Бас прокуратураның қызметкері өмір бойына сотталған Владислав Челахтан жауап алды, деп хабарлады Elmedia.
«Жалпы, Влад жұма сайын бізге хабарласады. Егер маған хабарласпаса, туыстарының біріне хабарласады. Кеше бізге хабарласқан жоқ. Аздап уайымдай бастадық. Бүгін хабарласып, кеше аппараттың істен шыққанын айтты. Ол Бас прокуратурадан бір жас қызметкер келгенін, есімі есінде қалмағанын, осы прокурор өзінен екі күн жауап алғанын айтты. Владислав оған айтқысы келгенінің бәрін айтқанын, іске қатысы бар адамдардың барлығының есімін атап, есімін білмейтіндерін ауызша сипаттап бергенін жеткізді. Бұған дейін Бас прокуратурадан басқа прокурор істі сұратып алған», – деді сотталушының анасы Светлана Ващенко.
Әйелдің айтуынша, соңғы 10 жылда Владислав «шын мәнінде не болғаны туралы бір сөз айтпаған, қазір бәрін айтып берген». Дегенмен 14 әріптесі мен қорықшының өліміне кінәлі деп танылған жігіттің туыстарымен сөйлесу уақыты шектеулі, 2-3 минут қана беріледі екен.
Айта кетейік, жақында Владислав Челах президентке жолдаған хатында тергеушілердің «қажетті айғақ алу үшін» өзін азаптап, психотроптық дәрі-дәрмек қолданғанын айтқан.
2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.
Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.
4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.
Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.
Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024