26-01-23 |
1420 рет қаралған
АҚШ президенті Украинаға америкалық танкілер беретінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Украинаға америкалық танкілер беретінін мәлімдеді

АҚШ Украина армиясына Америкада өндірілген М1 «Абрамс» сериялы танкілердің 31 данасын береді. Оларды жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін. АҚШ президенті Джо Байден 25 қаңтарда осылай деп мәлімдеді.

Байден сәрсенбі күні таңертең Германия, Ұлыбритания, Франция және Италия басшыларымен сөйлескенін жеткізді. Олар Украинаға көмек қолын соза беретінін, қосымша көмек ретінде ауыр техникалар да берілуге тиіс екенін, соғыс ұзаққа созылып бара жатқанын айтқан.

АҚШ сонымен бірге украин әскеріне НАТО елдері беретін танкілерді қолдануды үйрететінін мәлімдеді, деп жазды Азаттық радиосы.

Байден «Леопард» танкілерін жіберуге рұқсат бергені үшін Германияға алғысын айтты. Байденнің сөзінше, Украина 50 шақты «Леопард» танкісін алады.

АҚШ президенті НАТО елдерінің күш жұмсауы Ресейге қауіп төндірмейді, олардың мақсаты тек Ресейдің Украинаға агрессиясын тоқтату деді.

Германия сәрсенбі күні Украинаға 14 «Леопард-2» танкісін беретінін мәлімдеп, өзге елдердің немістер өндірген танкілерді реэкспорт жасауына рұқсат берді. Осының алдында Польша, Нидерланд және Испания елдері қорында тұрған «Леопард» танкілерін Украинаға беруге дайын екенін, ол үшін Германияның рұқсаты қажет екенін жеткізген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.