Энтони Блинкен 28 ақпанда алғаш рет Астанаға ұшып келеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 28 ақпанда Қазақстанға алғашқы ресми сапарын жасайды. Ол Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Сонымен бірге премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі жоспарланған.
Сол күні Блинкен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер ведомстволары басшыларының С5+1 форматындағы министрлік кездесуіне қатысады. Күн тәртібінде АҚШ-пен аймақтық ынтымақтастық және әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері тұр.