27-09-22 |
1630 рет қаралған
Билікте көп отыруға болмайды– Тоқаев.
Билікте көп отыруға болмайды– Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде алдағы маңызды реформа – президенттің бір ғана мерзімге сайлануы туралы пікір білдірді, деп жазды Sputnik.

«Тағы бір аса маңызды реформа – президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін», – деді Тоқаев.

«Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді», – деп түсіндірді президент.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуы керек.

«Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», – деп толықтырды Тоқаев.

Оның пікірінше, жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет.

«Сондықтан кезектен тыс президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.