arasha.kz

«Arasha.kz»-дан көмек сұраған аналардың үйіне газ қосылды

Талдықорғанда тоңған аналардың үйіне жылу барды. Жуырда ғана сайтымызда «Бұларға сот жоқ па?»: Ашынған аналар Баталовтан көмек сұрайды» атты мақала жариялап, Алматы облысы орталығы Талдықорғанда қос бірдей Ананың үйлеріне бір жыл бойы газ қойдыра  алмағанын жеткізген болатынбыз.  

Әрі мақала соңында осыған дейін БАҚ бетінде «өңірді 57 пайыз газбен қамтыдық» деген Алматы облысы әкімдігінің бұл мәселеге  назар аударуын баса айтқанбыз.

Нәтижесінде, «өткен жылы наурыз айында бастағанбыз», «талабымыз бір жыл бойы тыңдалмады» деген Аналар бүгін өз қуаныштарымен бөлісті.

– Үйімізге газ қосылып қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Осыған дейін бір жылға жуық созылса да бітпеген шаруа, жүйкемізді тоздырған күндер енді артта қалды. Осы орайда, көптен көмек қолын созған бұл іске жауапты тұлғаларға, соның ішінде арнайы мақала жариялап, біздің жанайқайымызды жоғары жаққа жеткізген республикалық «Arasha.kz» сайтына ерекше алғыс айтамыз, – дейді Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылы Ахажанов көшесі тұрғыны Қатипа Бұрлыбаева.

Осылайша, осыдан бір апта бұрын «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық порталы редакциясына қоңырау шалып, өз арыз-тілектерін жеткізген Қатипа Сқаққызы енді сүйіншілеп хабарласты.

Ал аталған мақалада өзін жұмысына байланысты Гүлмира деген есімімен ғана беруімізді өтінген тағы бір Ана да өз өтінішінің қаралып жатқанын айтты.

– Құдайға шүкір! Арыз-тілегіміз тыңдайтын жерге жетті ғой деп ойлаймын. Маған да бірден газ қосып берер ме еді, тек үйіміздегі бұрынырақта алынған жылыту құрылғылары істеп шығып уақытша кедергі болмағанда. Бұйыртса, жақын күндері біздің үйге де газ қосылып қалар, – дейді Еркін ауылының тұрғыны.

P.S. «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты алдағы уақытта да өңірдегі шулы да даулы газ мәселесін назарда ұстайтын болады.

Exit mobile version