arasha.kz

Биыл Үкімет оралман квотасын азайтып тастады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша былтыр, яғни 2019 жылы 2 031 адамды қамтитын оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы берілсе, биыл оның саны 1 378 адам болып Үкімет қаулысымен белгіленіп отыр. Осылайша оралман квотасын алатын адамдар саны былтырғымен салыстырғанда 653-ке аз.

Жалпы алғанда, 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған екен. Ал биылғы 2020 жылы квота: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120 адамға беріледі.

Министрліктің берген мәліметтері бойынша, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге).

1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған екен.

Exit mobile version