21-02-23 |
1370 рет қаралған
Ашық диалог – алға бастайтын қадам.
Ашық диалог – алға бастайтын қадам

 

Азаматтық қоғамның ойы ғана емес, сөзі де азат болғаны жөн. Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайдан бері біршама уақыт өтті. Ел зиялылары мен қоғам белсенділерінің басын қосып, мемлекет мүддесін талқы еткен жиынның мән-маңызы әлі де ерекше. Ең әуелі бұл халықтың коммуникация құралы саналды десек, жаңылыспаймыз. Түпкі мақсат – әр азаматтың пікірін елеусіз қалдырмау.

Елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникация форматын құру – дамыған елдердің көбіне тән дүние. Кез келген азамат лауазымына қарамастан диалог құрып, халық талабын айта алады. Әрине, Қазақстан да бұл қатардан қалмай, диалог алаңын ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып жетілдірді. Соның дәлелі – біз меңзеп отырған Ұлттық құрылтай. Атының өзі халықты елең еткізбей қоймағаны анық. Тарихқа көз жүгіртсек, хандардың алқалы жиын өткізуі ұлттың болмысына тән қарекет. Сол арқылы елдің күн тәртібінде тұрған мәселелерін шешіп, келешекке нақты жоспар құрылады. Ұлттық құрылтай тап осы әділдік жолының айнасы ретінде өткізілді десек, артық айтқанымыз болмас. Себебі құрылтайда жай сөз айтылмайды, әр саланың мамандары мен сарапшылар проблемаларды шешудің нақты жүйесін құруға ұмтылады.

Қазақстан саяси реформаларының басты бөлігі ретінде азаматтық қоғамды жетілдіру ісін алға қойғаны мәлім. Халық пен билік үндестік тапса, тұтастықтың іргесі нығая түсері анық.

Міне, Ұлттық құрылтайдың бір себебі осы болатын. Ауқымды жиынды өткізу тосыннан қабылдана салған шешім емес. Оған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам белсенділерімен һәм зиялылардың әрқайсысымен жеке тілдесіп, проблемаларды жалпыхалықтық форматта, пікірлер мен көзқарастардың әралуандығына қарамастан талқылауды жөн деп тапқан еді. Барлық мәселе бір жиынның үстінде талқылана салмайтыны онсыз да белгілі.

Сондықтан мемлекет халыққа құлақ аспаққа Quryltai атты мобильді қосымшаны іске қосты. Платформаға кез келген азамат өз ойлары мен ұсыныстарын еркін жолдауға мүмкіндік алды. Сауалы бардың күмәні сейіліп, жауабын алғанның сенімі ұлғайды.

Жалпы, құрылтайды аясы бір жиынмен шектелетін шара ретінде қарастыруға әсте болмайды. Келесі тұстан қарағанда, бұл – ірі біріктіруші күш. Өйткені мұнда саясаткерлер мен қоғам белсенділерінен бастап, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастық өкілдері де ат салысады. Пікір мен мүдде тоғысқан тұс, ауызбіршіліктің бастамасы болары хақ. Мұнда түрлі саланың өкілдері ел мәселелерін әр қырынан шолып, түйінін тарқатады.

Әйтсе де атқырылар игі істің аясы тарылмағаны абзал. Халықты жан жақты хабардар етіп, ел жайынан қалыс қалдырмау мақсатында «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетілгені есте. Бұл да бір тиімді жол саналса керек. Себебі оған әр кезде әртүрлі өңір қосылды. Сарапшылар сөз сөйлеп, елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарын баяндады. Ақырында Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілектерін ортаға салатын ашық диалог алаңымен болып қабыса алды.
Шынында елде өмір сүріп жатқан кез келген азаматтың ұсынысы ескерусіз қалмауы тиіс. Бірі ескерілмеді ме, қоғамнан көңілі қала бастайды.

Сондықтан құрылтай теңдіктің туын көтергендей әсер қалдырады. Бүгін сіз сөйлеп, ертең ол сөйлесе – нәтиже шамалы, ал екі адам бірге талқылап, шеше білсе – дамудың көрінісі. Қорыта айтқанда, еліміздің азаматтық қоғам құрудағы бастамалары көңілден шығады деп айтуға негіз бар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.