arasha.kz

«Байқоңырдан» ұшырылатын ресейлік зымырандардың қоршаған ортаға әсері бағаланады

Үкімет 2023 жылы 7 ақпанда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне толықтырулар енгізген қаулыны қабылдады.

Құжатта 2019 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру аясында бірқарат шаралар қабылданатыны айтылған.

Ол шаралар мыналарды қамтиды:

– жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылық басшыларын тасымалдағыш зымыранның алдағы ұшырылуы туралы құлақтандыру;

– тасымалдағыш зымыранды ұшыру алдында құлау ауданын шолып байқау және тасымалдағыш зымыранды ұшыруды жүргізу кезеңінде құлау ауданын уақытша жабу;

– тасымалдағыш зымыранды ұшыру жүзеге асырылған соң тұрғындарды (бар болса) құлау ауданынан эвакуациялау және оларды қайтару;

– тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерін іздестіру;

– табылған сұйықтықты зымыран қозғалтқыштарын (немесе олардың фрагменттерін) және тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктерінен құрамында бағалы металдары бар бұйымдарды (немесе олардың фрагменттерін) ұшыруды жүргізетін ұйымға қайтару;

– жануарлар дүниесіне және өсімдік жабынына әсерді төмендету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормативтерін сақтау;

– тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері жерге түскен кезде өрт туындаған жағдайда дала өрттерін барынша тез жою;

– тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерінен құлау ауданын уақтылы тазалау (бөлінетін бөліктер сорға құлаған кезде оларды құлау ауданынан қысқы кезеңде эвакуациялауға жол беріледі);

– тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері құлаған жерлерде ластанған учаскелерді детоксикациялау (қажет болған кезде) және бұзылған топырақ жабынын техникалық рекультивациялау (тегістеу);

– «Байқоңыр» ғарыш айлағының позициялық ауданы қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды дайындау және ұшыру әсерін бағалау;

– құлау ауданында және шектес аумақта орналасқан елді мекендердің қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау әсерін бағалау;

– құлау ауданында және шектес аумақта флора мен фаунаның жай-күйін жыл сайынғы мониторингтеу;

– бес жылда бір рет немесе құлау ауданын пайдалану мерзімі аяқталған соң құлау ауданы мен шектес аумақтың қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды ұшырудың әсерін кешенді бағалау.

Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Exit mobile version