Апелляциялық алқа Шымкент гарнизоны Әскери сотының Арыстағы жарылыстарға қатысты шығарған үкіміне ішінара өзгертулер енгізіп, 7 сотталушының жазасын алып тастады.
Алқа мүшелері Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің жеті қызметкерін жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқын ескере отырып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Оларға қызметке немқұрайлылық танытты, атап айтқанда, қызметтік міндеттерін орындауда қадағалау шараларын қолданбады деген айып тағылған еді.
Сотталушылардың төртеуі 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылып, оларға қосымша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығына өмір бойына тыйым салынды.
«Бұл әскери қызметшілер әскери бөлімде өрт туралы ескертетін құрылғыларды орнату жұмыстарын орындау туралы жалған құжаттарды заңсыз рәсімдеген, бірақ іс жүзінде мұндай жұмыстар толық көлемде аяқталмаған. Төрт әскери қызметші үшін бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан 7 жылға дейін және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен 7 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды», – деп түсіндірді ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы.
Арыстағы оқ-дәрі жарылысына қатысты сот процесі 2020 жылдың мамыр айында басталған. Іс бойынша 16 адам айыпталып, 1500 адам жәбірленуші деп танылған. Айыпталушылардың арасында әскери депо командирі мен орынбасары да бар. Олар жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік ережелерін бұзып, салғырттық танытты деген күдікке ілінген.
2021 жылдың басында Шымкент гарнизоны Әскери соты жіберілген кемшіліктерді жою және осы іске қатысы бар басқа тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін істі прокуратураға қайтарды. 12 сәуірде істі қайта қарау басталып, отырыстар жабық режимге ауыстырылды. Шілде айында сотталушыларға үкім шығарылды.
Еске салсақ, 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы әскери қоймада өрт шығып, оның салдарынан оқ-дәрілер жарылған. Апат салдарынан төрт адам қаза тапты, оның ішінде тұрғындарды өздігінен эвакуациялау кезінде апатқа ұшыраған бала да бар. 40 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланып, 7 634 тұрғын үй бүлінді.
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024