arasha.kz

Bek Air ұшақ апаты: Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен іс қозғалды

Бас прокурор Берік Асылов Алматы маңында Fokker-100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің (ААК) Астанадағы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Депутаттық сауалға жауап берген Бас прокурор 2021 жылдың қазан айында ААК мамандары Алматы әуежайының ұшу-қону жолағын тексергенін, онда аэродромды пайдалануға жарамдылық нормаларынан ауытқулар анықталғанын айтты. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою шартымен қолданылу мерзімін шектеу арқылы (2023 жылғы 20 сәуірге дейін) әуеайлаққа ұшуға жарамдылық сертификатын беру туралы шешім қабылданған.

«Қазіргі уақытта 23 тұрғын үйдің тікелей аэродром маңында орналасуына байланысты аталған заңбұзушылықтар жойылған жоқ. Сонымен қатар елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ААК қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің – «Қызметтегі әрекетсіздік», яғни 370-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. 2018 жылы Алматы аэродромына заңсыз ұшуға жарамдылық сертификаты берілген, соның салдарынан Fokker-100 ұшағының апатқа ұшырауына әкеп соққан. Лауазымды тұлғалардың әрекетіне тергеу қорытындысы бойынша баға беріледі», – деді Берік Асылов.

Ол сондай-ақ әуежайлардың айналасында құрылыс ережелерін бұзу еліміздің басқа қалаларында да анықталғанын атап өтті. Барлық тыйымдарға қарамастан, әуежай аумағында құстардың көп жиналуына себеп болатын 350 нысан бой көтерді. Оның үстіне, әуежайлар маңында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен рұқсат етілмеген полигондардың орналасуы әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты онсыз да тұрақсыз жағдайды нашарлатып жіберген.

«Мәселен, Алматы әуежайының аумағында осындай 10-нан астам нысан жұмыс істейді. Өз кезегінде Азаматтық авиация комитетінің рұқсатынсыз Шымкент әуежайының километрлік аймағында 1303 нысан салынды. Мұндай фактілер еліміздің барлық облыстарында (Қостанай облысынан басқа) анықталды, яғни 100 мыңнан астам түрлі құрылыс нысаны тиісті рұқсатсыз тұрғызылған», – деді Б. Асылов.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат 7.22-де Bek Air компаниясының Алматыдан елордаға ұшып шыққан Fokker-100 (№ Z2100 рейсі) ұшағы көтерілу кезінде апатқа ұшырап, бетон қоршауға, артынша екі қабатты ғимаратқа соғылған болатын.

Бортында барлығы 93 жолаушы болған ұшақ апатынан 12 адам қаза тапты.

Exit mobile version