Елағаcы Байболат Бүтікейұлымен халық пен мемлекеттің ара байланысын нығайту керек дейді. Оның айтуынша, сондай жағдайда ғана мемлекет, атқарушы билік халықпен бірге бола алады.
–Сіз бүгінгі қоғамның саяси ахуалына қанықсыз. Соның ішінде соңғы кездері билікке, Елбасына қарсы түрлі пікір айтушы жеке адамдар мен топтардың көзқарасына қалай қарайсыз?
–Әрине, бұқаралық баспасөз ақпарат құралдарын, соның ішінде ғаламтор сайттарына көз жіберіп, оқып отырамын. Бүгінгі өркениет жетістігі – төңіректің төрт бұрышын байланыстырған ғаламтор желісі адамдардың барлығын саясаткер қылып жіберді десек те болғандай. Мұның адамдарға пайдасы мен зияны бірдей болып тұр ғой. Ең бастысы халықты бүлдірмесе болғаны.
Мен өз басым сол ғаламтор арқылы елді дүрліктіргісі келіп, билікті, Елбасын сынап, сынап емес жала жауып жатқандарды әсте қолдамаймын. Қазақ «жаманға жақсылық жараспайды» дейді. Неге бізге жақсылық жараспайтынына таң қаламын. Сонша жаман болғанымыз ба? Қазіргі пыш-пыш, тіпті кейде гу-гу өсек 1930 жылдарды елестетеді. Сол жылдары билікте жүрген қазақтың сорпа бетіне шығар білімді, білікті азаматтар түгел «халық жауы» деп ұсталып, көбі атылып кетті. Ұсталып емес, өзіміз ұстап бердік. Ұлы десе, ұлымыз, ел бастаған ұлық десек, ұлығымыз хакім Абайға не көрсетпедік. Шәкәрімді өз қолымызбен өлтірдік. Осылайша сонау Керей, Найман мемлекеттері кезінен бастап, күні бүгінге дейін өз түбімізге өзіміз жетіп келген жиіркенішті пиғылдан туындаған қасіретті тарихтан неге сабақ алмаймыз. Тіпті, соңғы кездері тағылым алғанды қойып, онан ары ушығып бара жатқанына алаңдамасқа лажың жоқ.
Елімізді, тәуелсіздігімізді сақтап, қорғауға байланысты Меруеш Башайқызының мақаласын оқыдым. Айналайын, өте дұрыс айтқан. Оны өздерін «батыр» танытқысы келетіндер теріске шығарып, қырық саққа жүгіртуде.
–Елбасы жайлы ой пікіріңізді толықырақ айта кетсеңіз.
Қазақ елі, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті, оның билік басшысы ешкімге ойыншық емес. Бұл БҰҰ-на мүше, айдай әлемге танылған ұлы ел, басшысын әлемнің ықпалды лидрлері таныған, солар пікірімен санасатын кемеңгер тұлға. Біз өзмізді өзіміз сыйласақ, жат жанынан түңілері хақ. Әйтпегенде «пысық боламыз деп жүріп, пұшық болуымыз әбден мүмкін. Сондықтан мемлекетке, билікке, әсіресе Елбасына қарсы шығып, жала жабуды доғаруымыз қажет.
Егер доғармасақ, түбі өте жаман болады.
–Бұл заман еркіндік заманы. Кімнің аузына қақпақ боламыз. Бүкіл халыққа қалай тыйым саламыз?
–Гәп осында, әлгі жалаққорлар мен олардың сөзін желдей ескізіп жүрген өсекші топтың сөзін халықтың сөзімен шатастырып жүрміз. Олар әсте бар халықтың атынан сөйлей алмайды. Қазақ халқы қашаннан сабыр сақтай білетін, әліптің артын баққан, жақсы мен жаманды, шындық пен жаланы айыра білетін, бәрін түсінетін халық. Ішімізде алауыздық, алаяқтық танытып жүрген азғана адам, шағын топ бар. Олар өзгенің қолаяқтары. Қазақ Еліне, жеріне, оның байлығына қызыққандардың әдейі қасақана жүргізіп отырған саясаты. Егер жағдай ушықса, бізге кімдер көмектеседі? Ешкім де көмектеспейді. Керісінше қайтадан боданы етіп, халқымызды құлға айналдырудың қамына кіріседі. Қазіргі заманда мемлекетке, билікке жала жабу өте-мөте оңай болып тұр ғой. Сол үшін барлық пәлені Елбасына жабуға, оған халықтың атын сатуға ешкімнің қақысы жоқ. Жалпы халықта жаман ой, теріс пиғыл жоғына сенуіміз керек. Тек ішіміздегі «тентектерге» жол бермеуді айтып отырмын. Осындай жалғыз-жарым тентектер жүздеген жыл бойы түбімізге жетіп келгенін ұмытсақ үлкен қателік болады.
–Елімізде бағаның өсуі шарықтап барады. Халық осыған алаңдаулы. Жоғардағы жалақорлардың да билікті жамандағанда айтатын негізгі уәжі осы. Сіз не дейсіз?
–Әлемді жайлаған экономикалық дағдарысты біз аттап емес, басып өтетініміз заңдылық. Бұдан да шығымыз. Жалпы бұл үшін Елбасын, билікті кінәлауға болмайды. Бұл қиындықтар нарықтық экономика заңдылығы бойынша шешіледі. Бүгін қымбаттайды, ертең арзандайцды. Сөйтіп бәрі өз орнына келеді. Егер оған Елбасы араласып, нарық заңдылығына қарсы тұрса, экономиканың заңы бұзылады. Сосын оны түзеу қайта қалпына келтіру қиындықтан шығу тіпті қиын болады. Қазір өркенді елдің басшы, президенттері бұл мәселеге мүлде араласпайды. Қайта біздің Елбасымыз халықтың қамын ойлап, бағаны көтермеуге шақырып, ауыртпалықты үкметке жүктеп келеді. Тіпті билікке қарсы шығушылардың өзіне пәлендей қыспақ, шектеу жасамауды үкметке тапсырып отыр. Сонау тәуелсіздікке алғаш қол жеткізген 1990 жылдары қанша халық көшеге шығып, «бұрынғы күнімізге зар болдық. Кеңес заманында болмағанда аяғымызда керзі етігіміз, аузымызда қара нанымыз болып еді» деп шулағанын көзімізбен көрдік. Осы кезде билік ішіндегілер «бейберекетсіздік шектен, бақылаудан шығатын болды, тәуелсіздігімізге қауіп төне бастады, сол үшін төтенше жағдай жариялау дұрыс» деп көргендер де болды. Сол тұста да Елбасы халық жағында болып, өмір бойы қақпайланып өткен халық теңдікті, еркіндікті сезінсін, айтсын, айғайласын, біздің тәуелсіз елдің, тәуелсіз қоғамның артықшалығын аңғарсын деген ұстанымда болғаны күні бүгін есімізде. Сондықтан сабыр сақтайық, билікті, Елбасын орынсыз кіналай бермейік. Ауыртпалықтың бәрін жалғыз адамға жауып, басқамыз басымызды баса беретіндей жәдігөй, жаман халық емеспіз. «Көппен көтерген жүк жеңіл» болатынын түсінетін халықпыз
–Халық билікке, билік халыққа сенбейді деген пікірлер айтылып, мақалалар жазылып, халықты екі ойлы етіп жүрген жоқ па?
–Мен Елбасына да тіпті, министр, әкімдердің де біріне кезігіп көрген жоқпын. Ауыл әкімінен басқасын танымаймын. Тек қарапайым халықтың ортасында жүрген қарапайым қариямын. Сол тұрғыда айтсам халық Елбасын қолдайды. Ол кісіге деген ниеттері түзу, ел игілігі жолында атқарып жатқан ісіне риза. Егер халқын, елін, жерін шексіз сүйетін бір адам болса, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Ал Министрлер, облыс әкімдері Елбасының көңілінен шығып, халықтың қалауына, талабына сәйкес жұмыс істеулері қажет. Халық пен мемлекеттің ара байланысын нығайту керек. Сонда ғана мемлекет, атқарушы билік халықпен бірге бола алады. Бұл тұрғыда барлық сатылы басшылар Елбасының тапсырмасын сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындап, халыққа үнемі есігін айқара ашып, әрбір азаматпен қоян қолтық жұмыс жасаса, бәрі дұрыс болғалы тұр.
–Сіз Қазақ елі, оның тәуелсіздігі туралы ой пікіріңізді ортаға салып, Қазақ елі, оның тәуелсіздігін қуана құптап отыратын ағалардың бірісіз. Әрине, сіз ұзақ жылдар бойы Моңғолияда аудан басқардыңыз, көпке ақылшы болдыңыз, енді Қазақ елінің болашағын қалай ойлайсыз?
–Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай Қазақ халқы ежелгі ғұндар мен сақтардан, түркілерден өсіп-өніп, қазақ деген халық болып қалыптасқан кезеңнен бастап тарихтың талай жайдары жаз, қытымыр қыстарын бастан кешу арқылы бүгінгі күнге жеткен. Бір сөзбен айтқанда “мың өліп, мың тірілгенбіз”.
Бұрынғыларын айтпағанның өзінде қазақтарға жоңғар шапқыншылығы, шүршіт басқыншылығы, орыс отаршылдығы, ашаршылық, саяси нәубет, қанды соғыс бәрі-бәрі қандай да бір апаттан, жұқпалы індеттерден артық кесірін тигізген. Соның салдарынан қазіргі жан санынан әлденеше есе асып түсетін қазақ баласы Алладан келетін ақ өлімнен емес, адам қолымен жасалған айуандық әрекеттің салдарынан қынадай қырылған. Қазақ халқының бастан кешкен азабын, қайғысымен қасіретін, көрген қорлығы мен зорлығын ендігі ұрпақтың басына бермеуін тілеймін.
Қазақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді. Сол үшін алаңдаймын.
–Қазақ осылайша неліктен ұзақ жылдар бойы қанды қасірет шегіп, азап тартты? Басты себеп не деп ойлайсыз?
–Өзіңіз айтқандай мұның көптеген себебі бар екенін бәріміз білеміз. Дегенмен солардың ең үлкені өзіміздің тарапымыздан болғанын ескере бермейміз. Дана халқымыз: “Шығасыға иесі басшы”, “Алтау ала болса ауыздағы кетеді», ”Үй іші ала болса, кереге басына пәле толады” деген сияқты ұлағатты сөздерді бекер айтпаған. Жау жағадан алып, жан қысылған қайғылы шақта өмір сабақтарынан туындаған тәмсілдер. Халқымыз өз ішінен береке-бірлік кеткен кезде әлсіреп, сол кезде жаудың қырына алынып, құрығына ілініп отырғанын тарихтан анғарамыз. Іште іріткі жасайтын алауыздық, көреалмастық, бақталастық әрекеттер өрши келе ауыл арасы, ру, тайпа, ұлт ішінде араздықтар, наразылықтар бас көтеріп, ақыры түбімізге жетіп отырған.
–Алауыздық, көреалмастық, бақталастықтың тамырына балта шабу үшін не істеуіміз қажет деп ойлайсыз?
–Енді міне, Тәуелсіздік, егемендік қолға келген ширек ғасырда біздің ұлттық мемлекетіміз өз жеріне өзі қожалық етіп, ұлттық-мемлекеттік өз тілін қалпына келтіріп, ұлттық байлықтарын өзі билеп, өзі игілігіне асырып, ел елге телім болып бытырап, ыдырап кеткендері керуен-керуен, тізбек-тізбегімен тарихи отанына қайта оралып, бір шаңырақ астына жиналып, осы шаңырақты биіктету, іргені бекемдеу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, білек сыбана қажырлы күрес жүргізіп жатырмыз. Осындай ғана қысқа мерзімде екі ғасырлық өркенге жеттік. Кешегі күдік пен күмәннің бәрі артта қалып, халқымыз «атасында көрмегенді ботасында көріп», бейбіт, бақытты өмірге жетіп, ешкімге тәуелсіз жеке ел болды. Қазақстан Республикасы қазірде күн санап дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылды. Бұл – біздің үлкен мақтанышымыз.
Ал, жиырмадан астам жылда жүздеген жылдарға тең келетін жеңістер мен жетістіктерге қол жеткізген Қазақстанның қаһарман халқының алдағы мақсаты 2050-жылға дейін әлемдегі өркениет биігіне көтерілген ірі мемлекеттермен терезесі теңеліп, ғасырлық өркенге жету екені бәрімізге белгілі. Әрине, бұл – тек қана ішкі және сыртқы жақтан нендей бір тосын қырсыққа тап болмасақ ғана жүзеге асатын мақсат. Әсіресе, ішкі жақтан ешқандай қырсық ұшыраспаса, ондай ел сыртқы қырсықтың қандайына да төтеп бере алады. Ал егер іштен ұшық шалып, қырсық туындаса, сыртқы жақтан келетін қырсық өрттей қаулап, отқа орайды. Ондай қатер бола қалған күнде ел дамуының шапшаңдығына сәйкес ертең қолға келетін игіліктер, дәлірек айтқанда халықтың нақты табысы, өскелең өркен, өміршең істер қайта сөніп, аһ ұрғызумен ғана шектеліп қалмайды, бүгінгі жеткен деңгейіміздің өзінен айырылып қаламыз. Қазір әлемде қаншама елдің халқын өзара жауластырып, көптеген ұлт-ұлыстардың күлін көкке ұшырып, шаңырағын ортасына түсірген, көре алмайтын қаскүнемдердің жымысқы саясатынан, жауыздық әрекетінен сақтанатын күннің жеткені де жасырын емес. Мұны Елбасы үнемі ескертіп келеді.
–Сонда қалай сақтануға болады деп ойлайсыз?
–Ол оңай, ешбір оқудың да, тоқудың да қажеті жоқ. Тек қана өз ішімізде тату, береке-бірлікте болсақ, барлығы дұрыс болады. Біз өз ішімізде бірауыз болсақ, бізге ешкім тиіспейді. Көршілеріміз Ресей де, Қытай да, Алыстағы АҚШ- та жолай алмайды. Ал өз ішімізден алтыбақан алауыз болсақ оны өзгелер, әрине, олар аса шеберлікпен ұтымды пайдаланады. Бұл менің мақалаларымда жазылған. Өмірде шындық дейтін болса, ол біздің Тәуелсіздік алғанымыз, Қазақ елін құрғанымыз. Осы 27 жылда екі ғасырлық өркенге жетіп, айдай әлемге танылғанымыз. Бұл – Қазақ елін Мәңгшілік ел етудегі Елбасының ерен еңбегі. Елбасының сара жолынан таймасақ Қазақстанда жер сатылмайды, Қазақ елі қарызға батпайды. Билік әруақыт халықпен санаспайды емес, санасады. Бұл да – шындық. Мемлекетін дамыту үшін қарыз алу – ол әлем елдерінің бәрінде бар құбылыс. Өйтпесе өркен де болмайды. Дамыған елдердің бәрінде қарыз бар. Көршіміз Ресейдің, тіпті АҚШ-тың да қарызы жетеді. Мұны биліктің терістігі деп көрмейді. Бүгінгі қазақ елінде де билік пен халық бірге екенін бәріміз білеміз. Келешекте де солай болуын қара орман халық қалап отыр.
–Сонда сіз неге алаңдайсыз?
–Мен қазақтың «мың өлсе де» қайта тірілгеніне қуанамын. Ал керісінше мың бірінші рет өлмесе екен деп алаңдаймын, өлмеуін қалаймын. Біздің неліктен өлгенімізді жоғарда айттым. Біз өз ішіміздегі алауыздық, көреалмастық, бақталастықты жойып алмайынша көзіміз ашылмайды. Бұл біздің басымызға қонған бағымызды ұшырып, бақытымыздан айырып, түбімізге жетіп отырған.
–Бұл қазақтың қанына сіңген, тарихтан жалғасып келген ғой. Оңай айыға аламыз ба?
–Әрине, оңай айығамыз. Қазақтың қанына да, сүйегіне де сіңген жоқ. Бұл жалғыз-жарым адамның елді бүлдірген құйтырқы іс әрекеті. Бұған халықтың көбі анық-қанығына бармай алдана берген. Ал қазір біз жеке мемлекет құрдық, тәуелсіз ел болдық. Енді елімізді Мәңгілік ел етіп, ұрпағымыздың жолын ашқан дәл осы кезеңде, осы қарсаңда қазақтың түбіне жетіп келген атың өшкір осы бір алауыздық, көреалмастық, бақталастық деген пәледен құтылсақ Қазақ елінің мәңгі жасап тұрары анық. Біз отандастармыз, бұрынғы қалыптасқан атаумен оралманбыз. Бізге Қазақ елі, оның Тәуелсіздігі қажет. Біз отанның, туған жердің, атажұрттың қаншалықты ыстық, қымбат екенін өзгеден артық сезінеміз. Біз өзге ұлттан өгейлік көрдік, өзгенің жыртысын жырттық. Көрген қиындықтан запыс болдық, әрі тағылым алдық. Сондықтан енді олай болуын қаламаймыз.
–Сіз сол үшін «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігін құру туралы алғашқы пікірді ұсынғансыз ғой.
–Дәл солай.
–Онда қорғамдық бірлестіктің мақсатына қысқша тоқталсаңыз.
–Атажұртына оралған 1,5 млн, әлі де орала алмаған 5 млн. қазақ жергілікті халықпен бірге болып, Қазақ елін мәңгі жасатуға дайынбыз. Сол үшін отандастар арасынан бір топ зиялы азаматтар ақылдаса отырып «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігін құрған дұрыс деп көрдік. Қоғамдық бірлестікті Әділет министрлігіне ресми тіркетуге көп уақытымыз кетті. Ақыры ойлаған ойымызға жеттік.Өткен жылдың 29-қарашасында алғашқы құрылтайымызды өткіздік. Жоғарыда айтқан алауыздық, бақталастық, көралмастықты жоюға арнап, құрылтайдан Қазақстан халқына үндеу жолдадық. Сондай-ақ құрылтайдан шеттен келген отандастар Қазақстанның қаһарман халқымен, оның Елбасымен бірге болып, Қазақ елін дамытуға нақты үлес қосуына қоғамдық бірлестік тарапынан ықпал етуидеясын жүзеге асыру мақсатын қойдық. Анығырақ айтсам:
1.Бүгінгі қолға келген табыстарымызды баянды ете отырып, Тәуелсіз Қазақ елін “Мәңгілік Ел” етіп, халқын бақыт пен шаттыққа бөлеу жолындағы Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясын, “Мәңгілік Ел”, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеяларын, “Нұрлы жол” бағдарламасын толығынан қолдап, дамыған отыз елдің қатарына қосылуына отандастар тұрғылықты халықпен күш біріктіріп, Еліміз дамуын жеделдетуге іскерлік танытуын қалаймын.
- Салаутты, жасампаз Қазақ елінің әрбір азаматын өнерлі, білімді, іскер, тәжірибелі, сабырлы, ақыл-парасатты, мейрімді, жасампаз болып, қалыптасуынаотандастарға тілеулес болудан өзге не керек.
3.Қазақ Елінің күш қуатын арттырып, Мәңгілік Ел болу үшін ішіміздегі көралмаушылық, бақталастық, алауыздықты түп тамырымен жойып, халқымызды береке бірлікке, өзара тату болуға шақырған үндеуді қолдап, оны іске асыру қажет.
4.Еліміздің күш қуаты артып, қалыпты дамуының негізі болған Үкімет пен халықтың ара байланысын нығайтып, облыс, аудан, ауыл әкімдерінен бастап министрлерге дейінгі әр саладағы лауазым иелерін халықпен бірге болып, бұқара қауымға есігін айқара ашу арқылы халық пен Мемлекет арасының арабайланыс, ынтымағын арттырудағы Елбасының тапсырмаларын аброймен орындаудың пайдасын түсіндіріп отыру өте-мөте дұрыс.
5.Өзге ұлт өкілдерін қадірлей отырып, олармен орыс тілінде ал, қазақ ағайындар, әсіресе жоғарғы лауазым иелері өзара тек қазақ тілінде сөйлеп, Мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттығымызды қорғап, Елбасы идеясына сай қазақтың рухын жан-жақты жаңғыруға отандастар үлесін қосып , септігі тисе екен деп ойлаймын.
6.Қоғамда қалыптасқан сыбайлас жемқорлық, пәреқорлық, бюрокаттық, мәнсапқолық, тәртіпсіздік, әділетсіздікпен күресудегі Елбасының ұстанымын нақты жүзеге асыра отырып, Елімізді, Жерімізді, Отанымызды іш пен сырттан келетін қандай бір қауіп, қатерден сақтап, қырағы болуды отандастар өз парызы, басты міндеті санайтыны анық.
7.Еліміздің Егемендік алғанын, Тәуелсіз Мемлекет құрғанын, әлемдегі дамыған елдер қатарына жеткенін, Елордасы Астана қаласының жаңадан орнағанын, еліміздің өндіріс, шаруашылық, экономика саласының аса шапшаңдықпен дамуының бәр-бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деген асқақ тұлғамен біте қайнасқан, ажырағысыз бір тұтас дүние деп тануға, Елбасымыздың еліміз үшін жасап жатқан әрбір игі бастамасын қуана құптауға 80 жасымды, ақ сақалымды алға ұстай отырып, барлық халықты шақырамын. Әсіресе еліміздің елдігіне, оның тәуелсіздігіне қатер төндіріп алмайық, ағайын.
Сұхбаттасқан: Бақытбек Қазымай
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024