан айырылдық. Не үшін? Осы жолмен кеңес үкіметінің адамы қалыптастырғысы келді.

Қуанышқа орай, сан алуан қысымға қарамастан қазақ халқы қайта өркендеп келеді. Бұл керемет құбылыс. Демографиялық өсім бар, тіл мен мәдениетіміз қайта түледі. Бірақ бұл жабулы қазан жабулы күйінде қалуы керек деген сөз емес», – деді Д.Сәтпаев.

Тек ашаршылық тақырыбы емес, осыдан төрт жыл бұрын Алашорданың 100 жылдығы да ескерусіз, елеусіз қалды.

«2017 жылы билік ЭКСПО-ны жарнамалап жатқан кезде Алашорданың 100 жылдығын атап өтуді ұмытып кетті. 2017 жылы ешқандай шара өтпеді. Ресми мінберде бірде бір сөз айтылмады. Себебі биліктің өзі өткен күндердің, тарихымыздың ақтаңдақтарын қайта жаңғыртқысы келмеді. Түсінікті. Ашаршылықты айтса, Кремльдің көңіліне кірбің түсіреді. Алашорда тақырыбы да дәл солай қозғалмай қалды. Алашорда мен қазіргі билікті салыстыруға келмейді. Алашорда – ұлт қаймағы. Қазіргі элита деп жүрген адамдарымыз 30 жылда ештеңе істемеді. Ақорда Ресей ренжіп қалады деп қорқады. Сонымен бірге тарихқа терең бойлағысы келмейді. Бұл мәселеде Ресей жалтақтаймыз.

Ал Ресейде Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жүріп жатыр. Ресей депутатының айтқаны бәрінің есінде шығар. Неге? Себебі олар Қазақстанды әлсіз мемлекет деп санайды. Сондықтан тарихты қайта жазғысы келеді», – деді ол.

Саясаттанушы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «ашаршылықты саясиландырмау қажет» деген сөзін бұрыс деп бағалады.

«Сұрақты саясиландырмау керек деген не сөз? Біріншіден, бұл тақырып ұзақ жылдар бойы мүлде қозғалмады. Кеңес тарихы, кейін Қазақстан билігі немқұрайлы қарады. Зерттеу де жүргізілмеді.

Егер Қазақстан билігі зерттеу жұмыстарына қаржы бөліп, тарихты зерделесе, біз қазір нақты деректі қолға ұстап отырар едік. Біз емес, шетелдіктер зерттеді. Парадокс. Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын батыс ғалымдары зерттеп жүр. Сондықтан Мәулен Әшімбаевтың сөзіне қарасақ, олар бар күш-жігерін Кремльді қорғауға жұмсап жатыр деп есептеуге болады. Тағы бір деректі айтайын, ашаршылық, ұжымдастыру кезінде 250 ру жойылып кеткен екен. Сұмдық мынау. Ал біз үнсізбіз. Тек өз бетімізбен кино түсіріп, там-тұмдап дерек жинағандай боламыз»,- деді саясаттанушы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.