arasha.kz

Бюджет қаражатын ысырап қылған шенеунік Грузиядан экстрадицияланды

Грузияның әділет министрлігі лауазымдық құзыретін асыра пайдаланғаны және 50 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап қылғаны үшін күдікті деп танылған Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарын ұстап беру туралы ҚР Бас прокуратурасының сұрауын қанағаттандырды.

Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікті қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органынан бой тасалаған, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген тұлға Грузияда анықталып, ұсталды.

«Грузиялық әріпестермен арадағы тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде бүгін Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанған әкелді», делінген ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Exit mobile version