10-01-18 |
6310 рет қаралған
Бақытжан Әбдірайым: Адами капитал айтулы өзгеріске бастайды.
Бақытжан Әбдірайым: Адами капитал айтулы өзгеріске бастайды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды.  10.01.2018 2836 Алдымен атауға тоқталсақ, жаңа мүмкіндіктер кім үшін деген сауал туады. Яғни білім мен ғылымға жақын, еңбекқор, жұмысына жауапты азаматтарға төртінші өнеркәсіптік революция үлкен мүмкіндік береді. Ал керісінше кімге мүмкіндік болмайды? Иә, жалқауға, еріншекке, кәсіби деңгейін өсіруге ынтасы жоқтарға қиындық туғызады. Себебі, өнеркәсіптік төңкеріс көз алдымызда жүріп жатыр. Бұл үдерісте ең алдымен жұмыссыздық пайда болады. Кімдер жұмыссыз қалады? Әлгіндей кәсіби деңгейін өсірмейтін, жаңалыққа жоқ, жаңа технологияны үйренбейтін, оқу мен кәсіпке құлқы жоқ жандарға айтарлықтай тұсау салады. Міне, сондықтан алдымызда мүмкіндіктер мен қиындықтар қатар келе жатыр. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, цифрландыру өнеркәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл мемлекеттің экономикасы үшін өте пайдалы әрі қажет даму үрдісі болмақ. Өйткені әлем елдері де осы бағытпен келеді. Сол себепті жергілікті кәсіподақ федерацияларына аталған мәселелерді еңбек ұжымдарына жан-жақты түсіндіру міндеті тұр. Бүгінде мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқимын, қосымша мамандық аламын десеңіз жергілікті әкімдік арнайы семинарлар мен курстарды тегін өткізеді. Сол арқылы өз өңіріңізге қажетті жаңа мамандық алуға болады. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық мектептерде білім тегін беріледі. Олар даярлайтын мамандықтар барлық мекемеге қажет. Әлбетте, адам өзінің білімін жаңа сатыға көтеруге әрдайым дайын болуы, оған өзі ынталануы керек. Әйтпесе қазіргі өзгерістерге ілесе алмай қалып қояды. Бұл жұмыссыздықтың пайда болуына соқтырады. Мәселен, осыдан он жыл бұрын ірі дүкендерде бірнеше бөлім болатын. Етті бөлек, сүтті бөлек сататын, әр жерде бір-бір дүкеншіден тұратын еді. Қазір бір ғана дүкеншіден қалағаныңызды алып, шығарда касса қызметкерімен есеп айырысасыз. Кейбір дамыған мемлекеттерге барсаңыз, дүкеншілері де жоқ. Сатып алатын өнімдерді смартфон арқылы тіркеп, әмияныңыздағы қаржыны дүкен онлайн түрде өзі алып қалып отырады. Міне, осындай оңай жүйеге көшудеміз. Сол сияқты осыдан он жыл бұрын Астанадағы Әуезов көшесінде сөйлесу пункті бар еді. Алматы, Тараз, Өскемен сияқты қалаларға сөйлесу үшін алдын-ала тапсырыс беруші едік. Әр көшеде таксофон тұратын. Қазір бәрі қайда кетті? Бүгінде көптеген функцияны бір ғана смарртфон атқарады. Шетелмен де ілезде байланыстырады. Яғни, жоғарыдағы мамандықтардың барлығы күшін жойды. Олардың үйренгені жаңа жұмысқа бейімделді, үйренбегені одан да төмен жұмысқа ауысып кетті. Міне, сол сияқты бармақ тістеп қалмау үшін жаңа өнеркәсіптік революцияның берері туралы Кәсіподақтар федерациясының 10 өңірлік филианың жетекшілігімен үгіт-насихат топтары құрылып, жұмысын бастады. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Елбасы өзін өзі жұмыспен қамтығандарға, жаңа кәсібін бастаушыларға қолдау көрсету керектігін айтты. Бұл ретте қандай тетіктерді ұсынуға болады? Әрине, кәсіппен айналысушыларға мүмкіндік беру керек. Өйткені, жұмыссыз қалғандардың кейбірі жаңа мамандықты оқығысы келмейді, жеке кәсібін құрғысы келеді. Сондықтан шағын кәсіпкерлікті қолдауға көп көңіл бөлінуі керек. Оларға несие алу, қайта оқу, бизнес модель жасау жағынан көмек көрсетілер болса, уақыт өте аяғынан қаз тұрып, жұмысқа адам алып, кейін оларды өзі үйрететін болады. Осылайша, қоғамда шағын бизнес нысандары көптеп ашыла бастайды. Аймақтарда шағын бизнесті құруға мүмкіндік мол. Айта кету керек, дамыған мемлекеттердің көбіне шағын және орта кәсіпкерлік тән. Соңғы кезде билік органдары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау түріне басымдық беріп отыр. Бұл шын мәнінде кәсіпкерлікке тірек бола ала ма? Мәселен, бір мекеме қызметкері жұмыстан қысқарып қалды делік. Ол жеке кәсібін ашқан күннің өзінде салық төлеуді, бизнес-жоспар жасауды және басқа да заңнамалық-құқықтық жайттарды біле бермейді. Оны дұрыс атқармаса уақыт пен қаржы жоғалтады. Тоқырап қалуы да ғажап емес. Сондықтан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы курстар өткізіп, көмек көрсетуде. Бұл арада әртараптандыру жүргізу өте маңызды. Кімдерге бизнес туралы білім мен тәжірибе қажет? Олар бір топ болуы тиіс. Ал кімдерге қаржылай қолдау керек? Оларға шағын несие ұйымдарымен, қаржы институттарымен жұмыс істеуге қолдау көрсеткен абзал. Мүмкін, қолайлы ғимарат керек шығар. Осы іспетті мәселелерді жергілікті билік үйлестіруді өз мойнына алуы тиіс. Бұл қаладағы һәм ауылдағы жұмыссыздықты азайтады. Әр адам жеке бизнесін ашқан соң күні-түні еңбек етеді. Себебі, отбасын асырайтын қаржысы, серіктесінің алдындағы жауапкершілігі де мойнында болады. Яғни, шағын бизнес бірте-бірте жұмыссыздықты азайтады. Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындап отырғанын айтты. Біз дайын затты тегін алуға, жұмыс істемей тұрып айлық сұрау сияқты психологиядан арыла қойған жоқпыз. Бұл кеңестік кезеңнің мөрі. Адам алдымен ақша табу үшін іскерлігін, алғырлығын дәлелдеуі керек. Қандай басшы болса да, әсіресе жеке кәсіпорындарда білімді, қолынан іс келетін маманды жұмыстан шығармайды. Себебі, ол оған пайда алып келеді. Ал еңбек даулары барлық жерде, өркениетті елдерде де болады. Өйткені жұмыс беруші мен жұмысшының көзқарасы бөлек. Бірі көбірек пайда тапқысы келеді, бірі көбірек жалақы алғысы келеді. Сондықтан екі тарапты мәмілеге келтіру, қарым-қатынасты реттеудің арнайы заңмен көрсетілген жолдары бар. Биылғы Жолдауды «100 нақты қадам», үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Рухани жаңғыру» сияқты ауқымды бағдарламаларда көрсетілген бағыттардың жалғасы деп қарауымыз керек. Әрине, заман өзгерген соң біз де өзгеруіміз керек. Адами капиталды қалыптастыру – ең негізгі межеміз. Адами капитал арқылы жаңа білім мен кәсіпті игеріп, санада да, қоғамда да айтулы өзгерістер жасап, алпауыт елдер санатына қосылуға болады.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.