Байқоңыр қаласы әкімшілігі Украинадағы соғысқа қатысатындарға 260 мың рубль көлемінде бірреттік төлем төлеу туралы қаулыға қол қойды. Құжат қала әкімшілігі сайтында жарияланды.
Қаржы қала бюджетінен қарастырылған. Құжатқа сәйкес, ақша «әлеуметтік қолдау шарасы» ретінде ұсынылған, деп жазды Азаттық Радиосы.
Байқоңыр қаласын Ресей Қазақстаннан 2050 жылға дейін жалға алған және оған Ресейдің федерациялық маңызы бар қаласы деген мәртебе берілген. Жалға алу құны – жылына 115 млн доллар.
Қазақстан заңнамасы ел азаматтарының шетелдегі соғыстарға қатысуына тыйым салады және заң бойынша соғысқа қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Астанадағы жоғары лауазымды тұлғалар бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ, алайда 14 ақпанда Байқоңырдағы арнайы өкілдік Facebook-те жазба жариялап, аталған қаулы Байқоңырдағы Ресей азаматтарына ғана қатысты екенін мәлімдеді.
Ресей былтыр ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін Байқоңырда басқыншылықты қолдау акциясы өткен. Белсенділердің сөзіне қарағанда, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан. Кейін қала әкімшілігінің жетекшісі Константин Бусыгин «Донбасстан келген босқындарға гуманитарлық көмек жинау акциясына» ешкім күштеп қатыстырылған жоқ, қала тұрғындары «өз еркімен» қатысты деген.
Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің 2020 жылғы 1 қазандағы мәліметі бойынша, 2020 жылы қалада 76 мыңнан астам адам тұрған, 39 мыңнан астамы – Қазақстан азаматтары.