Астана қаласының аялдамаларында күнделікті тұрғыда бір көрініс орын табады: адамдар автобустарын жарты сағаттан көп күтіп отырады. Тіпті көлік кептелісі кезінде автобусқа мініп үлгеру “сәтті” адамның ісіне айналды.
Сондықтан астаналық тұрғындар әрқашан қоғамдық көлікке байланысты наразылықтарын жиі білдіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2022 жылы “iKOMEK109” Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» нөміріне қала тұрғындары қоғамдық көліктің жұмысы туралы 40 000 реттен астам қоңырау шалып, шағым айтқан екен. Шағымданулардың арқасында қала әкімдігі автобус мәселелерін тізімдеп, олардың нақты қандай екендігі жөнінде ақпарат алады және проблеманы шешу жолдарын ойластырады.
Халықтың мәлімдеуі бойынша, ең негізгі мәселелер адам толы автобус салоны мен күту уақытының тым ұзақтығы болып отыр. Екеуіне, әрине, баса назар аудару керек. Бірақ бұдан да басқа автобус проблемалары көздің алдынан өтіп кетпеуі тиіс, өйткені қоғамдық көлік мәселесіне егжей-тегжейлі қарау арқылы оның шешімін лезде табуға болады.
Мерей Әміртай, студент:
– Күнделікті өмірімде мен автобусты жиі қолданамын. Жалпы біздің қаладағы автобустар көңілімнен шығады: төлем жасау оңай, іші таза, отыратын және тұрып тұратын орындар ыңғайлы. Алайда үлкен бір кемшілігі олардың санында. Мәселен, бір автобусты күтуге орташа есеппен 15-20 минут уақыт кетеді, ал ауа райы бұзылған уақытта тіптен жарты сағатқа дейін күтесің. Осының салдарынан, таңертең жиі автобусқа сыймай қалып, сабақтарыма кешігемін. Менің ойымша, автобусты күту интервалы 5-7 минут болуы қажет. Сол кезде тұрғындарға қала ішінде тасымалдану қолайлы болады, оның үстіне көліктер саны азаятын еді.
Еліміздің бас қаласының шешілуге тиіс автобус проблемалары мынадай:
– Ұзақ күту уақыты
– Автобус және жүргізуші санының аздығы
– Адамға толы автобус салоны
– Көлік ішіндегі техниканың дұрыс істемеуі (автоинформаторлар)
– Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолдың болмауы
Мәселелердің әрқайсысына қысқаша тоқталсақ
Ұзақ күту уақыты. Қала тұрғындары өздеріне қажет автобусты 25-30 минуттан аса күтеді. Шыдамдылық жылдың жылы мезгілдерінде мүмкін болғанымен, аяздар келгенде үлкен қиыншылықты тудырады. Жылы аялдамалар әлі күнге дейін барлық жерде орналаспаған. Сондықтан қыс мезгілінде жарты сағат бойы суықта тұру халық үшін оңай емес.
Автобус және жүргізуші санының аздығы. Автопарктерге 400-ден астам автобустар мен 1000-ға жуық жүргізушілер қажет. Бұл – дефициттің айқын белгісі. Дәл осы мәселені еліміздің Президенті де көтерген еді. Соның нәтижесінде 2023 жылы Астана қаласын жаңа 500 автобуспен қамту жұмыстары шынымен жүзеге асырылады деген үміттеміз.
Адамға толы автобус салоны. Автобусты күнде қолданатын адамдар көп болғандықтан және автобус санының жетіспеушілігінен көліктің іші қатты толып кетеді. Бұның кесірінен басқа қолданушылар сыймай қалып, қажет жерлеріне жете алмай жатады. Ал кіріп үлгергендер бірінің арасына бірі қысылып, ауаға мұқтаж болатын кездер де аз емес.
Көлік ішіндегі техниканың дұрыс істемеуі. Автобустардың ішіне кіріктірілген автоинформаторлардың қызметі – жолаушыларға аялдаманың атын хабарлау. Дауыстық хабарландырулардың көмегімен адамдар өздеріне қажет аялдамадан түсе алады. Алайда көптеген автобустарда бұл құрылғылар дұрыс жұмыс жасамайды. Кейде дауыс анық шықпайды, кейде қате аялдаманы атайды, кейде атауды ұмытып та кетеді, тіпті мүлдем автоинформаторлары жоқ автобустар да бар. Бұл әсіресе қарт адамдар үшін өзекті проблема болып келеді.
Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолдың болмауы. Швеция секілді дамыған елдерде автобустар арнайы жолдармен жүреді және бұл кептелістің қалыптасуын болдырмайды. Өкінішке қарай, Астана қаласында бұндай жолдар әлі жоқ, бірақ олардың қажеттілігі айдан анық. Себебі көлік кептелісі кезінде автобустар баяулап, күту уақытын одан бетер ұзартады.
Астана қаласының урбанистері нағыз қоғамдық көліктің қандай сипатта болу керектігімен бөліскен еді.
Біріншіден, автобус интервалы кішігірім ғана болуы шарт. Яғни әдеттегідей жарты сағат емес, тек 5-7 минут қана. Екіншіден – сервис. Автобустардың іші әрқашан таза әрі қолдануға жағымды болып, температураға байланысты белгілі бір стандарт қойылуы керек. Кондиционердің немесе пештің қосылуы қатаң түрде регламенттелуі міндетті. Үшіншіден, жүргізушілердің сыпайылығы маңызды пункт болып табылады. Олар жолаушылардың кіруі мен шығуын соңына дейін күтулері қажет. Төртіншіден, жоғарыда айтылып кеткендей, арнайы автобустық жолдардың ашылуын толығымен қамтамасыз ету керек.
Дариға АСАНИЯЗОВА
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024