Ақтөбеде мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері мен полицейлерден құралған қылмыстық топ ірі көлемде мұнай сатумен айналысқан.
«Қара алтын» ұрлап, оны заңсыз шекарадан өткізіп, жалған құжаттар жасаған мемқызметкерлер әккі ұрылардай әрекетке барған. Олар кедергілерді пара беру арқылы жойған.
Бес адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекетттік қызметкерлердің ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны дәлелденді.
Сотта кінәлі деп танылған қылмыстық топтың белді мүшелері 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Атап айтсақ, сот үкімімен Сағандықов Қ.И. 13 жылға, Чучаев Г.М. 7 жылға, Жарылғасов А.Б. 11 жылға бас бостандығынан айырылып және болашақта мемлекеттік қызметте жасауға тыйым салды. Ал Сарсенбаев К.А. мен Шаркатов А.К сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Соңғы екеу 10 жылға дейін мемлекеттік қызметте жасай алмайды.
Сотпен кінәлі деп танылған мемлекеттік қызметкерлердің үшеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары абақтыда өтесе, қалған екеуі қауіпсіздігі орташа түзету мекемесіне жіберілді.
Іс материалдарында хабарланғандай, Сағандықовтың Ақтөбе облысының аумағында АИ-92 бензинін алу және оны жалған құжаттар негізінде Ресей шекарасына өткізу мақсатында Чучаевтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері Жарылғасовтың қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын анықтады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сәрсенбаев пен Шарқатов та көлеңкелі бизнесте өз қызметтерін пайдаланған.
Қылмыстық оқиға 2019 жылдың маусым-қазан айлары аралығында болды.
Сотта айыпталушылар Сағандықов, Чучаев, Жарылғасов өз кінәсін ішінара мойындады, ал Сәрсенбаев пен Шаркатов өз кінәсін мойындамады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.