Әзербайжан Республикасының Бас прокуратурасы Ақтау маңындағы ұшақ апатына Ресей Қорғаныс министрлігінің ықтимал қатысы туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, БАҚ-та жарияланған AZAL ұшағына Ресей әскери күштерінің шабуыл жасаған болуы мүмкін деген ақпарат мұқият тексеріледі.
Аталған ұшақ апаты бойынша тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
— Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында таралған кез келген оқиғаға қатысты ақпарат тексеріліп, тергеу органдарына ұсынылады. Сонымен қатар, бұл ақпараттың қайдан және қандай негізде таралғаны да зерттеледі. Осы оқиғаға қатысты мәліметтер де дәл сол тәртіппен тексерілуде, — деді Әзербайжан Бас прокуратурасының тергеу басқармасының басшысы.
Бұған дейін Minval Politika басылымы Ресей Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен әуе қорғанысы күштері ұшаққа оқ атқанын растайтын, аты-жөні көрсетілмеген ПВО капитанының түсіндірме хатын жариялаған болатын.