24-08-22 |
4570 рет қаралған
Аутизм – ол ауру емес.
Аутизм – ол ауру емес

«Дені сау ұлт» жобасы –қолжетімді және сапалы медициналық көрсететін жоба. Ең бастысы, ұлттың саламатты өмір сүруі. Жыл сайын дертке шалдыққандар қатары кеміп, еліміз «дені сау ұлтқа» айналса, бұл жобаның тиімді жүзеге асқаны. Дені сау азаматтар – мемлекеттің ең үлкен капиталы. Алайда, соңғы жылдары аутизмге шалдыққандар саны көбейіп барады. Неге? Аутизмнен емдеудің жолы қандай? Ата-ана нені басты назарға алғаны дұрыс? Осы орайда біз логопед-мұғалім Нәзира Бекдәулетқызына бірер сауал қойған едік.

–Нәзира ханым, қазір аутизмге шалдыққандар саны күннен-күнге көбеюде. Бірақ себебі неде екенін белгісіз. Дәрігер ретінде бұған не дей аласыз?

–Мұның себебі неде деген сауалға ғалымдардың өзі толық жауап бере алған жоқ. Өйткені бұл дерттің себеп-салдары әлі күнге зерттеліп жатыр. Сондықтан толыққанды бұл сұраққа жауап беру қиын. Нақты ғылыми дәлелдемелер шыққан кейін ғана себебін анықтай аламыз.

–Неге аутизмге шалдыққандарды «жауын баласы» дейді? Бұдан қалай айығуға болады?

–«Жауын баласы» деген терминнің шығуына америкалықтар түсірген фильм себеп болған сияқты. Фильм «Человек дождя» деп аталады. Менің ойымша, «жауын баласы» дейтін сөздің астарында ата-ананың балаға жұмсайтын үлкен еңбегі жатыр. Себебі, осындай дертке ұшыраған баласы бар кез келген ата-ана ауыр сынақтарды бастан кешеді. Бұлардың ерекшелігі, қалыпты балалар секілді ойнамайды, қарым-қатынас жасамайды, әрі оларды ертіп, ата-ана да ешқайда шыға алмайды. Ұзақ мерзімді еңбектің де бір күні нәтижесі болады. Сондықтан «жауын баласы» ұғымы да осылай болуы керек деп топшылаймын. Ал аутизм – ол ауру емес. Бұдан жазылмайды. Тек баланы қоғамға сіңіруге, өзіне қызмет етуге және білім алуға үйретуге болады.

–Аутист балалардың көп ешкіммен сөйлеспейтіні, адам көзіне тік қарамайтыны, оқшауланып жүретіні белгілі. Бірақ солардың ішінен «гений» балалар шығады деген рас па?

–Аспергер синдромы – бұл аутизмнің жеңіл түрі. Аутизмнің бірнеше түрі бар. Соның ішінде аспергер синдромы да кездеседі. Әрі аутист балалардың өзіне тән ерекше дарыны болады. Мысалы, математикаға, музыкаға, физикаға қабілеті бөлек болуы мүмкін. Сурет салуы, шахмат ойнауы да ғажап емес. Өйткені мұның бәрі қабілетпен келетін дүниелер. Осыны ата-ана ертерек байқап, ондай баламен жұмыс істейтін болса, ол баланың талантын ерте байқай білсе, неге шықпасқа? Әлемге танылған қаншама тұлғалар бар. Олардың арасында да аутистер кездеседі. Сол секілді бұл балалардан да кейін елге белгілі атақты тұлғалар шығуы мүмкін. Біздің Алматы қалалық балаларды оңалту орталығына да аутист балалар келеді, емделеді. Бұл балалардың ата-аналарына кеңес береміз. Баламен қалай жұмыс істеу керегін, неге бейімдеу қажет екенін, қандай методиканы пайдаланған дұрыс екенін айтамыз. Әрі ата-аналар да өзін мазалаған сауалдарын қоя алады. Ол бала қоғамның бір өкілі. Оны өзгеден алшақтап, бөлектеп қарауға болмайды. Мұндай жағдайда ата-анаға да кеңес көбірек қажет болады. Оның бәрін біз орталықта үйрете аламыз. Өйткені баласының осындай диагнозын білген сәтте ата-анаға да ауыр тиеді.

– «Баланың қиын кездері болады» деп айттыңыз? Ол қандай кезең?

–Егер ата-ана баласының аутист екенін білген сәтте ең алдымен, ПМК-ға жіберуі керек. Ол жерде бала төрт ай бойы қадағалауда болады. Содан кейін оңалту орталықтарында тексерілуден өткені дұрыс. Өйткені ондай балалардың көпшілігі өмірге бейімделуі қиын болады. Әрі ашуланшақ келеді. Ойын дұрыс қабылдамайды. Ауырсынуды сезбейді. Егер бала бір жерін жарақаттап алса, оны өзі сезбеуі мүмкін. Көзге тіктеп қарамайды. Сондықтан оңалту орталықтарында емделудің де пайдасы бар.

– Олардың қиналуы не болмаса жағдайының өршуі мезгілге, қандайда бір кезеңге байланысты ма?

–Белгілі бір мерзімге, не болмаса кезеңге қатысы жоқ. Бастысы, ата-ананың балаға қарым-қатынасы дұрыс болса болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.