Атырауда ел біріншілігінің ХІV туры аясында кездескен «Атырау» мен «Ақтөбе» футбол командаларының жанкүйерлері төбелесіп қалды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жанкүйерлер арасында қақтығыстың болғанын растады.
«19 маусым күні сағат 17:55 шамасында «Атырау-Ақтөбе» футбол құрамаларының ойыны басталмас бұрын стадион алдында жанкүйерлер арасында қақтығыс орын алған. Полиция қызметкерлері қоғамдық орында құқық бұзушылыққа жол берген 30 адамды ұстады. Олар Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілді», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы оқиға бойынша полиция қызметкерлері тиісті құжаттарды жинақтап жатыр. Жанкүйерлер арасындағы жанжал кезінде ешкім жарақат алмаған.