25-08-22 |
1600 рет қаралған
Ауыл медицинасы алға басып келеді.
Ауыл медицинасы алға басып келеді

Ілгеріде ауылдағы сырқаттанған жанның бәрі шалғайдағы аудан мен қалаға сабылып жүретін. Дертті адамның әуресі әбден қажытары айтпаса да белгілі. Соңғы жылдары шалғайдағы елді мекендердің медициналық ахуалына ерекше көңіл бөліне бастады. Соның арқасында жағдай біршама оңалды. Қазір ауыл халқының әбігерге түсуі азайды. Былтыр «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы қабылданған кезде де елді мекендер назардан тыс қалған жоқ. Ауылдарға медицина мамандарын көптеп тартып, инфрақұрылымды дамыту жолға қойылды.

Ел аумағында қазір алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 5,7 мың объекті бар. Оның 501-і қалалық жерде орналасқан болса, 5200-ге жуығы ауылдарда қызмет көрсетеді. Осыдан-ақ алғашқы көмек көрсету жағында мемлекеттің ауыл халқына басымдық бергенін аңғарамыз. Елдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін барлық мекемеде 12 мыңнан астам учаске жұмыс істейді. Онда 32 мыңға жуық дәрігер мен 73 мыңнан астам орта медицина қызметкері еңбек етеді. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,3-ті құрайды. Дәрігерлер санын көбейтіп, мамандарды ынталандыру ісі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жыл сайын дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға артуда.

Жалпы, саланы медицина кадрларымен қамтамасыз ету үшін 2012 жылдан бастап медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен оқыған түлектердің үш жыл бойы міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізілгенін білеміз. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жас мамандарды қолдау және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы алған, 222-сі баспаналы болып, 92 жас маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Алғашқы көмек көрсететін мекемелердегі дәрігерлердің жүктемесін төмендету мақсатында жалпы практика дәрігерлеріне 480 қосымша қабылдау учаскелері құрылған. 2019-2021 жылдар кезеңінде қосымша 249 объекті ашылды. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 500-ге жуық нысан салу жоспарланған. Оның 420-сы ауылдарда орналасады.

Шалғай ауылдарда тұратын халыққа медициналық қызмет қолжетімді болуы үшін көлік медицинасы енгізіліп, дамып жатыр. 2020 жылы 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған екен. Осылайша бүгінде олардың саны 149-ды құрады. 2021 жылы 149 жылжымалы медициналық кешен 2 542 шалғай ауылдық елді мекеннің 1,8 млн тұрғынын қамтыған. Яғни, науқастардың дертін дер кезінде анықтау ісі жолға қойылған. Деректерді саралайтын болсақ, соңғы екі жылда шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына 870 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілген. Көрсетілген қызметтердің нәтижелері бойынша 132 мың науқас анықталып, 11 пайызы қант диабетімен ауыратыны, 0,6 пайызы глаукомамен, 6,7 пайызы қан айналымы жүйесі ауруларымен, 0,04 пайызы әйелдердің сүт безі обырымен ауратыны анықталып, дереу ем көрсету процесіне жіберілген.

Бұған қоса, ауыл халқына медициналық көмекті ұйымдастыру және оның қолжетімді болуы үшін ауылдарда 1752 мобильді бригада жұмыс істейді. 2021 жылы COVID-19 жұқтырған науқастар алғашқы көмекке жүгінген кезде 2 9 миллионнан астам адам үйден медициналық көмек алған. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер белсенді түрде енгізіліп жатыр, шамамен 6,4 млн халыққа телемедициналық консультациялар берілген.

Статистикалық деректерге сәйкес, былтырғы жағдай бойынша денсаулық сақтау жүйесінде барлық ведомстволарды есепке алғанда 262 200 медицина қызметкері жұмыс істейді. 76 443 дәрігер, 185 757 орта медицина қызметкері бар, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 32 мың дәрігер, 73 мыңнан астам орта медицина қызметкері бар. Ал ауылдық жерлерде медицина қызметкерлерінің саны 64 402 адамды құраған.

Әкімдіктердің берген мәліметтері бойынша, биыл 3 931 дәрігер жетіспейді. Мамандықтар бойынша талдасақ, ең көп тапшылық жалпы практика дәрігерлері арасында байқалады (480), анестезиолог-реаниматологтар – 416, терапевттер – 333, педиатрлар – 256, акушер-гинекологтар – 233, инфекционистер – 139, неврологтар – 128, хирургтар – 147, онкологтар – 99, кардиологтар – 93. Енді тапшылықты азайту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласы бойынша білім алатын түлектерді қолдауды жалғастырып жатыр. Жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналасу пайызы 2021 жылы 96 пайызды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда жас мамандарды жұмыспен қамту 43 пайызға ұлғайған.

Бұл тұста жас мамандарды даярлау әрі қарай жалғаса беретінін айта кеткен жөн. Осы мақсатта Үкімет жүйелі жұмыстарды атқаруда. Қарқынды іс арқылы келешекте ауылдық жерлердегі медициналық мәселе шешіліп, шалғайдағы елдің шаруасы түгенделетініне сенім зор.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.